Апта аяғы таяғанда қалаға қатынап жұмыс істейтіндер үйіне жетуге асығады. Одан қала берді білім алушылар да әрісі Арал-Қазалы, берісі Шиелі-Жаңақорған ауданына бағыт түзейді. Мұндайда олар теміржолдың бойымен асықпай жеткеннен гөрі, тас жолмен жүйткігенді құп көреді. Міне, осындайда қалааралық такси қызметіне жүгінуге тура келеді. Ал олардың арасында тізгінге тежеу беріп, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтамайтындар жиі кездеседі.
Соның салдарынан кейде оқыс оқиғаға тап болып жатады. Тіпті артынша қайғылы қақтығыстың да жаңалығы желдей еседі. Әрине бес саусақ бірдей емес. Мойнына жүктелген жауапкершілікке бей-жай қарамайтындар да бар. Шындығында оларға тағылатын айып қандай? Такси қызметіне де тәртіп қажет пе?
Рас. Ұлы жол бойындағы көлік қозғалысы әрқашан қауіпті. Баяу жүрген көлік көрмейсіз. Тығыз шаруа, белгіленген кездесу, жора-жақындарға асығу. Тезірек жүрмесек тіршіліктен қалыс қалуымыз мүмкін. Оның үстіне қытымыр қыстың таяп келе жатқанын ескерсек, ауа-райының қолайсыздығынан да қыршын жандар қиылып түсуде. Бұдан бөлек, төрт түлік малдың жолдан кесекөлденең шыға келуі жол апатын жиілетеді.
Шынымен кез келген көлік жүргізушісінен сұрап көріңіз, мұндай тәуекелдің нақ екенін айтып, сөзімізді құптайды. Қызылорда мен Қазалы арасында жолаушылар тасымалдайтын такси жүргізушісі Арман Оңдаған:
– Отбасымды асырау үшін халықаралық трассада жүйткіп жүргеніме 4 жылдан асты. Әрі-бері жолаушы тасымалдаймын. Жолда жылқы, түйе, сиыр алдымыздан шығып қалып жатады. Жай жылдамдықпен жүргеннің өзінде қою қараңғыда 5-6 метрден әрі жол шала көрінеді. Апатқа ұшыраған жағдайда мал иесін табу қиын. Жол жүру қауіпсіздігін бұзған олар үшін заң да бар шығар. Кешке жақын малдарын жолдан алысқа айдап, жайылымын ұзартса өзіне де, басқаға да зияны тимес еді, – деді.
ҚР «Автомобиль жолдары туралы» Заңының 20-бабында «Жалпыға ортақ пайдаланатын автомобиль жолдарын пайдаланушылар көлік құралдарын жол жүру қауіпсіздігін, жолдардың және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ететін жағдайда пайдалануға, сондай-ақ, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге міндетті» делінген. Сонымен бірге, ҚР Үкіметінің 1998 жылғы «Жол шаруашылығы құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру туралы» қаулысында «Автомобиль жолдарында: «….малды жол арқылы арнайы бөлінген жерден тыс, сондай-ақ тәуліктің қараңғы кезінде және жеткіліксіз көрінетін жағдайда айдап өтуге, малды төсемі жетілдірілген жолмен айдауға және оларды жолдың жолақ бөлігінде жаюға тыйым салынады» деп көрсетілген. Сондықтан малшылардың үстінен бақылауды күшейтіп, заңды басқа жағдайда емес, дәл осы тұста қатаңдату керек.
«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолындағы жантүршігерлік апаттың көпшілігі Қызылорда мен Ақтөбе қалаларының арасында болады. Мұның басты себебі – жолдың тар салынуы. Жер бауырлап келе жатқан автопойызды басып өту бұл аралықта мешел мұң. Он метрлік «фураның» соңынан «қарсы бағыттағы автокөлікті басып оза аламын ба?» деп сығалаған жүргізушіге ажал да сығалай қарайды.
– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жол апаты салдарынан он жылда 100 мыңнан астам азамат дүниемен қоштасады. Бұл – демографиялық өсімге ұмтылған еліміз үшін өте үлкен көрсеткіш. Ал біздің елімізде демографиялық саясатқа басымдық беріледі. Бірақ оны тежеуші фактормен күреспейді. Балалардың қауіпсіздігіне, дамуына тұтас жылды арнады. Дегенмен жол апатынан жылына 200 бала періште күйінде бақилық болады. 3 мыңнан астам түрлі жарақат алғаны БАҚ беттерінде жазылып жүр. Ересектердің өлімі де жанды жабырқатады. 12 айда 2500-ге жуық отбасы қара жамылатын көрінеді. Ендеше ұлы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қандай себеп керек? Төрт жолақты асфальт төсеп, оны мұз ерітуге қауқарлы ету, жол жиегіне қоршау салу өлім көрсеткішін бірнеше есе кемітер еді, – дейді Қазалы ауданының тұрғыны Нұрберген Төлеген.
Облыс орталығынан Батысқа апаратын Ұлы жолды кеңейту туралы мәселе кеше-бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Бұл жайында түрлі мінбер мен әлеуметтік желіде ұсыныс тастаудан талған азамат аз емес. Есесіне бұл мәселе де шешімін тауып келеді. Екі аралықты төрт жолақты қылу жоспары қолдау тауып, ендігі жұмысын бастауды күтіп тұрған секілді.
Бірін айтып, екіншісіне кетеміз ғой. Негізі Заң бойынша үлкен трассада ең жоғарғы жылдамдық сағатына жүз шақырымнан аспауы шарт. Үнемі сапарда жүретін жүргізушілер көзіне бұл үлкен жылдамдық болып көрінбейді. Бірақ алдынан мал шыға келсе, тізгін тартып, көлікті тоқтату қиынның-қиыны. Арнайы жол белгілері орнатылған десек те, иесіз кеткен мал күре жолдың бойында төбе көрсетпей қоймайды. Күндізгі уақытта қауіп-қатер төне қоймас, түнгі мезгілде жағдайды сол жолдың бойында жүрген жұрт жақсы біледі.
Есте болса, бірер жыл бұрын жол жиегінде жайылатын төрт түліктің мойнына жарық шағылыстырғыш «алқа» тағуды міндеттеу туралы заң жобасы қолға алынғаны туралы теледидардан жарыса көрсетті. Дегенмен сөз бен істің алшақтығы кезекті рет көзге ұрып отыр. Көлікке мініп, көп сапарға шығатын біздің өзіміз мал қағып кетуге сәл-ақ қалған кездеріміз көп болса да, аталған ерекшелікті бір рет те байқамадық. Әрине мұның себебі анық. Шаруашылық иелері үшін мыңдаған мал басына «алқа» тағу қажетсіз шығын көрінеді де, жергілікті атқарушы биліктің нұсқауын құлаққа ілмейді. Алда-жалда малы көлік апатына себеп болса, айыппұл арқалаған арқаға жеңіл түседі. Бұл еліміздегі кейбір заңның әлсіздігін де көрсетеді.
– Осы кәсіппен айналысып жүргеніме 6 жыл болды. Тұрғындарды Қызылордаға жеткізу, екі арадағы жолды тоздыру оңай емес. Күн демей, түн демей еңбек етіп жүргеніміз отбасының қамы. Шаңырақта барлығы маған қарап отырғандықтан, жағдайын жасау менің мойныма жүктелген. Көпшілік жолай болған жайсыз жайттарына бізді кінәлап, айыптағысы келеді. Бірақ қанша жол ережелерін сақтап жүргенімізбен алдымызда не күтіп тұрғаны бізге де беймәлім.
Мұнда барлығымыз бір отбасындай болып, әр жолға шыққан сайын, бір-бірімізге ақ жол тілеп, амандықта қалаға, қаладан ауданға жетуді тілеп отырамыз. Кенет жолда бірнәрсеге ұрынды десе, жанымызды қоярға жер таппай алаңдаймыз. Екі аралықтағы жолдың тар болуы да көп нәрсеге әкеліп жатады. Оған қоса төрт түліктің аяқасты жолдан шығып апатқа әкелуі да бар. Мұндайда мәселеге біржақты қарауға болмайды. Малына ие болмаған иесіне де бір шара қолданылса дейсің. Жұртшылық та бізді түсініп, барлығын қолдан жасап отырмағанымызды біліп жүрсе екен, – деген жанайқайын жеткізді жүргізуші Бекзат Бақберген.
Жол апаты орын алды делік. Мұндайда ең бірінші кінәні көлік жүргізушісінен іздейміз. Ал біз қағаз бетіне қалам түскеннен темір тұлпар тізгіндегендердің себептерін тізіп келеміз. Бұл пікірлермен де келісуге болады. Бірақ жол бойындағы жауапкершілікке жүрдім-бардым қарайтындарда көптеп кездесетінін жасыра алмаймыз. Қызылорда – Қазалы аралығында қатынайтын жандардың бірі ретінде менде мұндайды бір емес, бірнеше рет байқағанмын. Жолдың бойына әбден төселген жүргізушілер қай жерде бейнебақылау орнатылғанын білгендіктен сол жерде жылдамдықты түсіріп, ал қалған уақытта шамадан тыс асырады. Сосын бір қолы рөлде, бір қолы мен көзі ұялы телефонда. Мұны Арал ауданының тұрғыны Жанерке Қуатбаева да құптайды.
– Қызылорда қаласына бару үшін таксидің көмегіне жүгінеміз. Сондағымыз ертерек облысқа жетіп, шаруаларымызды бір жақты ету. Дегенмен кейде жылдамдықты асырып, әуеннің дауысын жаңғыртып қоятын жүргізушілерге кездесіп қаламыз. Жол үстінде ескерту айтсақ, оған мән бермей, үндеместік танытып, әрі қарай сол күйі жалғастыра береді. Әлсін-әлсін телефонға қарап, зәре-құтымызды қалдырмайды. Олар басты борыш жол ережесін сақтап, адамдардың амандығы екенін қаперлерінде мықтап сақтауы қажет. Осындайдың салдарынан жол бойындағы келеңсіздіктер орын алады, – дейді ол.
Мақала басында таксишілерге тәртіп қажет екенін тілге тиек еттік. 2024 жылғы заңға енген өзгерістерге тоқталсақ:
- Жылдамдықты 10-20 км/сағ арттыру: 5 АЕК немесе 18 460 теңге айыппұл;
- Жылдамдықты 20-40 км/сағ арттыру: 10 АЕК немесе 36 920 теңге айыппұл;
- Жылдамдықты 40 км/сағ және одан жоғары арттыру: 20 АЕК немесе 73 840 теңге айыппұл;
- Бір жыл ішінде ережені қайта бұзу: 30 АЕК немесе 110 760 теңге айыппұл.
Дәл осы секілді жолда ұялы телефон қолдану мен қауіпсіздік белдігін тақпаған үшін – 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды.
Қазақ дүниетанымында пенде пешенесінен асып, ешқайда кете алмайды. Қиындық пен қуаныш аралас өмірінің белгілі бір тұсында бұйырған дәм-тұзы таусылады да, мәңгілік мекеніне аттанады. Көнекөздер кәміл сеніммен айтатын мұндай даналыққа айтар уәжіміз жоқтың қасы. Дегенмен заман көшінен сәл кемшіл келе жатқан кейбір жауапты азаматтардың ісіне салғырттығы салдарынан жазықсыз жандарды ажал «әлдеқашан» бұрын алып кетіп жатқандай көрінеді. Заң күшейіп, тәртіпке шақырғанды естіп, көріп жатырмыз. Бірақ заңға пысқырып қарамайтындардың аға-көкеге сеніп, көкірегін көкке көтеріп, көпшілікті көрге тығып жатқаны қынжылтып қояды-ау…
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!