Екінің бірінде смартфон. Бірақ оны кім қалай пайдаланады? Смартфонға үңілген балаға қадағалау бар ма? Ол бөлмесінде қандай сабаққа дайындалып жатыр, смартфоннан қандай бағдарлама пайдалануда? Уақытын қалай өткізеді?
Бақсаңыз, бесіктен белі шықпаған балаға дейін осы телефонға тәуелді. Тіпті бесікке бөлеп жатып та әуен қосып, смартфонды қасына қалдырамыз. Кейде жыламасын деп қолына телефон ұстата саламыз. Содан болар, сондағы кейіпкерге еліктеп өсіп келе жатқан ұрпақ бар. Қара көз қыздардың сән қуып жүргені смартфондағы жұлдыздардың арқасы. Жігіттердің күн сайын жаңа стильде көрінуін де осы дүниемен байланыстыратындар кездеседі. Ең қызығы, қазір жастар тегінен бұрын танымал желі – «Тиктоктағы» аккауынтын сұрайтын болған…
Осыған қарап, жерлесіміз, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің «балалар «тик-ток» арқылы тәрбиеленіп жатыр»
деп шыр-пыр болатыны бекер
емес екен
деген ойға қосыласыз. Себебі әлеуметтік желінің өскелең ұрпақтың дүниетанымы мен көзқарасына әсерін бүгінгі қоғам кейпінен аңғаруға болады. Қайда барсаңыз да еңбектеген баладан ересекке дейін көз алмай бақылайтыны – ұялы телефон. Зиялы қауымның дабыл қағуы да сондықтан.
– Бүгінгі жастар бабалардың «тәк, тәйт» деген тыйымдарымен емес, негізінен «тик-ток» арқылы тәрбиеленіп жатыр. Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына жаппай қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық, жалбақтау мен жарамсақтық орнықты. Еңбек ету, адал мал табу, Отанға, елге, мемлекетке адалдық, қоғам алдындағы жауапкершілік, Әділет, Ар, Ұят ұғымдары кейінге ысырылып қалды. Өз ордасын өзі талқандайтын, өз мүлкін өзі ойранға салатын, бұл әрекеті үшін бір сәт те ойланбайтын қаныпезерлік қайдан шықты? Әкенің сөзін баласы тыңдамайтын, қой дегенді білмейтін, үлкендерден ықпайтын, өз дегенінен шықпайтын, қыңыр да қырсық, тоңмойын ұрпақ неге көбейді? Былтыр Сенатта Ұлттық құндылықтар туралы парламенттік тыңдау өткізілді. Сенат бес құндылықты – тәуелсіздік және тарихи таным, ел мен жер, тіл мен имандылық, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие, білім мен біліктілік мәселесін қазақ қоғамының басты қағидаттары ретінде күн тәртібіне шығарды. Үкіметке, тиісті министрліктерге ұсыныс берді. Осы ұсыныстарға қайта назар аударып, үкіметтің барлық мүшесін парламенттік тыңдау материалдарымен таныстырып, оларды жүзеге асыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау маңызды. «Еларна», «Тәлім ТВ» арналарын жасөспірімдер мен жастар арнасы етіп қайта құруды ұсынамын. Бізде «Балапан» арнасынан басқа 10-18 жасқа дейінгі өскелең ұрпаққа арналған бірде-бір телеарна жоқ» деген еді Президент. Осы жастағы ұрпақ технологиялық, индустриялық, инновациялық саясаттан мүлдем хабарсыз. Мәдениет саласына да жаңару, тазару, құндылықтарға айрықша мән беретін уақыт жетті. Қазақтың «Ала жіптен аттама», «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген даналығын жастарға бала күннен бойға сіңірудің амалын жасау керек, – деді сенатор.
Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-ананың тікелей әсер ететін бірден-бір тұлға екенін жасыруға келмес. Ал ата-аналардың негізгі жұмысы қандай? Біз бүгінде мұғалімге көп жауапкершілік жүктеп жібермедік пе?
– Ұлыма телефонды 4 жасында алып бергенмін. Әлеуметтік желілерде парақшасы бар. Бастапқыда өзім тұрақты жүргізіп тұрдым. Қазір 16 жаста бақылап отырамын. Сапалы дүниелер жасап келеді. «Тик-токтың» бүгінде күшке ие екенін жасыра алмаймыз. Өзім де түсіремін. Балаларымның да қатарынан қалмай өскенін қалаймын. Жаңа шыққан трендтерді қадағалап, ұлыма үйретемін. Кейде бірге түсіреміз. Ештеңеге шектеу қойғым жоқ, бірақ бақылауда ұстаймын, – дейді белсенді әлеуметтік желі қолданушысы Аяулым Нысанбек.
Бір кездері ұлы ақынды келемеждеген көрініс әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Бірінен-бірі көріп қайталайтын кейбір жастар мұны жаман санамады. Құптады. Ұлы ақынды келемеж қылғанда басқа тұлғаларды да өз тректеріне арқау қылғанын көпшілік көрді.Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сынды ұлт зиялылардың бейнесін пайдаланып, шулатты. Мұндайда ұлы тұлғаларымызды, ұлт зиялыларын аяқасты ету арқылы қаралым жинау, достарының санын көбейтуді мақсат еткен жас ұрпақты елдің қамы, мүддесі үшін тер төгеді деу қиындау. Бұл ретте «баланы«тик-токер» емес, патриот етіп тәрбелеу қажет» дейді пікір білдірушілер. «Тик-ток» әлеміне бас сұқсаңыз, неше түрлі жайтқа куә боласыз. Мұнда тәрбиелік мәні бар дүние аз. Бірақ трендтен бұрын тәрбие маңызды», – дейді қала тұрғыны Айман Несіпбай.
«Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың, не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың» деген Абай атамыздың сөзін назарға алсақ, бос күлкі мен еліктеушіліктің балаға тигізер пайдасы жоқ. Өзекті тақырыпты Нұртөре Жүсіптің сөзімен бастадық, сол кісінің тағылымды дүниесімен аяқтауды да жөн санап отырмыз. Балаға телефон ұстауға тыйым сала алмаймыз. Ұстама десең де ұстайды. Қазақстанда қаншама ІТ маман бар. Неге солардың басын жинап, смартфонда мемлекеттік тілде білім беретін бағдарлама әзірлемеске? Ешкім бізге жаңа мемлекет құрып бермейді. Ал бізге іргесі берік қоғам керек. Жаңарған қазақ елі керек. Ендеше, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеймін десеңіз, тәрбиесін бесікте жатқаннан тиянақтаңыз. Баланың ұялы телефонға қазірден әуес болып, кейін опық жемеуіне кім кепіл?!
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!