Соңғы бес жылда облыста тұрғын үй салу қарқынды дамуда. Мәселен, өткен жылы облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1946 пәтерлік 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 815 пәтерлік 20 үй сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй, 755 пәтерлік 68 үй кредиттік тұрғын үй және 376 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы жеке компаниялар есебінен жүргізілуде. Тұрғын үй құрылысы артқанымен баспанаға мұқтаждар саны азаймай тұр. Мәселен, 2017 жылы өңірде тұрғын үй алуға 21 мың тұрғын кезекте тұрса, биыл 30 мың азамат тіркелген. Оның 12178-і әлеуметтік жағынан осал топ, 3484-і көпбалалы отбасы, 11979-ы мемлекеттік және бюджеттік сала қызметшісі және 204-і үйі апатты жағдайда тұрған азамат, 2194-і жетім балалар.
Тұрғын үй құрылысы саны артқанымен баспанаға мұқтаждар саны азаймауының себебі неде? Мемлекеттік бағдарламаның тиімсіздігінен бе, әлде пысықайлардың араға түсуінен бе? Оның бірнеше себебі барын бәріміз білсек те, білмегендей кейіп танытамыз. Соның нәтижесінде баспанаға шын мұқтаждар тауқымет көруде.
Біріншіден, мемлекет осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметшілерді қызметтік баспанамен қамтитын. Қызметкер пәтерде 5 жыл тегін тұрып, кейін жеке меншігіне аударатын. Тіпті үйді сатып жіберуге құқылы. Кейін араға 5 жыл салып қайта кезекке тұрып, тегін үй алмаса да мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болатын. Соңғы уақытта бұл жүйе қатты сынға ұшырап, мемлекеттік қызметкерге тегін үй берілгенімен баспананы жеке меншігіне аудару құқын шектеді. Осы тұста мемлекеттік қызметші тұрғын үйге мұқтаждар қатарына жатпайтынын ескеру керек. Бірақ оларға мұндай құқық қайдан берілгені белгісіз. Өйткені тұрғын үйге мұқтаждар санатына көп балалы аналар, ата-ана қамқорлығынан айырылған бала, әлеуметтік жағынан осал топтар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар кіреді емес пе?
Екіншіден, мемлекеттік бағдарламаның тиімсіз жүзеге асырылуында. Мәселен, “Шаңырақ” бағдарламасы арқылы баспаналы болу үшін жеке меншігіңізде баспана болса да, бұрын тұрғын үй кезегінде болсаңыз жеткілікті. Сіз мемлекеттік бағдарламаға қатыса аласыз. Бұл да кезектің жылжуын баяулатады. Сондықтан тұрғын үй кезегіндегі азаматтың атына баспана тіркелсе, автоматты түрде үй кезегінен шығару қажет.
Үшіншіден, “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында баспаналы болатындардың басым бөлігі пәтерге мұқтаж емес. Мәселен, “Сол жағалаудан” берілген көп қабатты үйлердің көпшілігі үйін баспанаға мұқтаждарға жалға беріп пайдаға кенелуде. Мұны бәріміз білеміз. Бірақ пәтер иелері ипотека рәсімдер алдында пәтерді жалға беруге ешқандай шектеу енгізілмегенін айтады. Тіпті сатып алу құқығынсыз берілген үйлердің де жалға берілетінін көз көріп жүр. Бірақ мұны құзырлы мекеме тексеріп, бас қатырғысы келмейді. Өзгелерге сабақ болсын деп бірлі жарым тұрғынға заң аясында шектеу қойса, тегін үйге мойын созушылар аяқ тартар еді. Осыдан 4 ай бұрын “Сол жағалаудағы” 45,50,44 үйлер берілген еді. Қазір үй маңынан өтсеңіз, пәтерлердің бос тұрғанын көресіз. Тіпті тұрып жатқандардың басым бөлігі жалға алушылар. Сонда біз пәтерді кімдерге үйлестіріп жатырмыз деген ой келеді. Осы тұста мемлекет «Нұрлы жер» сынды бағдарламаға әр отбасының 5 жылда бір рет қатысу мүмкіндігін қарастыру керек. Сонда ғана баспанаға мұқтаждар қаражат жинақтап боламын дегенше, 5 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болғандармен бәсекелеспей, еркін пәтер таңдау мүмкіндігіне ие болар еді.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!