Елімізде төтенше жағдай салдарынан орын алатын қайғылы оқиға азаяр емес. Әсіресе 8 маусым күні Абай облысының аумағында тұтанған тілсіз жауды ауыздықтау қиынға соғып жатыр. Өрт сөндіру жұмыстары оңтүстік, батыс және шығыс бағыттарында жүруде. Оған 1561 адам, 320 бірлік техника, оның ішінде 11 тікұшақ жұмылдырылған. Өрт басталғаннан бері әуеден барлығы 777 рет екі мың тонна су да төгілген. Бірақ нәтиже көңіл көншітер емес. Тілсіз жауды ауыздықтауға жұмылдырылған 14 орманшының қазасы қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырды. Тағы бір азаматты жақындары жанұшыра іздеп әлек. Ал үш ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланған. 12 маусым Семей орманындағы алапат өрттен қаза болғандарды аза тұту күні болып жарияланды.

«Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын»

Деректерге сүйенсек, жалын шарпыған аумақ 60 мың гектардан асып кеткен. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті өңірді түтін басуына байланысты тұрғындарға ескерту жасағанының өзі жағдайдың мәз еместігін аңғартты. Үкімет те үнсіз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дереу оқиға орнына жұмыс сапармен барып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті. Осы кездесуде Президенттің Абай облысына келуіне орай жолдың жедел жөнделгеніне қатысты тұрғындар пікір білдірді.

«Успенка ауылында ешқашан асфальт болған емес. Шағал жол ғана. Мұндағы адамдар асфальтты өмірінде көрмеген. Тіпті қазір өрт сөндіруге келгендердің көлігі де дұрыс жүре алмады. Жол жөндеңдер деп шағымдансақ, өтінішімізге құлақ асқан емес. Ылғи «қаржы жоқ» деп қайтарады. Ал қазір сіз келеді деген соң жолдарды жөндеп шықты, әдемілеп былай жамап қойған. Қараңызшы», – деді тұрғын.

Бұған мемлекет басшысы «Мен келеді деп аяқ астынан жол жөндей бастау дұрыс емес. Бұл – масқара жағдай. Кінәлілер жазаланады. Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын» деген ой айтты.

Әкімдік бұл ақпаратты жоққа шығарғанмен, Президент Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады. Орманды қалпына келтіруге

30-40 жыл уақыт керек

Тақырыпты кеңінен тарқатсақ. Жалпы, еліміздің аумағы өте үлкен болғанымен орманды алқап 10 проценттен астамын ғана алады. Орманды алқаптың тым аз болуының басты себебі жеріміздің негізгі бөлігі құрғақ, жартылай шөл және шөлді аймақтарда орналасқандығы. Өйткені, орман ағаштары ылғал мол түсетін алқаптарда өседі. Ал ылғалды алқаптардың бірі – Абай облысы. Осы өңірде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты орналасқан. Аумағы 665 мың гектардан асатын табиғи резерват 2003 жылдың қаңтарында Үкімет қаулысымен құрылған. Қорықтағы омыртқалы жануарлардың фаунасы 354 түрден тұрады. Қара дегелек, ителгі, ақбас тырна, лашын, жыланшы бүркіт, қызылжемсаулы қарашақаз, жалбағай, арқар Қазақстанның қызыл кітабына енген. Бұдан бөлек, 7 отрядқа жататын балықтың 25 түрі бар.

Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариковтың айтуынша, мұндағы 14 орманшының өмірін жалмаған орман өрті 2 рет түскен найзағайдан тұтанған. Бұл – болжам. Бүгінде өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Өртке қатысты тергеу Қылмыстық кодекстің «абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша жүргізіледі. Сондықтан да оттың неден тұтанғанын құқық қорғау органдары анықтай жатар.

Жалпы, орман өрті жер бетін шарпыған кезде жапырақ, бұта, шөп-шалам, көк шөп, ағаштың жас өскіндері жанады. От қызуы 400-900 градусқа дейін жетеді. Жалын 1 метрге дейін көтеріліп, өрт сағатына 0,25-5 шақырым жылдамдықпен таралады. Өрт жел бағытына, күшіне қарай сағатына 5-25 шақырымға дейін де өршиді. Ал өңірде ауа температурасының 30 градусқа дейін ысып, желдің көтерілуі өртті сөндіруге мұрша берер емес.

Бұл ретте «Baitaq» жасылдар партиясының қызметкері, табиғат жанашыры Ғани Назарбектің пікірінше, жұмыс дұрыс жолға қойылғанның өзінде енді орманды қалпына келтіруге 30-40 жыл уақыт керек. Бірақ ормандағы экологиялық жағдайды қалпына келтіру қиын. Ал эколог Лаура Мәлікова орман өртімен күресте жауапты шенеуніктердің бейжайлығына қынжылатынын айтты.

«Семей орманы мен басқа да ормандар – мемлекеттік қорғауындағы ерекше аумақтар. Онда ағаш отырғызу, күтіп-баптау және өрттен сақтау – орманшылардың міндеті. Орман саласында тілсіз жаудың алдын алуға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Айта кету керек, 30 жылдың ішінде мұндай төтенше жағдай болған жоқ. Демек, мәселе жүйеде емес, мәселе – Экология министрлігінде отырған кадрларда», – дейді эколог.

Ал тиісті министрліктің тізгінін ұстаған Зүлфия Сүлейменова бұған былай жауап қатады.

«Арнайы комиссия құрылады. Үлкен жұмыс күтіп тұр, біз оны мүмкіндігінше қысқа мерзімде жасаймыз. Тиісті комиссия жұмысына өрт сөндірілгеннен кейін кіріседі. Себебі өрт әлі ауыздықталған жоқ. Десек те қазірдің өзінде шығын ауқымды», – деді министр.

Сала реформаны

қажет етеді

Мәжіліс депутаттары да мәселеден шет қалмады. Депутат Аманжол Әлтаевтың пікірінше, орман өртін сөндіруі тиіс мамандар дайын болмаған. Тіпті, желдің бағытын да білмеген. Сондықтан экологиядан бастап төтенше жағдайлар саласының қызметіне толықтай реформа қажет.«Өрт басталған алғашқы минуттардан бастап бір жарым сағаттың ішінде сол өрт болған жерге жалғыз ғана трактор барған. Шынжыр табанды техника, не деген сұмдық?», – деді ол желідегі жазбасында.

Орман шаруашылығы саласының ардагері Юзан Тәңірбергенов те олқылықты сынға ала отыра салаға өзгерістер бойынша өз ұсынысын айтты.

«Орман өртін сөндіру бойынша біз Еуропа, оның ішінде Германияға барып тәжірибе алмастық. Онда орманшылар орман өртін сөндірумен айналыспайды, олар тек есеп береді. Ал өртті кәсіби мамандар сөндіреді. Бізде орманшылар әмбебап – өртті өздері сөндіреді, ағашты өздері отырғызып, күтіп баптайды, сонымен қатар орманды сақтауға жауапты. Бұл жүйені өзгерту керек. Мен орманның өрт сөндіру стансаларын (лесхоздарды) штатпен, техника бірліктерімен бірге төтенше жағдайлар қызметіне беруді ұсындым. Орманшылар ағаш отырғызу, оларды баптау және қорғап-сақтаумен айналыссын», – дейді ол.

Гуманитарлық көмек ұйымдастырылды

Бір көңілге демеуі – қиындыққа ұшыраған халыққа еліміз жұмыла кірісіп көмектесіп жатыр. Өрттің алғашқы күндерінен-ақ еріктілер мен қамқор азаматтар жұмылуда. «Осындай қиын сәтте бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз керек. Біздің Отанымыз бір. Бұл апатты да бірге еңсеруіміз керек» дейді белсенді волонтерлер. Оған қоса бүгінде Ұлттық волонтерлер желісі Абай облысындағы өрт салдарынан эвакуацияланған тұрғындар мен қызыл жалынды ауыздықтауға тартылған мамандарға гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап жатыр.

Көмек көрсетуге ниетті азаматтар ақшаны екінші деңгейлі екі банк арқылы аудара алады. Атап айтқанда, «Kaspi» және «Halyk Homebank» қосымшасындағы «Қайырымдылық» бөліміне өтіп, «Национальная волонтерская сеть» қызметін таңдап, ақша жіберуге болады. Ал заңды тұлғалар үшін – «Национальная волонтерская сеть». БИН: 120 940 015 916 «Қазақстан халық банкі» АҚ КБЕ 18. БИК HSBKKZKX, P/S KZ23601A871001005521.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ақпараты бойынша, Абай облысындағы Бұлақ, Талица және Успенка ауылдарынан 150-ден астам адам, оның ішінде 64 бала эвакуацияланды. Қазіргі уақытта олар Семей қаласындағы екі колледжге орналастырылды.Ауыл-аймақтан эвакуацияланған 9, 11 сынып түлектері үшін қорытынды аттестаттауды тапсыру бойынша барлық қажетті жағдай жасалды. Қорытынды емтихандарды Семей қаласының мектептерінде өткізу жоспарланып отыр.

«ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша өңірге Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова аттанды. Қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің балаларына бару жоспарланып отыр. Балаларға министрлік тарапынан еліміздің ең үздік сауықтыру орталықтарында жазғы демалыс ұсынылды. Ата-аналардың келісімімен балаларға психологтардың кәсіби көмегі көрсетіледі. Жаңа оқу жылынан бастап балалар тегін ыстық тамақ, мектеп формасы және басқа да оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау – Оқу-ағарту министрлігінің бақылауында» делінген хабарламада.

P.S. Жыл сайын елімізде сегіз жүзге жуық орман және дала өрті тіркеледі. 2021 жылы еліміздің орман қорында 751 өрт тіркелген, өрттен 167 мың гектар орман алқабы жойылды, экологияға келтірілген зиянды есепке алмағанда тікелей материалдық залал 6 млрд теңгеден асқан. Қорытынды бойынша орман өрттерінің ең көп саны Шығыс Қазақстан (194 жағдай), Ақтөбе (123 жағдай), Павлодар (114 жағдай), Қостанай (100 жағдай) облыстарында тіркелді.

Қазгидрометтің болжамы бойынша алдағы өрт қаупі бар кезеңде орташа температура +30ºС болады, ал республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде құрғақшылық пен температураның +40ºС-қа дейін жоғарылап, жауын-шашын тапшылығы болады. Мұның бәрі орман қорындағы өрт қаупін едәуір артты­рады. «Өрт – тілсіз жау» деп бекер айтпаған қазақ. Семейліктердің өртті тезірек тұн­шық­тырып, қиындық құрсауы­нан шығынсыз шығуын тілей­міз. Алла Алашқа жар болсын!

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!