Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өткен жылы 368 өтініш түскен. Ал биыл қаңтар-ақпан айында департаментке 82 өтініш келіпті. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Қоғамдық кеңесінің отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков республика көлемінде 2023 жылы 50 866 өтініш қаралғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 168,6%-ға өскенін баяндады.

Тарих тақтасы

15 наурыз − дүниежүзілік тұтынушылар құқығын қорғау күні. Алғаш рет 1983 жылдың 15 наурызында атап өтіліп, халықаралық күнтізбеде бекітілген. Наурыз айындағы атаулы күн туралы түрлі дерек бар. Солардың бірінде АҚШ Президенті Джон Ф.Кеннедидің 1962 жылы Конгресте сөз сөйлеуінің құрметіне бекітілді делінген. Президент баяндамада тұтынушының негізгі төрт нәрсеге – қауіпсіздік, ақпарат алу, таңдау, тыңдау құқығы барына назар аудартқан.

Жыл сайын Дүниежүзілік тұтыну-шылардың құқықтарын қорғау күні белгілі бір ұранмен өтеді, бұл басты проблемалы бағыттарға назар аударуға мүмкіндік береді. Мәселен, 2023 жыл «Таза энергияға көшу арқылы тұтынушылардың мүмкіндіктерін кеңейту» деп жарияланды. Ал осы жылы жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ескере отырып, «Тұтынушылар үшін әділ және жауапты жасанды интеллект» ұранымен өткізу туралы шешім қабылданды.

Заң

Тұтынушы – өз қажеттілігі мен жеке шаруашылығына пайдалану мақсатында тауар, өнім сатып алатын азамат немесе ұйым. Нарықтағы тауарды қолданатын адамдардың өз құқығы бар. Ол үшін 2010 жылдың 4 мамырында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заң қабылданды.

2019 жылғы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тұтас және тиімді саясатты қалыптастыру мақсатында арнайы комитет құрылды. Еліміздің әр өңірінде аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері заң талаптарын сақтау бойынша мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта тұтынушылардың шағымдарын қарау мен шешудің үш сатылы жүйесі енгізілген. I кезең – сатушы және тұтынушы арасында реттеу, дауларды сотқа дейін реттеу субъектілері, II кезең ̶ мемлекеттік органдар, III кезең – сот.

Тұтынушылардың негізгі құқықтарына не жатады?

Тауарды иеленуге еркін түрде шарт жасауға, өз құқығын қорғау мақсатында құқықтық сауаттылығын арттыруға, сапалы, қауіпсіз тауар мен қажетті ақпарат алуға, тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастауға немесе қайтарып беруге, моральдық зиянды өтетуге заң тұрғысынан құқығы бар.

Қай салада шағым көп?

Нарықта қызмет көрсетудің түрі көп. Сапалы қызметпен тауарды таңдау − маңызды жұмыс. Халық тарапынан келетін шағымдарға тоқталсақ.

Өткен жылы жүргізілген талдауда 181 өтініштің бөлшек сауда саласына байланысты екені анықталды. Атап айтсақ, сапасыз тауарды айырбастаудан, қайтарудан бас тарту, тұтынушыларды алдау, сапасыз тауар ұсыну фактілері анықталған. Шағымдардың 10,6 пайызы элек трондық сауда, 2,4 пайызы қаржы саласына бағытталған. Қоғамдық тамақтандыру саласы бойынша сапасыз тамақ өнімдері туралы 32 өтінім, ал тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтері саласы бойынша 18, байланыс қызметіне қанағаттанбаған 12 азаматтан өтінім түскен.

Биылғы талдауға келсек, қаңтар-ақпан айының өзінде бөлшек сауда саласына 44 өтініш келген. Электрондық сауда – 10, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтері саласы – 7, байланыс қызметі – 3, қоғамдық тамақтандыру саласы – 2, қаржы қызметіне де 2 өтінім түскен. Қалған шағымдарды басқа салалар құрайды. Шағымдардың негізгі сипаты: сапасыз тауарды айырбастаудан, қайтарудан бас тарту, 14 күн ішінде тиісті сападағы тауарды жеткізбеу, коммуналдық қызметтер үшін төлемді негізсіз есептеу, операторлардың бағасы, жарамдылық, сақтау мерзімдерін сақтамау және несие.

Нендей нәтиже бар?

Арыз жазылады, статистика жүргізіледі, құзырлы органдарға жіберіледі. Ал нәтижесі қандай?

Былтырғы арыз-шағым қорытындысымен 264 өтініш қанағаттандырылып, 26 өтініш түсіндіріліп, 75 өтініш басқа мемлекеттік органдарға жолданған. Нәтижесінде тұтынушыларға барлығы 8,1 млн теңгенің қаражаты қайтарылуына ықпал жасаған.

Республика бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 43,3% жағдайда құқықтық көмек көрсетіп, 17,4% Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексі шеңберінде басқа мемлекеттік органдарға қарастыруға жіберілген. Шағымдарды талдау нәти жесінде 63 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 4,7 млн теңгеге айыппұл салынған. Сондай-ақ 618 бизнес субъектісіне ескерту беріліп, 169 талап қойылғанын нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары 1 млрд теңгеден астам сомаға қорғалған.

Өңірлік департамент

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылар мен бизнес субъектілерінің құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттандыру мақсатында акциялар, брифинг, ашық есік күндері, дәрістер, тікелей эфирлер тұрақты негізде ұйымдастырады. Облыстық департамент тұтынушылар көтерген мәселені заң аясында оң шешімін табу бағытында жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар құқығы бұзылған тұтынушыларға заңдық тұрғыда тегін кеңестер беруге, сатушыларға наразылықтарды дайындауға, сотқа талап арыздар әзірлеуге әрдайым көмек беруге дайын. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов хабарлады.

P.S Тұтынушылардың құқығы бойынша ұсыныс, шағым немесе сауалыңыз болса 711530, 711569 нөмері арқылы байланыса аласыз. Департаменттің мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Журба көшесі 12 үй.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!