Әлеуметтік желі бетін аша қалсаң, тәрбиелік мәні жоқ трендтер мен мағынасыз бейнежазбалар легі шетсіз, шексіз жалғаса береді. Көптің назарын аудару, лайк жинау, жұртты таңғалдыру – кей адамдар үшін өмірлік мақсатқа айналғандай. Тіпті тренд қуалау күнделікті тіршілік формасына айналып барады. Бірақ әрбір тренд тұлғалық өсімге апара ма? Әлде ар-намыс пен ішкі шекараны жұқартып, мазаққа қалдыра ма? Жас буын неге ел назарын өзіне аударуға құштар? Ең басты сұрақ: біз желіні басқарамыз ба, әлде желі бізді басқара ма?
Адам – әлеуметтік жаратылыс. Оны ғалымдар ежелгі заманнан бері айтып келеді. Мәселен, Абрахам Маслоу өзінің қажеттіліктер пирамидасында адамға «құрметке ие болу», «мойындалу» аса маңызды екенін көрсеткен. Яғни, өзгенің бағасын сезінуге құштарлық – табиғи құбылыс.
Алайда мәселе мойындалуда емес, соған жету жолында. Егер адам өзін дамыту, білімін арттыру, еңбегі арқылы танылуға ұмтылса – бұл қалыпты. Ал қысқа жол іздеп, хайп үшін ар-ұят шекарасынан аттау – тұлғалық дағдарыстың белгісі.
Психологияда «конформизм» деген ұғым бар. Бұл – адамның көпшіліктің пікірі мен әрекетіне бейімделуі. ХХ ғасырда жүргізілген атақты тәжірибелердің бірін жасаған Соломон Аш адамдардың ап-айқын қате пікірге де көпшілікпен бірге келісе кететінін дәлелдеген. Яғни адам баласы көптің көзқарасынан бөлініп, жалғыз қалудан қорқады. Бүгінде әлеуметтік желіде бұл құбылыс тіпті күшейе түсті. Трендке қосылмаған адам өзін «сыртта қалғандай» сезінеді. FOMO (fear of missing out) – «қалып қою қорқынышы» деген түсінік те осыдан туған. Нәтижесінде адам өз болмысынан алыстап, көпшілікке ұнау үшін маска киеді.
Кей адамдар үшін танымал болу – өзін-өзі дәлелдеудің жалғыз жолы. Ішкі бос кеңістік, өзін бағаламау, балалық шақтағы назар жетіспеушілігі – бәрін ересек шақта өзгелерге көріну арқылы өтегісі келеді. Психоанализдің негізін қалаған Зигмунд Фрейд адамның көптеген әрекеті бейсаналық комплекстермен байланысты екенін айтқан. Яғни тренд қуалау кейде жай ермек емес, ішкі жараның көрінісі болуы мүмкін.
Санжар Керімбай «Өмірге ғашық болу» атты кітабында түрлі тақырыптарды қамтып, қазіргі қоғамдағы актуалды мәселелерге кеңінен тоқталған. Түсінгеніміз бойынша, адамның ішкі әлемінде «даралан, ерекше бол» деп түрткілеп тұратын белгісіз күш бар. Әншілер ән айтуымен, ақындар өлең жазу арқылы, ал суретшілер картиналарды бейнелеу арқылы, яғни таланттар мен дарын иелері өнер арқылы өзін екшелеп көрсете алады. Ал біз көріп отырған «атын шығармаққа жер өртеп жүргендер» қандай да бір өнерге икемі жоқ, ешбір салаға қызығушылығы қалыптаспаған жандар деуге толық негіз бар.
Бұған қоса, қазіргі алгоритмдік мәдениет те әсер етеді. Қоғамда «кім ерекше – сол өтімді» деген түсінік қалыптасты. Бірақ «ерекшелік» көбіне шынайылықтан емес, шектен шығудан ізделеді. Шектен шыққан әрекет тез таралады, ал терең мазмұн баяу қабылданады.
Бүгін күлдірген видео ертең күлкіге қалдыруы мүмкін. Тренд өткінші, ал адамның беделі – ұзақ мерзімді капитал. Бір сәттік хайп үшін жасалған әрекет кейін кәсіби өмірге, жеке қатынастарға көлеңке түсіруі ықтимал. Ғаламтор ештеңені ешқашан ұмытпайды.
Мағынасыз еліктеу адамды даралықтан айырады. Ал даралық жоғалған жерде тұлғалық әлсіздік басталады. Көпшілікке ұнау үшін бәрін жасау – өзіңді жоғалтудың ең қысқа жолы. Қазіргі әлеуметтік психология зерттеулері өзіндік құндылық сезімі жоғары адамдардың сыртқы мақұлдауға тәуелділігі төмен болатынын көрсетеді. Яғни, ішкі тірегі бар адам трендке соқыр санамен ермейді, еліктемейді. Ол өз принципіне сай келсе ғана қосылады.
Қазақстан әлеуметтік желіні тұтынуда көш бастап тұр
Қазақстан әлеуметтік желіні пайдалану көрсеткіші бойынша Орталық Азия елдерінің арасында алдыңғы орында тұр. Бүгінде отандастарымыздың 80 пайыздан астамы кем дегенде бір онлайн платформаны белсенді түрде қолданады. Бұл тек өңірлік емес, әлемдік деңгеймен салыстырғанда да жоғары көрсеткіш. Алайда санның ар жағында елеулі әлеуметтік, психологиялық және мәдени мәселелер де тұрғанын аңғара бермейміз.
Жыл басындағы деректерге сүйенсек, Орталық Азияда интернет пайдаланушылардың орташа үлесі 82 пайыз шамасында болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 90 пайыздан асып жығылады. Мұндай қарқын, ең алдымен интернет инфрақұрылымының дамуына байланысты. Кейінгі жылдары елде кеңжолақты интернеттің қолжетімділігі артып, 4G, 5G технологиялары енгізіле бастады. Интернет сапасының жақсаруы халықтың цифрлық белсенділігін күшейтіп, әлеуметтік желілерді күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырды.
Бүгінде Қазақстанда «TikTok» қолданушыларының саны 17 миллионға жуық. Бұл – ел халқының басым бөлігі қысқа видеоформат арқылы ақпарат тұтынатынын білдіреді. «Instagram » желісінде 13 миллионға жуық адам тіркелген. Ал «Facebook» платформасын шамамен 2,5 миллион адам пайдаланады. Сонымен қатар «Threads» пен «LinkedIn» желілерінде де Орталық Азия бойынша Қазақстан ең ірі аудиторияға ие. Бұл қазақстандықтардың тек ойын-сауық емес, кәсіби және пікір алмасу алаңдарын да жиі қолданатынының дәлелі.
Тіпті халқының саны бізден әлдеқайда көп Өзбекстанмен салыстырғанда, Қазақстандағы әлеуметтік желі аудиториясы едәуір белсенді көрінеді. Тіпті Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдерінің жиынтық көрсеткішін қосқанның өзінде, кейбір платформалар бойынша бір ғана Қазақстанның көрсеткішіне жете алмаған.
Бұл нені аңғартады? Әуелгі себеп, Қазақстандағы урбанизация деңгейі жоғары. Сонан соң цифрлық қызметтердің дамуы, оның ішінде онлайн банкинг, мемлекеттік қызметтер, электронды сауда халықты интернет кеңістігіне көбірек тартады. Сондай-ақ жастар үлесінің басымдығы мен контент өндірушілердің көбеюі де маңызды фактор болып отыр. Дамудың қарқыны сезілсе де, цифрлық кеңістіктің көлеңкелі тұстары да шаш етектен. Ендеше сол мәселелерге жеке-жеке тоқталайық.
Біріншіден, телефонға тәуелділік пен уақыт жоғалту жиіледі. Әсіресе қысқа форматтағы видеоларға негізделген «TikTok» платформасы адамның назарын ұзақ ұстап тұруға бейімделген алгоритмдер арқылы жұмыс істейді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жүйе дофаминдік цикл қалыптастырып, пайдаланушыны экранға қайта-қайта оралуға итермелейді. Нәтижесінде өнімділік төмендейді, оқу мен еңбек сапасы әлсірейді, ұйқы режимі бұзылады.
Нақты ресми статистика болмағанымен, педагогтар мен ата-аналар арасында «телефонға тәуелділік» мәселесі жиі көтеріліп жүр. Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, балалардың зейіні әлсіреген, ұзақ мәтін оқуға төзімі жетпейді. Қысқа видеоға үйренген сана күрделі ойды қабылдауға қиналады. Психологтар мұны «клиптік ойлау» феноменімен байланыстырады. Яғни ақпаратты фрагментпен қабылдау, терең талдаудан гөрі жылдам әсерге бейім болу. Бұл жай ғана әдет емес. Бұл болашақ интеллектуалдық әлеуетке әсер ететін үрдіс.
Екіншіден, жалған ақпарат пен арандату әрекеттері көбейді. Әлеуметтік желілер ақпаратты сүзгіден өткізбей таратады. Әсіресе «Facebook » пен «Instagram» желілерінде эмоциялық сипаттағы ақпарат жылдам таралады. Бұл фейк жаңалықтардың көбеюіне, қоғамдық пікірді ішінара арандатуға, сондай-ақ дүрбелең мен сенімсіздікке әкелуі мүмкін. Медиасауаттылық деңгейі жеткіліксіз қоғамда бұл – үлкен қауіп.
Үшіншіден, кибербуллинг және қоғамдық мазақ жиілеп барады. Жоғары белсенділік – жоғары бақылау деген сөз. Әлеуметтік желіде бір қателік немесе сәтсіз видео адамның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Жастар арасында дене бітіміне қатысты мазақ, әлеуметтік жағдайды кемсіту және пікір арқылы қорлау жиі кездеседі. Бұл психологиялық жарақатқа, тіпті ауыр күйзеліске алып келуі мүмкін. Салдары суицидпен аяқталып жатқан жағдайлар да аз емес.
Төртіншіден, жоғарыда атап өткеніміздей, «көпке көрінуге» құштар жандардың саны артуда. Лайк пен қаралым санын өмірлік құндылыққа айналдыру – қауіпті үрдіс. Кейбір қолданушылар хайп үшін ар-намысын, жеке өмірін, тіпті қауіпсіздігін тәуекелге тігеді. Мәселе танымал болуда емес, танымалдықтың жалған өлшемге айналуында. «TikTok» трендтері кейде мағынасыз еліктеуге итермелейді. Лайк үшін қауіпті әрекетке бару, жеке өмірді жария ету, ата-ананы немесе ұлттық құндылықтарды мазаққа айналдыру – мұның бәрі қаралым үшін жасалады. Бұл жерде мәселе платформаның өзінде емес. Мәселе аудитория сұранысында. Қоғам неге жеңіл, ойсыз контентті көбірек тұтынады? Неге терең ойлы, мазмұнды дүние аз қаралады? Тағы да жауапсыз сұрақтар…
Қазақстанның әлеуметтік желідегі белсенділігі цифрлық серпілістің көрсеткіші. Бірақ бұл тек мүмкіндік емес, үлкен жауапкершілік. Цифрлық мәдениет, медиасауаттылық және психологиялық тұрақтылық – ендігі басты тақырыптар. Сан емес, сапа маңызды кезеңге аяқ бастық. Егер әлеуметтік желі сана қалыптастыратын құралға айналса, бұл мүмкіндік. Ал егер ол тек лайк пен хайптың алаңына айналса, бұл үлкен қауіп.
Біз цифрлық қоғамды тәрбиелей аламыз ба, әлде цифрлық мәдениет бізді тәрбиелей ме?
Жасыратыны жоқ, бүгінде қалың елдің назарын аудару ерекше ұғымға айналды. Компаниялар мен брендтер арнайы маркетологтар мен жарнама мамандары арқылы тұтынушының бірнеше секунды мен минуттық назарына таласуда. Алайда назар аудару тек нарықтық бәсекенің құралы ғана емес, ол тұлғааралық қарым-қатынастың да іргетасы. Өйткені әр адам өзіне өзгенің көңіл бөлінгенін қалайды, яғни бір сәт болса да біреудің ойында жүргенін сезінуге мұқтаж.
Адам өмір бойы өзіне көңіл бөлуді қалайтынын түрлі деңгейде байқатады. Әсіресе, бұл қажеттілік сәбилік және балалық шақта айқын көрінеді. Бала ересектердің назарын аудару үшін жылайды, айқайлайды, еркелеп, тіпті қыңырлық танытады. Бұл табиғи құбылыс. «Маған назар керек» деген ішкі сұраныс – адамға тән базалық қажеттілік.
Психологтар адамның базалық қажеттіліктерінің бірі – мойындалу екенін айтады. Бұрын бұл қажеттілік отбасы мен жақын орта арқылы өтелсе, бүгінде оны әлеуметтік желі алмастырып отыр. Лайк – мақұлдау, қаралым – құндылық, репост – мойындау белгісі ретінде қабылданады. Жастардың басым бөлігі виртуалды мақұлдауға тәуелді бола бастады. Лайк аз жиналса көңіл-күй түседі, пост «өтпей қалса» өзін бақытсыз сезінеді.
– Қазақстандағы әлеуметтік желі аудиториясының басым бөлігі жастар. Сондықтан бұл құбылысты психологиялық тұрғыдан талдау маңызды. Жасөспірім кезең – тұлғалық қалыптасу уақыты. Әлеуметтік желі бұл процесті жеделдетеді әрі күрделендіреді.« Instagram» сияқты визуалға негізделген платформаларда жастар өз өмірін «идеал образ» ретінде көрсетуге тырысады. Салыстыру механизмі күшейеді. «Неге менің өмірім басқалардікіндей емес?» деген ішкі сұрақ туындайды. Бұл өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне, сыртқы келбетке шамадан тыс алаңдауға, мазасыздыққа әкелуі мүмкін, – дейді психолог Алма Жақыпбек.
Психологтардың пайымынша, виртуалды мақұлдауға тәуелділік адамның өзін-өзі бағалау жүйесін сыртқы факторларға тәуелді етіп байлап қояды. Егер қоғам сені қолдаса, сен құндысың. Қолдамаса, сен ешкім емессің. Бұл құбылыс мазасыздықтың артуына, депрессиялық көңіл-күйге, өзін өзгелермен салыстыруға әкеледі. Әсіресе, «Instagram» сияқты визуалға негізделген платформаларда «мінсіз өмір» иллюзиясы кең таралған. Шынайы өмір мен желідегі өмір арасындағы алшақтық жастардың ішкі күйзелісін күшейтеді.
Трендке ілесу – топқа тиесілі болудың белгісі. Жасөспірім үшін «шетте қалмау» өте маңызды. «TikTok» трендтері жастарды бірдей би қимылдарын жасауға, бірдей сөздерді қолдануға, бірдей стильге ұмтылуға итермелейді. Ал бұл даралықтың әлсіреуіне, үстірт еліктеуге, мағынасыз контенттің көбеюіне әкеледі. Әсіресе әлеуметтік желідегі шамадан тыс белсенділік те назарға тәуелділіктің белгісі болуы мүмкін. Лайк пен пікір саны азайса, адам өзін тартымсыз сезініп, ішкі құндылығына күмән келтіре бастайды. Алайда виртуалды аудитория көбіне сыртқы көрініске ғана назар аударады. Ішкі әлем, шынайы көңіл-күй көп жағдайда тасада қалады.
Неге адам назарға тәуелді болады? Мұндай күйдің астарында бірнеше фактор жатады. Біріншіден, өзін-өзі төмен бағалау, сенімсіздік. Адам сыртқы мойындау арқылы өз құндылығын дәлелдеуге тырысады. Екіншіден, кейбір психикалық ерекшеліктер мен бұзылыстар. Мысалы, нарциссизм, назар тапшылығы синдромы, биполярлық бұзылыс және т.б. Үшіншіден,бұл жағдай көбіне балалық шақта отбасындағы эмоциялық суықтық немесе назар жетіспеушілігінен орын алады.
Әділдік үшін айта кету керек! Әлеуметтік желі жастарға өзін көрсетуге, шығармашылықпен айналысуға, білім алуға, кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Мысалы, «LinkedIn» желісі кәсіби даму алаңына айналып келеді. Әлеуметтік желі тек қауіп емес, ол шағын бизнестің дамуына, жеке бренд қалыптастыруға, шығармашылық бастамаларға, кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, өзгенің назарын аудартуға ұмтылу адам табиғатына тән құбылыс екенін біле жүріңіз. Алайда осы үшін ар-намысты айырбастау таңдаудың мәселесі. Тренд – толқын. Ол келеді, кетеді. Ал тұлғалық тұғыр – өмірлік іргетас. Қандайда бір трендке ілесерде «Мен мұны шынымен қалаймын ба, әлде тек көріну үшін жасап жатырмын ба? Бұл әрекет ертеңгі күні мені ұялтпай ма? Менің құндылықтарыма сай ма?» деп өзіңізге бір сәт сұрақ қойып, ойлана білген абзал. Мағынасыз еліктеу уақытша күлкі сыйлауы мүмкін, бірақ шынайы құрмет тек мазмұн мен мінезге беріледі. Трендтегі тіршілік емес, тиянақты тіршілік адамды биік етеді.
Тілек ҚАБЫЛ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
