Фото: ашық дерекөзден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» науқаны 2024 жылдың сәуір айынан бері жалғасуда. Мемлекет басшысы бұл акцияны өткізудің маңыздылығын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында атап өтті. Себебі қоршаған ортаның жай-күйі ортақ жауапкершілікті қажет етеді.

– Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе, – деді Мемлекет басшысы.

Сын көтермейтін сандар

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, EPI 2024 қорытындысы бойынша Қазақстан экологиясы 180 ел арасында 47,5 баллмен 74-орынға ие болды. Қазақстан ластану деңгейі бойынша 111-ден 30-шы орында, «жа- сыл» өмір сапасы бойынша 78-ден 72-ші орын, ауаның ластануы бойынша ТОП-50 ел қатарында (131 елдің 40-шы орнында), климаттың өзгеруі бойынша тиімділік рейтингінде соңғы орын (64), экологиялық тиімділік бойынша 180 орынның 93-шісіне жайғасқан. Өкінішті, алайда ауаның ластануына байланысты жыл сайын ел аумағында 6-9 мың адамның мезгілсіз өлімі тіркеліп отырады.

3 мың полигонда 125 млн тонна қалдық жиналса, жыл сайын 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жинақталады. 2022 жылы 4,3 миллион тонна қоқыс жиналды, десек те оның тек 25,4%-ы қайта өңделген. Қазақстан қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 179 елдің ішінде 175-орында тұр. Полигондардың тек 20% -ы ғана нормаларға сәйкес.

2022 жылы қоршаған ортаны қорғауға 444 млрд теңге бөлінді. 8 млрд теңге энергия үнемдейтін технологиялар мен ЖЭК-ке, 113 млрд теңге ағынды суларды тазартуға, 3 млрд теңге ғылыми зерттеулерге, ал 107 млрд-ы қалдық проблемасын шешуге жұмсалды.

Жанданған жаңа бастама

Бүгінде басты мәселелердің бірі – ауаның ластануы. Бұған түрткі болатын маңызды факторлар – қоқыстардың жиналуы, каналдардың толып қалуы, көлік құралдарының шамадан тыс көп болуы. Бұл – тек біз байқайтын дүниелер. Айналаға салғырттық танытатын жандар аз емес, десек те Мемлекет басшысы айтқандай бұл ортақ абырой. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында көп өңір тазартылып, ел тұрғындары арасында экологиялық мәдениет қалыптасып келеді.

Еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асып жатқан бұл науқаннан ешкім тыс қалып жатқан жоқ. Экологиялық акцияның тиімді идеологиялық бірлестігін қалыптастыру мақсатында мынадай тақырыптық бағыттар ұйымдастырылды: «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ». Мыңдаған қазақстандық өз өлкесіндегі тазалық эстафеталарына қатысып, экологиялық жағдайды тұрақтандыруға талпыныс жасады. Өткен айда «АМАNAT» партиясы «Таза Қазақстан» науқаны аясында «Таза бейсенбі» экологиялық эстафетасын бастады. Сондай-ақ «Жастар рухы» Жастар қанаты науқан аясында «Таза Қазақстан» Road-эстафетасын ұйымдастырды. Мыңдаған волонтер Астана-Алматы тас жолы бойын тазалау жұмыстарынан бастап, бұл эстафета Қарағанды Балқаш, Жамбыл облыстарында жалғасын тапты.

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек осыған дейін экологиялық мәдениет пен азаматтардың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасы дұрыс қалыптаспай тұрғанын, оны шешудің маңызды екенін айтқан болатын. Ал осы жаңа жоба аясында олқылықтың орны толады деп үміттенетінін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын бастай отырып, бұл бір реттік акция емес екенін ерекше атап өтті. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар назардан тыс қалмауға тиіс. «AMANAT» партиясының мүшелері аталған науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысуда. «Жастар Рухы» жастар қанатының шамамен 4 мыңға жуық волонтері су тасқынынан зардап шеккен жандардың баспанасын ретке келтіруге көмектесті. Енді әр апта сайын ел аумағында түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысын ұйымдастырамыз. Осы мақсатта ластанған аумақтардың Картасы әзірленді. Ел азаматтары, өскелең ұрпақ табиғи өнім тұтынып, таза ауамен демалып, сапалы су ішкенін қаласақ, экологиялық сана мен мәдениетті қазірден қалыптастыруымыз керек. Оны ең алдымен өзімізден бастаған жөн. Сондықтан қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын барша қазақстандықты «Таза бейсенбі » акциясына қосылуға шақырамыз, – деді ол.

900 мың тоннадан астам қоқыс жиналды

Акцияға 2,4 миллионнан астам адам қатысты. Оның ішінде еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен кәсіпкерлер бар. Жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. 2,5 миллионға жуық жасыл желек отырғызылды. 20 мыңнан астам әлеуметтік нысанның аумағын тазарту, қоғамдық орындардың 4,6 мыңнан астам нысанын, саябақтарды, скверлерді абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. 300 мың шаршы метрден астам жабын материалы (плиткалар, төсеніштер және т.б.) жөнделіп, ауыстырылды. 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра объектілері (ескерткіштер, мәдени құрылыстар) және 758 субұрқаққа түзету жұмыстары жүргізілді. 40 мыңнан астам техника жабдықтары қамтылған науқан барысында 5,8 миллион шаршы метрден астам өзен, көл және басқа да су айдындарына, сондай-ақ 8,4 миллион метрден астам арық желісіне тазалау жұмыстары жүргізілді.

Бұл жоба Қызылордада қарқынды атқарылуда. Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен жалпы қызылордалықтар бұл акциядан тыс қалмай, аймақтың абаттануына үлес қосуда. Қызылорда облысындағы «AMANAT» партиясының филиал мүшелері қала тұрғындарындарына үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп, елді көркейтуге шақыру жұмыстарымен айналысуда.

Акцияның жұмысын оңтайлы ету мақсатында «Таза Қазақстан» арнайы онлайн платформасы іске қосылды. Әр салаға бөлінген қосымшада бекітілген операторлар, модераторлар мен орындаушылар тұрғындардан түскен өтініш негізінде дер кезінде шара қабылдап, халыққа қызмет көрсетуде.

Облыста науқанды ұйымдастыру үшін арнайы іс-шаралар жоспары құрылған. Бүгінде өңір аумағынан 13 мыңнан астам тонна қоқыс қалдықтары шығарылып, түрлі аудан-аймақтар тазарту, ретке келтіру жұмыстарынан өтті. Мәселен, тарихи-мәдени ескерткіштер, әлеуметтік, өнеркәсіп және бизнес нысандары, аулалар мен көше бойлары, су айдындары, скверлер мен парктер, субұрқақтар мен арықтар тазаланды. Мұның бәрін атқаруға 500-ден астам техника жұмылдырылып, көркейту-көгалдандыру үшін өңір климатын жерсінетін ағаштар отырғызылды.

Пікірлер легі сан алуан

Десек те таяқтың екі ұшы секілді, бұл жағдайда да екіжақты пікір туындап отыр. Науқан жалпы қолдау тапқанымен, оған түрлі пікір білдіргендер де бар. Атап өткеніміздей, жобаға қоғам белсенділері мен еріктілерден бөлек мемлекеттік қызметкерлер де қатысып жатыр. Заңды демалыс күні де акцияға қатысуға мәжбүр кейбір адамдар арыз-шағымын білдіріп, күннің ыстық мерзімінде бұл науқанның қолайсыздығын алға тартып әлек. Оның үстіне үйлердің алдына жүргізілген тазалық жұмыстарына қаланың кейбір тұрғындары наразылығын білдіріп, шағымдануда. «Тазалық сақтағандары дұрыс, бірақ әркім өз үйінің аумағындағы қоқысты тазаласын. Нәтиже болмаса, айыппұл төлесін. Бұл ортақ міндет, тек қана мемлекеттік қызметкерлердің мойнындағы жүк емес» деп пікір бөліскен екен әлеуметтік желі қолданушылары.

Не десек те, басталған науқан ел игілігі үшін. Жоғарыда атап өткен сандар немқұрайлылықты көтермейді. Қазақстанның дамушы елдер қатарынан қалыс қалып, нашар орынға тұрақтағаны алаңдатарлық жайт. Бұл мемлекетті де, халықты да бірдей алаңдатуы тиіс.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!