Арал тағдыры бүгінде әлемнің назарын аударып, үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Жыл сайын Аралдың қураған табанынан желге ілесіп, 100 миллион тоннаға жуық тұзды-шаңды ұйытқы жоғары көтеріледі. Шамамен 1,5 млн шаршы шақырымға, яғни алып қашықтықты қамтитын тұз шөгінділері адамзат денсаулығына орасан зиян келтіруде. Осы ретте біз жоба аясында Арал, Қазалы аудандарына барып, қоршаған ортаға айтарлықтай кері әсерін тигізетін тұзды шаңды азайту жұмыстарының барысын бақыладық.
Осындай экологиялық апат салдарын жеңілдету мақсатында соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері және халықаралық ұйымдар күш біріктіріп, Арал теңізінің құрғаған табанын орманға айналдыру жобасын қолға алды. Бұл бастама бұрынғы теңіз түбіне сексеуіл сияқты шөлге төзімді ағаштарды жаппай отырғызу арқылы жерді тұрақтандырып, тұзды шаңның таралуын азайтуды көздейді. Осы жобаның шығу тарихы мен мақсаты, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық тиімділігі, сондай-ақ алда тұрған қиындықтары мен сын-талдаулары қарастырылып, Қытай мен Африкадағы ұқсас бастамалармен салыстыра отырып, оның қаншалықты шынайы әрі ұзақ мерзімді шешім бола алатынын талдап көреміз.
Мәселенің мәнісін бағамдау үшін облыстың батысындағы қос ауданды бетке алдық.

Экожоба эволюциясына шолу
Арал теңізінің тартылуы әлемді бұл экологиялық апаттың зардаптарын жұмсартудың балама жолдарын іздеуге мәжбүрледі. Осылайша, 1990 жылдардан бастап құрғаған теңіз табанын өсімдік жамылғысымен жабу идеясы талқыланып, тәуелсіздік алған Қазақстан мен Өзбекстан оны жүзеге асыруға кірісті. Алғашында шағын пилоттық аумақтарда сексеуіл көшеттері отырғызылып, нәтижелері бақыланды.
Сексеуіл – Орталық Азияның шөлейт экожүйесіне тән, құм мен тұзға ерекше бейім делген бұта түрі. Ғалымдар дың зерттеулерісексеуілқұмды тоқтатып, шөлдің кеңеюін баяулата алатынын көрсетті. Сондықтан Аралдың кеуіп қалған ұлан-байтақ табанында қолдан өсірі летін орманның негізгі ағаш түрі ретінде сексеуіл таңдалды. Оған қосымша жүзгін, жантақ, тораңғыл және эфедра сияқты шөлге төзімді бұталар мен шөптесін өсімдіктердің тұқымы себілуде.
Қазір бұл бастама мемлекеттік бағдарлама деңгейіне көтеріліп, ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министр лігінің мәліметінше, 2021– 2023 жылдары Арал теңізінің қазақстандық бөлігінде 544,5 мың гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, көшеттер отырғызылған. Ал 2024 жылы қосымша 275 мың гектарға сексеуіл егу жоспарланып, жалпы орман алқабын 2025 жылға қарай 1,1 миллион гектарға жеткізу көзделген. Бұл бүгінгі цифр. Ал өткен күнге шолу жасағанымызда, соңғы 20 жылдан бері, тіпті одан да ерте уақыттан бері бұл жоба іске асып келеді. Ол деректер туралы сәл кейінірек тоқталамыз. Сол сияқты Өзбекстанда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2018–2023 жылдары өзбек тарапында Арал табанының 1,7 миллион гектарына жуық аумақта сексеуіл және басқа да шөл өсімдіктері отырғызылды. Екі ел орман мелиорациясы бағытында тәжірибе алмасып, бірге жұмыс істеуде. Атап айтсақ, 2021 жылы қазақ және өзбек мамандары Арал теңізінің табанындағы сексеуіл егу тәжірибелерін бөлісіп, үйлестірілген шаралар атқаруға келіскен. Жобаны жүзеге асыруға БҰҰ Даму бағдарламасы, Дүниежүзілік банк, ГЭФ (Ғаламдық экологиялық қор), Халықаралық Аралды құтқару қоры (IFAS), GIZ (Германия), USAID (АҚШ), Корея орман қызметі секілді халықаралық ұйымдар қолдау көрсетуде. Бұл – жергілікті экологияны қалпына келтіруге ғаламдық қауымдастық та мүдделі екенінің белгісі.

Жобаның басты мақсаты – Арал теңізінің ұланғайыр құрғаған табанын мүмкіндігінше өсімдік жамылғысымен жабу арқылы экологиялық апаттың зардаптарын жеңілдету. Атап айтқанда, ұшып жатқан тұзды шаңның көзін тоқтату, шөлейттенген жерді қайта құнарландыру, жоғалған флора мен фауна түрлерін қайтаруға негіз жасау. Сондайақ осы «жасандыорман» өңірдің климаттық ахуалын жұмсартып, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттырады деп күтілуде. Мысалы, сексеуіл отырғызылған алқаптарда желдің екпіні айтарлықтай төмендеп,нәтижесінде шаңды дауылдардың жиілігі мен қарқыны азаюда. Орман ағаштары атмосферадан көмірқышқылгазын сіңіріп, оттегі бөліп, ауаның құрамын жақсартады. Ғылыми деректерге сәйкес, бір гектар сексеуіл орманы жылына 1,135 тонна CO2 сіңіріп, 0,835 тонна оттегін бөліп шығарады. Ірі көлемде қолға алынған бұл жоба шөлейттенумен күресте табиғи тетіктерді пайдаланудың (яғни табиғатқа сүйенген шешімдердің) жарқын мысалы ретінде қарас тырылып отыр.
Жоғарыда Арал ауданына сапар жасағанымыз туралы тілге тиек еттік. Арал ұлтанына қадам басқанда мамандардан мұнда егілген сексеуілдің соңғы 20жылдағы саны қанша екенін сұрап көрдік.
2002 жылдан бастап Қызылорда облысы бойынша Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары кезеңкезеңімен жүргізіліп келеді. Ресми дереккесүйенсек, 2021 жылға дейін бұл аумаққа жалпы 188 825 гектар орман екпесі жасалған. Ал 2002 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта жүзеге асқан жұмыстардың жиынтық көлемі 134 030 гектарды құрайды. Оның ішінде көшет отырғызу арқылы егілген аумақ 77 635 гектар болса, тұқым себу арқылы көгалдандырылған жер көлемі 56 395 гектарды құрады. Бұл жұмыстар жергілікті бюджет есебінен де, халықаралық ұйымдар мен экологиялық қорлар арқылы да іске асқан. Атап айтқанда, жергілікті бюджет қаржысы есебінен 2006 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде Арал және Қазалы аудандарында көшетпен 15 600 гектар жер көгалдандырылған. Бұл аралықта көшеттердің жерсіну көрсеткіші жылына қарай 35 пайыздан 65 пайызға дейін құбылып отырған. Мысалы, 2006 жылы шығымдылық 65 пайызға жетсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 28– 30 пайыз шамасында ғана тіркелген. Тұқыммен себілген көлем бұл кезеңде 45 000 гектарға жетіп, оның орташа шығымдылығы 25–35 пайыз ара лығында болған. 2013 жылы – 29–32 пайыз, 2014 жылы – 31–32 пайыз, ал 2016 жылы – 27–28 пайыз аралығында жерсінгені көрсетілген. Халықаралық жобалар аясында да Арал табанын көгалдандырубағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Мәселен, Германияның техникалық ынтымақтастық агенттігі (ГТЗ) арқылы 2007–2008 жылдары 1250 гектар жерге көшет отырғызылып, оның шығымдылығы 30–35 пайыз аралығында болған. Ал Дүниежүзілік даму банкі қаржыландырған жобалар аясында 2010 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде 47 035 гектар аумаққа орман екпесі егілген. Оның ішінде 26 797 гектар жерге көшет отырғызылса, 10 295 гектар жерге тұқым себілген. Бұл жобадағы шығымдылық көрсеткіштері де біркелкі болмаған: кей аймақтарда 10–25 пайыз деңгейінде ғана сақталған. Сонымен қатар, Қазақстанның биоалуандығын сақтау қоры аясында жүзеге асқан Оңтүстік Корея жобасы бойынша 2021–2023 жылдары 13 300 гектар аумаққа сексеуіл көшеті отырғызылған. Алайда бұл жобадағы шығымдылық тым төмен. Кей бөліктерде небәрі 11–13 пайыз аралығында ғана болған.
Осылайша, соңғы жиырма жылдан астам уақытта Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру мақсатында ірі көлемдегі жұмыстар жүргізілді. Көшет отырғызу арқылы 77 635 гектар жер көгалдандырылып, ал тұқым арқылы 56 395 гектар аумақ қамтылған. Жалпы алғанда, бұл кезеңде жүзеге асқан орман мелиорациялық жұмыстардың жиынтық көлемі 134 030 гектарға жетіп отыр. Алайда бұл сандық көрсеткіштер жобаның тиімділігімен тұрақтылығын толыққанды сипаттап бере алмайды. Себебі егілген көшеттердің шынайы жерсінуі мен экожүйеге ұзақ мерзімді әсері жыл сайын әрқалай болып отыр. Деректер осылай дейді. Ал мамандар ше?

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Арал теңізінің табанын көгал дандыру жобасының мақсаттары, ғылыми негіздемесі мен қаржылық тетіктері туралы толығырақ білу үшін біз ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты Орман және өсімдіктер әлемін өндіру және пайдалану басқармасының бас сарапшысы Данабек Мейрамбекұлымен байланысқа шықтық. Салалық маман ретінде ол жобаның ұзақ мерзімді мақсаты Аралдың экологиялық апатын азайту, тұзды дауылдардың тарал уын тоқтату және шөлейтті аумақты табиғи тіршілікке бейімделген орман алқаптарына айналдыру екенін айтты. Маманның сөзінше, бір ғана сексеуіл түбі 10нан 100 тоннаға дейін құмды ұстап тұру қабілетіне ие. 2021–2024 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған табанында 475 мың гектарға орман тұқымдары себіліп, 197 мың гектарға табиғи өсуге ықпал ету шаралары жүргізілген. Бұл жұмыстар 1980жылдары Қазақ орман шаруашылығы ғылымизерттеу институтының бастамасымен қолға алынған ғылыми жобаға негізделіп жүзеге асуда.
– Жобаға бөлінген қаржы көлемі де айтарлықтай. 2021–2023 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджеттен 6,1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қаржының жұмсалуы – орман отырғызу, тұқым себу, тасымалдау, еңбек ақы, іссапар және материалдық шығындарды өтеуге бағытталған. Қаражаттың мақсатты әрі тиімді игерілуін министрлік пен облыстық әкімдік өкілдері бақылап отыр. 2024 жылы республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмағанымен, орман отырғызу жұмыстары «ҚазМұнайГаз», «Қазатом өнеркәсіп» және «КАТКО» секіл ді ұлттық компаниялардың қол дауымен жалғасқан. 2025 жылға да қосымша инвесторлар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді сарапшы Данабек Алпамыс.
Айтуынша, бүгінде Арал орманжобасы ғылыми сүйемелдеумен қатар, нақты экологиялық мониторингке де негізделген. Көктемгі және күзгі түгендеулер арқылы отырғызылған ағаштардың жерсінуі, топырақтың өзгерісі және фаунафлораның жандануы қадағаланады. Маманның айтуын ша, бүгінде Арал табанындағы 371 мың гектар орманды алқап тіршілік ошағына айналып келеді. Онда сексеуіл мен сарсазан арасында кеміргіштер, жыландар, құстар мен қояндар, тіпті құландар да кездесіп жатыр. Мұндай жануарлар биоалуантүрлілікпен қатар топырақ қабатын қалыптастыруға да оң әсер етеді. Қазірдің өзінде аймақтабұлақтар қазылып, резерваттық мәртебе беру бағытында 2025–2027 жылдарға жоспарланған «Арал орманы» атты табиғи қорық құру жұмыстары басталып кеткен.
Арал теңізінің құрғаған табанын орманға айналдыру жобасын ғылыми қауымдастық экожүйені қалпына келтірудің кешенді және кешіктіруге болмайтын тәсілі ретінде бағалап отыр. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» білім беру бағдарламасы бойынша қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Далдабаеваның айтуынша, бұл бастама – тек экологиялық емес, сонымен қатар климаттық, географиялық, биологиялық және әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі. Ғалым Арал теңізінің ұлтаны – адам әрекетінен шөлге айналған ең ірі аймақтардың бірі екенін, ондағы топырақ құрылымының әркелкі екенін айта келіп, сортаң жерлерге тікелей орман егілмегенімен, оларды шеткі орман белдеулерімен қоршап, дефляцияны тежеуге болатынын атап өтті.

– Сексеуіл, сарсазан, қара барақ сияқты галофитті өсімдіктердің тамыр жүйесі жел мен тұз көшкіндерін бәсеңдетіп, микроклиматты тұрақтандыра алады. Бұл тек теория емес, 1980жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан халықаралық зерт теулермен дәлелденген. Соңғы жылдары геоақпараттық жүйелер мен спутниктік бақылау негізінде теңіз табанындағы құм жылжуы, топырақ тұздануы және эрозия үдерістері жүйелі зерттеліп келеді. Сонымен қатар, селекциялық тұрғыдан тұзға төзімді өсімдіктерді егу мен олардың өсу динамикасы туралы нақты ғылыми бақылаулар бар, – деді ол.
Ғалымның мәліметінше, сексеуіл орманы жел жылдамдығын 30–50 пайызға дейін төмендетіп, құм ұшуы мен эрозияны тежейді. Ал оның тамыр жүйесі 15 метр тереңдікке дейін жетіп, жер асты суларының тұзын жер бетіне көтерілуден сақтайды. Бұл процестер өз кезегінде егіншілік жерлердің өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Жасыл желек желдің бағыты мен жылдамдығын өзгертіп, Сырдария бойындағы ауыл шаруашылығына жанама оң әсерін тигізуі мүмкін.
Диссертациялық жұмысында осы тақырыпты зерттегенғалым, фитомелиорация – яғни құрғаған табанды шөлге төзімді өсімдіктермен көгалдандыру әдісі – климаттық тұрақтылыққа, топырақ сапасын арттыруға және биологиялық әртүрлілікті жандандыруға нақты үлес қоса алатынын алға тартады. Бұл тек тұз шаңы мен құм көшкіндерін азайтуға ғана емес, сонымен қатар жергілікті жайылымдық әлеуетті қалпына келтіруге де жол ашады.
Ғылыми қауымдастық бұл жобаға негізінен қолдау білдіріп отыр. Отандас ғалымдармен қатар, әлемдік деңгейдегі зерттеушілер де бұл бастаманың нәтижелі болуына ғылыми үлес қосуда.
Мәселен, шөлге бейімделген өсімдіктердің биофильтрлік қасиеті – желмен таралатын тұзды шаңды ұстап қалу, микроклиматты реттеу және биоалуантүрлілікті арттыру – орман отырғызу арқылы шөлейттенуге қарсы тиімді тосқауыл бола алатынын көрсетіп отыр. Сондықтан бұл жоба табиғаттықорғау саласындағы ұзақ мерзімді ғылыми негізделген шешім ретінде мойындалуда.

ШЕШІМ НЕДЕ?
Арал теңізі ұлтанындағы көгалдандыру жобасының келешегі тек жергілікті тәсілдермен шектелмеуі тиіс. Бүгінде Өзбекстан, Израиль және Қытай сияқты шөлейтті аймақтарда экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру мақсатында кеңінен қолданылып жүрген тамшылатып суару, автоматтандырылған мелиорация- лық жүйелер мен ақылды агротехнологияларды Арал жобасына бейімдеу – уақыт күттірмейтін қажеттілікке айналып отыр. Бұл әдістер көшеттердің жерсіну көрсеткішін едәуір арттырып, ылғал тапшылығы бар аумақтарда өсімдіктердің өміршеңдігін қамтамасыз ете алады. Сондықтанда алдағы уақытта халықаралық тәжірибелерді ғылыми негізде сараптап, оларды Арал жобасына енгізу жолдарын қарастыру – орман мелиорациясының жаңа сатыға көтерілуіне сеп болмақ.
Сонымен қатар, жобаның тиімді жүзеге асуы тек экологиялық тетікке емес, жергілікті билік пен орталыққұзырлы органдардың шынайы саяси еркіне де тікелей байланысты. Бұл тұрғыда Халықаралық Аралды құтқару қоры сексеуіл егу және табиғи ортаны қалпына келтіру бағытында бастап кеткен тиімді жұмыстарын жүйелі жалғастыра алуы үшін мемлекеттік қолдау тұрақты сипатта болуы керек. Халықаралық донорлар мен Қазақстан үкіметі арасындағы әріптестік тек жобаның қаржылық жағын қамтамасыз етіп қана қоймай, оның қоғамдық қолдауға ие болуына да жол ашуы тиіс. Себебі қоғам назарын осы іске бағыттау арқылы ғана жоба ұзақмерзімді серпін алып, тұрақты экологиялық жаңғыру тетігіне айналады.
Арал теңізінің құрғаған табанын орманға айналдыру жобасы – бүгінгі күннің ең ауқымды және тарихи мәні бар экологиялық бастамаларының бірі. Иә, тартылып кеткен теңіздің орнына су қайта келмес, бірақ соның орнынан жаңа өмір – жасыл ормантұрғызуға талпыныс жасалуда. Бұл әрекет – бір кездері табиғатқа келген зорлықтың орнын табиғаттың өз заңымен, төзімділігімен толтыру талпынысы. Ендеше бұл жай жоба емес – ұлттың табиғат алдындағы ұжданды әрекеті.
Жобаның нақты нәтижелері де жоқ емес. Арал аудандық әкімдігінің мәліметінше, 2021 жылдан бері Арал теңізінің құрғаған аумағында 790 мың гектардан астам жерге орман мелиорациясы жүргізілген. Оның ішінде тек 2021 жылы 1,8 миллион дана сексеуіл көшеті егілген. 2023 жылы 64 мың гектар, ал 2024 жылы 65 мың гектарға жуық аумақ көгалдандырылып, қатарынан бірнеше аудан қамтылған. Әлбетте, кей жылдары шығымдылық 4–9 пайыз деңгейінде ғана болғанымен, бұл – табиғаттың қатал жағдайында жүріп жатқан жұмыс. Ең бастысы – жоба жыл сайын ілгері басып келеді.
Жергілікті тұрғындар бұл бастаманың нақты игілігін сезіне бастады. Кезінде көзіне тұз беншаң кіріп, жел өтінде жүрген жұрт енді көлеңке, жұмыс және тыныс тапқандай. Бұл – табиғатпен күресу емес, табиғатпен келісу жолы. Әрбір егілген сексеуіл – бұрынғы апаттың орнын толтырар үміттің тамыры іспеттес.

Әрине, алда ұзақ жылдарға созылатын күрделі міндеттер тұр. Бірақ Қытай мен Африка елдерінің шөлді өңірлерде орман өсіру тәжірибесі көрсеткендей, тұрақты қаржыландыру, ғылыми негізделген агротехнологиялар, жергілікті халықтың қатысуы және халықаралық әріптестік бұл жобаны нәтижелі етуге мүмкіндік береді.
Арал теңізінің құрғаған табанына жету – аса күрделі әрі төтенше дайындықты талап ететін іс. Себебі бұл аймаққа апарар көлік жолдары жоқтың қасы. Ал жоба нысандарына жету үшін арнайы техника мен жолсызбен жүруге бейімделген көліктер қажет. Осы себепті жобаның жүзеге асу барысына жасалатын мониторинг те шынайы және тұрақты деңгейде жүргізіліп отыр деп айту қиын.
Мәселен, кей жағдайда сападан бұрын санға жұмыс істейтін мердігерлер мен тапсырыс орындаушылар, егілген көшеттердің шығымдылығы мен жерсінуіненемқұрайды қарап, тек формалды есеппен шектеліп жатады. Бұл – табиғатпен жұмыс істейтін жоба үшін аса қауіпті үрдіс. Салдарынан нақты нәтиже бермейтін, бірақ есепте «орындалған» болып көрінетін жұмыстар көбейіп, жобаның ұзақмерзімді тиімділігіне көлеңке түсіруі мүмкін.
Осы ретте облыстық әкімдік пен орталық атқарушы органдар бұл мәселені қаперге алып, Аралжобасының сапалы жүзеге асуына арналған арнайы мониторингтік топтың жұмысын жүйелі түрде жандандыруы қажет. Бұл топ тек есепке емес, нақты нәтиже мен жердегі жағдайға негізделген бақылау жүргізуі керек. Сонда ғана жоба шынайы серпін алып, табиғи тепе- теңдікті қалпына келтіру жолындағы игі бастамалар бос уәдеге айналмай, нақты экологиялық жаңғыруға ұласады. Шешім – сол.
Ең бастысы – бұл жоба табиғатты қалпына келтірудің үлгісін жасауға бағытталған. Жоба әлі толық нәтижесін берген жоқ. Бірақ оның алғашқы нәтижелері мен қоғамның үн қосуы – бұл бағыттың тиімді әрі үмітті екенін аңғартады. Аралды орманмен қайтару – адам мен табиғат арасындағы жаңа сенімнің бастауы болмақ.
Азамат АБИМОЛДА Бұл материал шешім журналистикасы жанрында SolutionsJournalismLab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!