Өткен аптада ел болып әнші Сәкен Майғазиевтің ұлын үйлендірдік. Құдалықтағы киімінен бастап айтқан сөзіне дейін талдадық, талқыладық, жарыса пікір айттық. Қазір той тойламасаң кем санайтын, тойың шағын болса сөгіс айтатын, өзгелерден ерекшеленбесе жақтырмайтын халге жеткендейміз. Қазақта «қуанышыңмен бөліссең, көбейеді» дейді. Бірақ бүгінгі «бөлісудің» шығыны да, жыры да көп. Тіпті құндылығы өзгерген секілді.

Ашық дереккөзге сүйенсек, кейінгі 3 жылда елдегі мейрамхана саны 2 300-ден асқан. Тізімнің бұдан да көп болуы мүмкін екенін ескерсек, елдегі той индустриясының айналымы миллиардтаған теңгемен есептелетін-ді. Мұндай көлемде қаржының айналатыны сөзсіз. Себебі той – халықтың қазынасы. Мұнан бөлек бәсеке…

«Тойың тойға ұлассын» деуші едік, тойың – қарызға ұласты…

Тілге тиек еткендей, бәсеке деп атап өттік. Бір кездері ауылдың ортасында киіз үй тігіліп, табақ тартылып, бозбалалар көкпар шауып, қаз-қатар отырған ақсақалдар бата беретін. Қазіргі той мейрамханада өтетін сән жарысы.

Қош. Салтанатты мейрамхана. Танымал әнші, биші мен асаба. Көңілді қонақтар. Брендтік киімдер. Әр қазақтың тойы осылай өтсе дейсің, шіркін. Бірақ 5 ай дайындалған той 5 cағатта аяқталады. Ал ертеңіне несие төлейтін күн келіп, тыныш ұйқы бұзылады. Себебі «жұрттан қалмайық», «ұят болады» дегенді ойлап, той жасау үшін белшесінен қарызға батқандар көп. Несиесін төлей алса игі.

Халықтың 9 миллионға жуығы банк алдында берешек. Бұл әрбір екінші ересек адамның несиесі бар деген сөз. Cенесіз бе, 1 жылда елдегі несие портфелі 23 пайызға өскен. Бұл пайызды бірден жіктеп көрсек. Қаңтарда «Бірінші кредиттік бюро» қазақстандықтардың несие борышы бойынша жаңа дерек шығарды. Ондағы ақпарға сүйенсек, халықтың жалпы қарызы 24 триллион теңгеден асқан. Оның ішінде кепілсіз тұтынушылық несиенің бір жылдағы өсімі 22,9 пайыз. Ал екінші деңгейлі банктердегі тұтынушылық несие портфелі 14,1 триллион теңге. Бұл ретте де өсім қатты байқалады. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда бұл қарыз 31,7 пайызға көп.

Ал той несиесіз өте ме? Отбасылық кеңестен соң ата-аналар мейрамхана іздей бастайды. Әдетте оған қойылатын талап жоғары: суретке түсетін аймағы, фуршетке арналған орны және залда үлкен LED экраны болу тиіс. Ал тойға мейрамхана жалдау құны қонақ саны мен ас мәзіріне байланысты өсе береді. Тойхана әкімшілігімен келіскеніңізге қарай, сырттан сусын аласыз. Бір адамға ең арзаны 8 мың теңге дегеннің өзінде, дастарханын толтыру үшін той иесі жоқтан бар жасайды. Ал барлық жағдайы жасалған, соңғы үлгідегі мейрамханадағы бағадан басың айналады. Мейрамханаға тапсырыс беріліп, күні белгіленген соң, келесі қадам – асаба таңдау. Қазір асаба тойдың сәні мен шырайын келтіретін басты адамның бірі. Кейде тіпті күйеу жігіт пен қалыңдықтың өзі көлеңкеде қалып, бар назар асабаның харизмасы мен тапқырлығына ауады. Осы себепті той иелері алдын ала асабамен сценарийді ақылдасып, қонақтар саны мен құрамын нақтылап алады. Қалтасы көтеретіндер үшін елге танымал жұлдыз асабалар – басты таңдау. Алайда олардың қызмет құны қалтаға оңай соқпайды. 500 мыңнан бастап 2 миллион теңгеге дейін, бұған жол ақысы мен қонақүй шығынын қосыңыз.

Кез келген салтанатты шараның алғашқы әсері – шақыру билетінен басталады. Безендірілуі мен мазмұны үйлескен шақыру қағазы тек мәлімет емес, көңіл-күй мен ықыласты жеткізеді. Сондықтан да бүгінде ата-аналар мен жастар оның дизайнына ерекше мән береді. Полиграфиялық қызмет ұсынушылардың айтуынша, қарапайым қағазға шақырту шығаратындар жоқтың қасы. Себебі барлығы электронды шақыртуға көшкен. Бұл уақытты да, бюджетті де үнемдейді дейді жастар.

– Осыдан 2 жыл бұрын үйлендім. Ата-анам шақырту қағазын шығартып таратуды жөн көрді. Бірақ бұл көнерген стиль. Қазір электронды шақыртулар көп қой. Уақытты да, ақшаны да үнемдей алатынымызды түсіндіріп, бірден бейнешақыру жасата бастадық. Тіпті сайт та әзірлеп береді. Өте керемет. Қолжетімді әрі ыңғайлы. Бағасы да бейнешақыру мен сайт үшін арзан болды. Бар-жоғы 10 мың теңгеге жасап берді, – дейді қала тұрғыны Әбен Тұранов.

Ал қазір видеошақырту 8500 теңге болса, қысқартылған форматы 5 мың, ал тек фото шақырту 3000-5000 теңгенің арасы. Сайт, әрине, күрделірек. Бүгінде сайттарды 20 мыңға, ал бірнеше тілге ауыстыру тетігін қостырсаңыз 25 мың теңгеге жасатасыз. Бұл бағадан да төмендері бар екен. Кейінгі жылдары той кортежі азайған секілді ме, әлде біз көрмей жүрміз бе? Әйтеуір той маусымы басталғанда көшені шулататын кортеж азайған-ды. Мұның өзіне VIP санаттағы көлікті жалға аласың. Ал әр сәтті есте қалдыру үшін фотограф пен видеографтың еңбегі ауадай қажет. Бүгінде көпшілік бір емес, бірнеше маманды қатар жалдайды: бірі – love story түсіреді, екіншісі – дронмен, үшіншісі – зал ішіндегі эмоцияларды кадрға алады. Осындай толық қызметтің орташа құны 150 мың теңгеден басталып, 500 мың теңгеге дейін барады. Оған қоса, дайын материалды монтаждау мен әдемі клип жасау да қосымша шығын.

Музыкант пен биші – көңіл-күйді көтерер топ. Музыкалық сүйемелсіз той жартылай өшіп тұрған экран секілді. Тікелей эфирдегі көңіл-күйді қыздыратын музыканттар, шоу-бишілер мен аниматорлар қызметі 100 мыңнан бастап жоғарылап кете береді. Ал қалыңдық пен күйеу жігіттің той киімі көп жағдайда бір реттік ең қымбат костюм. Мұны білген жастар да жалға алуды жөн көреді. Тойдың соңын тәтті тортпен аяқтау – дәстүр. Бұл тізімнің бергі жағы. Мұнан бөлек ұсақ шығындар да жетерлік. Міне, «жұрттан кем болмайық» деген оймен жоқтан бар жасап, осы шығынды жабу үшін жылдап несие төлеп отырғандар қаншама?

Жастар не қалайды?

Бір айдан кейін отау құратын 23 жастағы Әділет Мұстафаевпен әңгімелескенбіз. Ол бізге дайындығы мен шығыны жайлы айтып берді.

– Былтыр сүйіктіме ұсыныс жасап, тойдың қамына кірістік. Үйленіп, отбасылы болуды жоспарлап жүрген соң қаражат жинап қойғанмын. Менің есебім бойынша, артық шығын болмайтын еді. Бірақ барлығы мен ойлағандай болмады. Біріншіден, бағаның қымбаттауы. Екіншіден, мен ескермеген салт-дәстүрлер бар. Ал үшіншіден, тойға шақырылған адам саны тіпті көбейді. Жақындармен ғана атап өтуге де ата-анам келіспеді. «Ұят болады. Бір баламызға дүркіреген той жасап бере алмаймыз ба?» деп отыр. Бірақ мен үшін де, болашақ келіншегім үшін де мұндай той маңызды емес еді. Әрине, енді несиеге жүгіндік. Бас аяғы 10 миллион астам қаржы жұмсадық. Тойдың қызығы біткен соң несиенің жыры басталады, – деп күліп жауап берді ол.

Әділеттің әңгімесінен кейін ойға еріксіз бір сауал оралады: бүгінгі жастар бақытты болу үшін той жасағысы келе ме, әлде той жасау – бақыттың шарты ма? Бір қарағанда, қазақы ортада бұл екі ұғым ажырағысыз болып кеткен. Той – қуаныштың көрінісі, алайда қазір ол кейде жастардың өз арманына емес, жұрттың қалауын орындауға құрылған сценарийге көбірек ұқсап барады.

Мәселенің мәніне үңілу үшін біз тағы бірнеше жаспен тілдестік. Солардың бірі – 25 жастағы Аяжан Рысбек. Ол тойдың орнына шетелде үйлену рәсімін өткізуді жоспарлаған.

– Өзіміз үшін, болашақ естеліктеріміз үшін ерекше әрі ұмытылмас сәт сыйлағымыз келді. Бір ай бойы Түркияда, теңіз жағасында фото-видео түсіріп, жақын 10 адаммен ғана кішігірім мереке жасадық. Есесіне басымызда несие жоқ, бір-бірімізге уақыт пен көңіл бөлдік. Ал ата-анамыз ауылда кішігірім дастарқан жайды. Ең бастысы, бәрі разы болды, – дейді ол.

Бұл пікірден байқайтынымыз – бүгінгі буын салт-дәстүрді сыйлай отырып, сананы тұрмыстың тар шеңберінен шығарғысы келеді. Олар үшін шынайы сезім мен қаржылық тұрақтылық, бір- біріне деген сенім – той шуы мен даңғазадан әлдеқайда маңызды. Бірақ көп жағдайда бұл таңдау жастардың өзіне емес, әулетке, ауыл- аймаққа, ағайынға тәуелді. «Қалыңмал қанша болмақ?», «Қанша адам шақырдыңдар?», «Қай тойханада өтеді?» деген сұрақтар той иелеріне емес, төңіректегі жұртқа қызығырақ болып тұрады. Жастар үшін тойдың форматы емес, махаббаттың сапасы, өмірлік серігімен бір жолға түсу маңызды. Бірақ бұған қоғам дайын ба?

Бәсеке үшін емес, береке үшін жасалса…

– Instagram-ды ашып қалсаң, тойдан көз сүрінеді. Бірі ұшақ жалдап, екіншісі лимузиннен түсіп жатады. Бірінің тойында Бүркіт ән салып, енді бірінде бишілер сахнаны дүр сілкіндіріп жатады. Қыз бала болған соң, сондай тойды өзің де қалайсың, өз тойыңның осал көрінгенін кім қалайды? – деді атырулық бойжеткен Жансая.

Жансая былтыр танымал Tik Tok блогердің ұзату тойынан түсірілген видеоны көріп, «менің тойым да осылай болуы керек» деген мақсат қойған. Иә, қалтаң көтерсе, қалауыңды жасаған жарасады. Бірақ…

– Достарымның да алдында мақтанғым келді ме, білмеймін. Ұзату тойымды өте жоғары дәрежеде жасауды жөн көрдім. Бірақ барлық күш ата-анама түсті. Менің қалауымды жасау үшін әкем көлігін де сатты, анам несие алды. Осылайша той өтті. Сонда да сын айтқандар көп болды. Ал жас жұбайлар үшін тойдағы ең қымбаты тек естелік екенін, бірге өткізген уақыты екенін түсіндім. Ал қазір күні-түні еңбек етіп, несиені төлеп жүрміз, – деді ол.

Ал отау құрғанына 4 жыл болған Айдын мен Айгүл үлкен тойды тек өз қаражатына жасаған. Құдалықтың да шығынын екі жас өздері көтерген екен. Ал кейін бірге ақша жинап, еш несиеге жүгінбей үй алған.

– Әдемі, үлкен тойды біз де армандадық. Өзіміздің қалауымыз үшін алдын ала ақша жинап, арманымыздағы тойды жасадық. Шетелге де барып келдік. Бастысы барлығы өз қаражатымыздың есебінен болды. Қазір өз үйіміз, көлігіміз бар. Қаржылық қиындық жоқ. Білмеймін, несие дегеннен қорқамыз, – дейді қызылордалық Айгүл Маханбетова.

Ал бәсекенің салдарынан демонстративті тұтыну құбылысы басталады. Яғни адам өз өмірінің деңгейін өзгелерге жақсырақ көрсету үшін, көз қылу үшін ауқымды қаражат жұмсайды. Біздің де той осы демонстративті тұтынуға айналғандай. Расында, бір сәттік әсер үшін бірнеше жылдық несиеге бату – бәсекенің ащы салдары. Қазақ «көрпеңе қарай көсіл» дегенді бекер айтпаған. Шын ниетпен жасалған қарапайым тойдың өзі – ұлағат. Өйткені шынайылық сәннен қымбат. Ендеше, тойдың көркін даңғаза емес, береке мен мән-мағына кіргізсе екен.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!