Айтылған сөзден астар іздеп, ақиқат пен жалғанның аражігін анықтауда артық кету кісіге айып емес пе? Сөзден сын, істен мін іздеуде міз бақпаушылық мерейді өсірмесі хақ. Қазіргі таңда ауыздан шыққан бірер сөз атой салмаса да, көпшіліктің пікірін екіге бөліп, жақтаушы мен даттаушы табыла кетеді. Шешімі әлі белгісіз, түйіні әлі беймәлім мәселенің мән-жайын бағдарлау істің барысында ғана білінетіні белгілі. Олай болса, дақпырттықты дағдыға айналдырмай, дүрлігудің дабылын қақпай, аяқ алысты байқап, істің ақырын күткен абзалырақ. Әлбетте, әркім өз ойын білдіруге әбден құқылы. Дегенмен, таразының басында тәлім мен ақылдың басымырақ болғаны маңызды. Әсіресе, мәселенің бір ұшы дінге кеп тірелгенде дабыра қылудың жөні жоқ. Иә, байыптап отырғанымыз, көптің талқылауына түскен хиджаб мәселесі.

Әркімнің таңдауын құрметтеу керектігі қаперде. Шешімі үшін сөгіс беріп, қоғам боп талауға қақымыз жоқ. Дей тұрғанмен, парыздың парқын түсініп, бұл қадамға жауапкершілікпен келсе дейміз. Хиджаб кигенімен, әдеп әліппесін ұмытып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқандарды естідік те, көрдік те. Сондықтан бірінің орамалды ойыншыққа айналдырғанынан, хиджаб киетін арудың бәріне теріс көзқарас қалыптасқан. Сенімге селкеу түсіріп, көңілге күдік ұялататыны осындай орынсыз әрекеттер.
– Біз – Құдайдың жаратылысымыз. Пенденің пендеден айырмашылығы білімінде, мінезінде, бір рет берілген өмірін, уақытын қалай өткізгенінде. Демек пенде ретінде басқалардың не киетініне, орамал таға ма, хиджаб кие ме, қарсы болуға хақымыз жоқ. Қалай киінетінін әркім өзі шешеді. Алайда «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, айналамыздағы бір оранған қыз барлық орамал таққандарға кір келтіріп, оларға деген көзқарасқа әсер етуі мүмкін. Мәселен, өткен жылы оқушы қыздың басынан орамалды жұлып жатқан директордың видеосын көріп, сол мектепке іздеп бардым. Директор мені жылы қабылдап, ашық әңгімелесті. Сөйтіп, мәселенің мәніне үңілсек, орамалы емес, қыздың соған лайық әрекет жасамауында екен. Маған бейнетаспаға жазылып қалған орамалдағы оқушы қыздың басқа қыздармен ұрсысып, неше түрлі боқтық сөзді анық айтқанын көрсеткенде, қызардым. Оны ақтап алуға барғаныма ұялдым. Шынымен, – деді сұқбатында имам Нұрлан Байжігітұлы.
Өткен жылы мектеп оқушыларының орамал орануы сөз болып, балабақша бүлдіршінінің тұмшаланғаны дау болған еді. Білім ордасында хиджаб кигендер жайында айтылғанда қарсылық танытып, бұлқынғандар көп болды. Есейіп, ес жинап, оң мен солын танығаннан кейін орамал тағынып үлгеретінін де тілге тиек етті. Расында да дінді жете түсінбейтін баланың бала шағын ұрлап, көңілі көбеңсіп, иегі кемсеңдеуіне жол бермеген жөн. Содан болар, оқушының орамал тағуына өре түрегелген жұрт түнекті түре алатын тетік іздеп әлек болған. Қыз баланы ерте бастан тұмшалап тұсау болмау керек шығар. Тек тәрбие қазығының мықты болғаны маңызды. Ақылы толысқаннан кейін мұндай қадамға байыппен өзі де барар.
Тележүргізуші Динара Сәтжанның парақшасына жариялаған жазбасы да дау туғызды.
– Өз басым дәстүрлі қазақы исламды қолдаймын. Жұма күні – шелпек. Құран бейіттің басында. Қырқынан шығару және тұсау кесер. Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүріміз бар. Кейінгі ұрпаққа жеткізетін тарихымыз бар. Санаулы онжылдықтар, тіпті жылдардан кейін қазақ қыздары қара хиджаб киіп жүрсе ше?! Қалайтынымыз сол ма? Сондықтан бұл мәселені көтергім келіп отыр. Себебі блогерлерге хиджаб кию үшін қомақты ақша ұсынылғанын естідім. Бұл мені қорқытады, – деді ол.
Иә, хиджаб мәселесінің туындатар тармағы көп. Бойжетіп, байсалды шешім қабылдағанға да күдікпен қарап, шүйліккендер жетерлік. Белгілі әнші мен блогерлердің бір мезетте хиджаб киюін байқағандар бұған бейжай қарай алмаған көрінеді. Сырттан тон пішіп, өздігінше болжам жасап, толассыз пікірді желіде жүктеп жатқандардан көз сүрінеді. Бірі ақталып, шырылдаса, енді бірі әділдік барына сеніп, сабыр сақтауда. Нақты дерек пен дәйек болмаған соң өзгенің жанды жеріне тиіп, намысын таптағаннан басқа бақыт біте ме?! Сондықтан ақиқатты табуда адаспаған жөн. Тек тағы айтарымыз, хиджаб кигеннен кейін, соған сай болу керектігін естен шығармаса екен. Дінді саудалаудың да қажеті жоқ.
– Дін – нәзік мәселе. Хиджаб дегеніміз – Алланың берген бұйрығы, парызы деп білемін. Сондықтан жақсы амалын орындап, түзу жолды таңдаған жанды қолдауымыз керек. Негізі джинсы киген адамдарға бұл қазақтыкі емес деп айтылмайды. Ал орамал таққан қыздарға арабтыкі деп айтып жатады. Бұл – бітпейтін дау.
Мұндай қадамға келу батылдықты, сабырлы болуды қажет етеді. Өзім алғаш хиджаб кигенімде ата-анам да, өзгелер де, оқу орным да қарсылық білдірді. Бастапқы кезде түсінбегенімен, уақыт өте келе үйренді. Алғашында ауыр болғанын жасырмай­мын, қарсылық сөздерді көтере алмадым. Оның бәрін ашуланбай, сабырмен қабылдадым. Яғни, адам көркем мінезді болу керек. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Десе де көбісі хиджабқа қызығушылықпен келген деп ойлаймын. Исламды түсінбей, үкімдерге бейжай қарайды. Хиджаб кие тұра теріс әрекеттерге баруы содан, бәлкім?! Тағы бір айтатыным, тек хиджаб киетіндер ғана емес, қыздар қауымы боқтық сөзге үйір болмай, көркемдікті жанына жақын еткені дұрыс, – деді Г.Тыныштық.
Қорыта келгенде, әлдекімді таңдауы үшін түрткілеп, тыя алмаймыз. Сондай-ақ көпірме сөзді көбейтудің керегі жоқ. Өсектен өсіп-өнген адам жоқ. Тек оның бір ұшы қоғамға қатысты болса, жауапкершілікті сезінген жөн-ақ. Айтқанға көніп, айдағанға ермей, қабылдайтын шешім мен қадамды ақыл таразысында саралап алу бітіспес даудың алдын алады. Асылында, хиджаб киетіндер мен кимейтіндер болып бөлініп, бір-біріне қырын қараушылық та қоғамды ізгілікке жетелемейді. Барынша түсінісіп, сыйластықпен күн кешкенге не жетсін?!

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!