Фото: ашық дереккөзден
Ашық аспан астында араздыққа ұшырасып, бейбіт өмірдің берген бағына жете алмай жүрген жандардың жылдан-жылға саны артып, қарасы көбейді. Осынау дамыған заманда әлемдегі кейбір елдер соғыстан қасірет көріп келеді. Бейғам өмірдің шырқын бұзатын тек елдер арасындағы соғыс емес, сондай-ақ діни және өзге де бағыттағы террористік ұйымдар.
Терроризм – диверсия
Терроризмнің пайда болуының негізгі себептерін саяси, әлеуметтік-экономикалық, экономикалық, діни, рухани деп бөлуге болады. Терроризм сөзін естігенде әуелі дін туралы ойлаймыз. Бұған себеп көп. Адамның жанын шыбын көрмейтін баскесер ұйым да аз емес. Бүгінде Иран, Сирия, Ауғаныстан, Нигерия, Йемен, Ливия және Пәкістан елдері бұл залалдан көз ашпай келеді.
Зорлық-зомбылық қылмыстарының ең қауіпті түрі – терроризм мен экстремизмнің экстремалды көрінісі. Психологиялық тұрғыдан терроризм қоғамдағы психологиялық тепе-теңдіктің, адамдардың тыныш өмір сүруінің бұзылуымен, жалпыға бірдей алаңдаушылық пен қорқыныштың пайда болуымен, қауіп-қатерді күтумен және қоғамдық өмірдің тұрақсыздығымен қауіпті. Мемлекеттің ішінара тұтастығына зиян келтіретін мұндай қылмыс еліміздің қоғамдағы абыройын, бірлігін, тұтастығын жоғалтуына әкеледі.
Мемлекет бұл қылмыстың алдын алу үшін түрлі іс-шараны жүргізіп, қылмыстық топтар мен олардың ойластырған жоспарларын болдырмауға тырысуда. Сондай-ақ мұндай жағдайға тап болған кезде қалай қорғану керектігін жиі ақпараттандыру арқылы жүзеге асырып отыр.
– Бірінші кезекте терроризмге қарсы күресті жүргізу үшін барлық объектілерін күнделікті техникалық тұрғыда қамтамасыз етіп, түрлі қауіпсіздік құралдарымен жетілдіру қажет. Екінші кезекте, аймақтағы барлық білім беру, медицина және де өзге сала бойынша жұмыс істейтін мекеме қызметкерлерінің терроризмге қарсы мәдениетін, білімін арттыру қажет. Террористік шабуыл туралы сигналдар түскен кезде зейінді жоғалтпау, өткізу режимінің ережелерін қалай сақтау керектігі, қалай дұрыс эвакуациялау, ғимараттардан қалай дұрыс шығу, қалай қауіпті жою керек – мұның бәрі біз білу керек дүниелер. Ал күнделікті өмірде қырағы болып, яғни басқаларға, күдікті адамдарға, сенімсіз құжаттарға қатысты қарапайым дүниелерді уақтылы анықтау, оны хабарлау және қауіпсіздік шараларын ешқашан назардан тыс қалдырмау барлығымыздың міндетіміз, – дейді әскери жұмылдыру және терроризмге қарсы жұмыстар қызметінің басшысы Ғалымжан Жармаханов.
Әлемге төнген қауіп
Ашық дереккөз мәліметіне сүйенетін болсақ, 2000 жылдың басынан бері әлемде 72 мыңнан астам террористік акт орын алып, 170 мыңға жуық адам жапа шеккен. Ең ауқымды террористік шабуыл 2001 жылдың күз мезгілінде АҚШ-та орын алды. «Әл Каида» ланкестік ұйымы өз мойнына алған бұл апатта 3 мыңға жуық адам жантәсілім етіп, тарих беттеріндегі жойқын шабуыл ретінде сақталды. Мұндай жағдай американдықтардың елінде өте жиі орын алады. Сонау 23 жыл бұрын болған Егіздер мұнарасындағы терактіден кейінгі ауқымды қанды қастандық Ресей, Үндістан, Испания секілді алпауыт мемлекеттерде болды. Шабуылдардың басым бөлігі діни сипатта болғанымен, өзге де мақсатта орын алады.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың наурыз айында жүздеген адамның өмірін ұрлаған «Крокус Сити Холл» концерт залында террористтік акт шабуыл болды. Мақсаты – жазықсыз және бейбіт қала тұрғындарын жаппай өлтіру деп танылды. Терактінің жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» – «Вилаят Хорасан» халықаралық террористік ұйымының Ауған тарауы өз мойнына алды. Шабуыл ату, ұру, өртеу, жарылыс секілді әрекеттерді қоса отырып, нәтижесінде 145 адам қайтыс болды. Күні кеше АҚШ-та өткен сайлауалды митингте президенттікке кандидат Дональд Трамқа оқ атылды. Бұл да бір қасақана жасалған қатыгездіктің түрі емес пе?
Қазақстандағы терроризмге тұсау қойылды ма?
Бұл қатер бізге де таңсық емес. Деструктивті діни ағымдар мен діни терроризмдердің көрінісі біздің де елде орын алды. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, бүгінге дейін 18 теракті орын алып, 106 адам қайтыс болған.
2016 жылы Қазақстанның екі өңірінде жойқын террористтік акт болды. Бұл орын алған қайғылы оқиғалар күллі қазақ халқын дүр сілкіндірген үлкен сынақ болды. Тіпті бұл жағдай әлем назарын аудара алды.
2016 жыл, 5-маусым. Ақтөбе. Рамазан айының қарсаңында орын алған атыста 25 адам қайтыс болды. Оның 18-і қасқөйлер. Тапа тал түсте басталған атыста 4 тұрғын және үш әскери қызметкер жан тапсырды. Тергеу кезінде қылмыстық топтың негізгі мақсаты болмағаны анықталған. Олар қаруланып Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі ғимаратына, одан кейін түзету мекемелері мен мемлекеттік органдарға шабуылдауды көздеген.
18 шілде. Алматы. 10 адам қаза тапқан лангестік шабуылдың қылмыскері Руслан Күлекбаев. Қайтыс болғандардың көбі полиция қызметкерлері болды. Оның мүлкі тәркіленіп, өлім жазасына кесілді. Десек те 2021 жылы өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты Күлекбаев өмір бойына бас бостандығынан айырылады.
Өткен жылы алғаш рет сұхбат берген ол қайтыс болғандардың туыс-туғанынан кешірім сұрап, көз жасына ерік беріп, өкінішін жасырмады. «Мен адастым» деген Руслан бүгінде қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуде. Өткен жылдың статистика мәліметтері бойынша Қазақстан терроризм актілерінің жиілігімен 93-ші орынға тұрақтаған. Сондай-ақ бүгінде экстремистік және террористік қылмыстар үшін 340-тан астам адам бас бостандығынан айырылған.
Қандай жаза беріледі?
Бүгінде қамаудағы қылмыскерлердің көбі 5 жылдан 8 жылға бас бостандығынан айырылғандар. Сондай-ақ 15 жылдан 20 жылға дейін, тіпті өмір бойы бас бостандығынан айырылған азаматтар да бар. Олардың көбі 30 жастан асқан, арнаулы және орта білімі бар азаматтар. Бүгінде терактіге қатысты жалған ақпарат таратып, үрей туғызатын «әзілқойлар» көбейді. Олар үшін де заң бар. Терроризм актісі туралы жалған ақпарат берген азаматтар 5000 АЕК көлемінде (18 млн теңге) айыппұл төлеуге немесе бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Терроризм актілері көбіне психологиялық тұрғыдан тұрақтылық болмаған жағдайда орын алады. Оның алдын алу үшін ойлау және дұрыс әрекет ету дағдысы енді қалыптастып келе жатқан балаларды ақпараттандырып, бұл қылмыстың қаншалықты ауыр екендігін ұғындыру қажет. Дереккөздегі мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда кәмелетке толмаған 2 жасөспірім терроризмді насихаттау немесе терроризм актілерін жасауға жариялы түрде шақырғандығы үшін қамауға алынған.
Сондай-ақ бұл қауіптен сақтану үшін бірқатар мемлекеттік бағдарлама қолға алынды. Атап айтқанда, ҚР-да діни экстремизим мен терроризмге қарсы іс қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама. Мақсаты – адамның, қоғамның және мемлекеттің діни экстремизмнен туындаған зорлық-зомбылық пен терроризм қаупінен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Терроризм – төрткүл дүниеге төнген қауіп. Ол тек дінге ғана қатысты емес, қоршаған орта мен қоғамның бір-біріне деген қатынасынан да туындайтын дағдарыс. Сол себепті күмәнді және қауіп тудыратын әрекеттен, адамдардың өміріне қатерін тигізетін істерден аулақ, ал өзіміз сақ болайық.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!