Кейінгі жылдары «дроппер» деген ұғым қаржы нарығының да, цифрлық кеңістіктің де, жалпы алғанда қоғам тыныштығын қашырған жаңа құбылысқа айналды. Бір қарағанда жылдам табысқа бастайтын оңай жол секілді көрінетін бұл жүйенің арғы жағында күрделі алаяқтық схема, қаржы ізін жасыру тетіктері мен киберқылмыстың жаңа буыны бар.

Дропперлер – қарапайым азаматты да, банк секторын да, тіпті мемлекеттік бақылау механизмдерін де әлсірететін қауіпті ойыншылар.

Ең өкініштісі, көпшілік әлі күнге дейін дропперлік жүйенің қалай жұмыс істейтінін, оның кімге қызмет ететінін және қандай құқықтық, қаржылық қауіпке жол ашатынын толық түсінбейді. Бірі оны жай ғана интернеттегі делдал ретінде көреді. Шындығына келгенде дәл осы схема қаржы қауіпсіздігіне төнген жүйелі қатер мен қоғамдағы сенім институтын құлататын көлеңкелі механизмге айналғаны қашан. Ал алаяқтардың дәл осы ақпараттық олқылықты тиімді пайдаланып отырғаны айдан анық.

Бірден заңнан бастауды жөн көрдік. Биыл 16 қыркүйектен бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұндай бастаманың өзі мәселенің ауқымын айқындап тұрғандай.

− 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін жауапкершілікті қарастыратын жаңа 232-1-бабы енгізілді. Банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның ішінде материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеттері дропперлік болып саналады, − деп хабарлаған еді Ішкі істер министрлігі.

Бұл бап бойынша 160 АЕК, 50 тәулікке дейін қамау, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру секілді жаза бар. Нақтыласақ, банк шотын, төлем құралын немесе сәйкестендіру дерегін заңсыз беру ісіне 160 АЕК дейін айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамау түрінде жаза көзделген. Мүлікті тәркілеу шарасы да қолданылуы мүмкін. Елеулі мөлшерде заңсыз пайда алған жағдайда жаза 3 000 АЕК-ке дейінгі айыппұлға немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға күшейтіледі. Үшінші тұлғаның атынан заңсыз төлем немесе ақша аударымдарын жүзеге асыру – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Дропперлік схемаларды ұйымдастыру, яғни өзгенің шотын заңсыз пайдалану мақсатында құжаттарды не шоттарды сатып алу ісі үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Заңгер Азамат Маратпен байланысқа шығып, маманның пікірін білдік.

− Расымен интернет-алаяқтық қылмыстарымен байланысты «дроппер» деген жаңа ұғым пайда болып, өзекті мәселенің біріне айналды. «Дроппер» дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда, интернет-алаяқтарға көмек көрсетуші немесе интернет-алаяқтық қылмысына қатысушы деген мағынаны білдіреді. Яғни алаяқтар жәбірленушінің шотындағы қаражатты дропперлер арқылы шетелдік есепшоттарға аудартып алады немесе банкоматтардан қолма-қол шешкізеді.

Алаяқтарға көмек көрсететін «дропперлерге» қатысты Қылмыстық кодексте жаңа бап енгізіліп, санкциясында кінәлілерге қатысты, жүз алпыс айлық есептік көрсеткіштен бастап, шамамен 629 120 теңге, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған.

Мұнан бөлек, арызданушылар осы «дропперлерді» Азаматтық Кодекстің 953-бабына сәйкес сотқа беру арқылы өзіне келтірілген шығынды толықтай өндіріп алуға құқылы. Дроперлерге қатысты тағы бір шектеу – олардың есепшоттары бұғатталып, тергеу барысында толық мән-жай анықталғанға дейін бұғат шешілмейді. Ең соңында, жеке ақпарат анықтамасында, қылмыстық жауапкершілікке тартылған деген мәлімет қалыптасатын болады.

Тағы да қайталағанымыз жөн, банк шотын, төлем құралын немесе сәйкестендіру құралын заңсыз беру, сондай-ақ төлемдерді немесе ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру ісі анықталса, қылмыстың ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай мүлікті тәркілей отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырылады.

Ескерту! Аталған бапта егер адам алғаш рет дропперлікке қатысты құқық бұзушылық жасаған болса, өз еркімен мойындап, құқық қорғау органдарына көмек көрсетсе және әрекеттерінде басқа қылмыс болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін, − дейді заңгер.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары да сақ болуды ұсынады.

Мамандардың айтуынша, алаяқтың арбауына түскен азаматтар SIM карта, WhatsApp, Telegram желілерін де өз аттарына тіркеп береді екен. Әдетте алаяқтар Telegram, Instagram, Facebook секілді әлеуметтік желіге жұмыс туралы жарнама салады. Ал жұмыс бойынша байланысқа шықсаңыз еңбек шарты оп-оңай көрінеді. Сіз есепшотыңыздың реквизитін ұсынасыз, ал олар әр аударымнан 5 мыңнан 50 мың теңгеге дейін ақша төлеп отыруға уәде береді. Енді шындығына келер болсақ, қылмыскерлер сіздің банк шотыңызды алданған басқа азаматтардан немесе есіртікі қылмыстарынан түсетін заңсыз қаражаттар үшін қолданады.

Заң жағын түсінгендейміз. Ұғымның өзіне қайта келсек, дроппер – алаяқтардың заңсыз жолмен алған ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылатын адам. Олардың міндеті де сол. Дропперлер ақшаны аудару, қолма-қол ақшаға айналдыру секілді жұмыстарды орындайды.

Егер алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дропперлікке қатысты ақпаратыңыз болса «102» жедел желісіне хабарласу қажет немесе жақын жердегі полиция бөлімшесіне арыз беріңіз.

Заң күшейді. Десе де арбау мен алдау тыйылмады. Оған БАҚ-тағы ақпарат дәлел. Мысалы Алматының өзін алсақ. Биыл маусымда Алматы облысының тәртіп сақшылары шамамен 250 миллион теңге көлемінде залал келтірген ауқымды интернет-алаяқтық схемасын әшкереледі.

− Ұйымдастырушы небәрі 19 жаста, Алматы облысының тұрғыны. Тергеу мәліметінше, ол қылмыстық схемаға 2023 жылдың қазан айынан бері қатысқан. Алдымен қарапайым «дроп» ретінде бастаса, 2024 жылдың маусымынан бастап дропперлерді басқаруға көшкен. 2025 жылдың қаңтарынан бастап куратор ретінде әрекет етіп, үш дропперді басқарып келген, − деп хабарлады. Алматы облысының полиция департаменті.

Полиция мәліметінше, ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін алаяқтар 50-ден астам жалған тұлғаға рәсімделген банк қосымшалары бар 30-дан астам мобильді құрылғыны пайдаланған. Сондай-ақ ноутбук, ресейлік байланыс операторларына тиесілі 11 SIM-карта мен шетелдік қаржы ұйымдарының банк карталары тәркіленген.

Мұнан бөлек, Орал қаласында 18 жастағы жігіт өз төлем картасын қылмыстық топқа беріп, олар екі ай бойы есірткі сатумен байланысты қаржылық операциялар үшін пайдаланған. Күдікті ұсталып, кінәсін мойындады. Семейде 23 жастағы тұрғын өз банк картасын үш ай бойы есірткі сатудан түскен ақшаны шығаруға қолдануға рұқсат еткен. Атырау облысында да 21 жастағы бойжеткен өз картасына 400-ден астам ақша аударымын жасауға рұқсат еткен. Қаржы есірткі саудасынан түскен.

Соңғы дерекке сәйкес, көлеңкелі экономикамен күрес жұмыстарына жасанды интеллект те қосылды. Бас прокуратураның мәліметінше, «Crypto Trace» және «ProkAi» жүйелері арқылы үш айдың ішінде 2 мыңнан астам дроппер анықталып, 15 мың күмәнді есепшот бұғатталған.

Сонымен қатар мамандар әлеуметтік желілерде жиі кездесетін бейнероликтер мен жарнамалардың бір бөлігі жалған екенін ескертеді. Алаяқтар елге танымал тұлғалардың бейнесін пайдаланып, «инвестиция сал», «қаржыларыңызды қайтарып береміз» деп алдайды.

− Біріншіден, интернет алаяқтар қоңырау шалғанда орыс тілінде сөйлейді. Сондықтан қазақ тілінде жауап берсеңіз олар сізді түсінбейді, яғни әрі қарай сөйлесуді жалғастырмай, байланысты үзген жөн. Бұл алаяқтардың құрығына түспеудің ең басты шарты десек болады.

Қазіргі кезде алаяқтық қылмыстардың 70%-ы SMS код арқылы басталады. Алаяқтар кодты алдын ала жібереді, кейін қоңырау шалып, орыс тілінде «Пошта арқылы зат келіп тұр», «SIM карта мерзімі өтіп тұр», «Емханаға тіркелу қажет», «Су-жарық жүйесіндегі қарызды төлеу керек» деп алдаудың түрлі тәсілін қолданады.

Көп азамат осы кезде SMS кодты айтып қояды. Артынша басқа нөмірден қоңырау шалып, өздерін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады да, «Сіз кодты айтып қойдыңыз, атыңыздан несие рәсімделіп жатыр» деп қорқытады. Көп жағдайда адамдар қорқып, алаяқтың барлық нұсқауын орындап, аттарына несие рәсімделуіне жол береді.

Естеріңізде болсын: SMS код арқылы ешқашан несие алынбайды. Несие алу үшін міндетті түрде фото немесе видеоверификация қажет. Ал SMS кодты сұрау тек алаяқтардың қорқытып алдау айласы, − деп түсіндірді заңгер Азамат Марат.

Осы қарапайым сақтық шараларын білу арқылы өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардың құрсауынан қорғауға болады. Сақтансаң − сақтайды…

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!