Бірде жай, бірде тез өтетін уақыт – адам баласының ең басты құндылығының бірі. Әрине, оны бағалау қажет. Себебі ол қайта оралмайды. Бірақ құнын білсек те, дәл осы маңызды ресурсты өз еркімізбен виртуалды әлемге сарп етіп жатқанымыз тағы бар. Таңертең көзді аша сала смартфонды қолға алу, қоғамдық көлікте келе жатып, әлемдік торды тоқтаусыз ақтару, түнде ұйықтар алдында сағаттап желі ұсынған сан түрлі контентті тұтыну – бүгінгі қоғамның қалыпты дағдысына, тіпті жазылмас дертіне айналды.

Ең алғаш қолданысқа енген әлеуметтік желіні білесіз бе? 1995 жылы әлеуметте ең алғаш «Classmates.com» қолданысқа енген. Ал кейіннен 2003-2004 жылдары қатарға «LinkedIn», «MySpace», «Facebook » қосылды. Олардың ең алғаш мақсаты – ақпарат алмасу, байланыс құралы ретінде пайдалану. Бірақ уақыт өте ол өз мағынасын жоғалтты.

2023 жылы Kazinform сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, «Facebook» – 2,9 миллиард қолданушысы бар әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі. Одан кейін 2,5 миллиард және 2 миллиард қолданушылары бар «Youtube» және «WhatsApp ». Үздік бестікке 1,4 миллиард пайдаланушысы бар «Instagram» және 1,3 миллиард тұтынушымен «WeChat» қосымшалары кірді. Сондай-ақ «TikTok», «Facebook Messenger», «Telegram», қытайлық «Douyin», «Kuaishou», «Sina Weibo» және басқалары ең танымалдардың тізіміне енді.

Сонымен қатар ең сүйікті желі ретінде қолданушылар Марк Цукерберг пен оның командасының Meta-ға қарасты «WhatsApp» желісін таңдады – 16,1%. Екінші орында «Facebook» әлеуметтік желісі – 14,6%, ал «Meta» компаниясының тағы бір өнімі «Instagram» үшінші орында. «Facebook» желісінен айырмашылығы небәрі 0,1 пайызды құрады. Бұл әлеуметтік желілердің өзектілігі туралы статистика. Бірақ қоғам әлеуметтік желіні не үшін пайдаланады? Бірге білейік.

«Datareportal.com» порталының мәліметіне сәйкес, төрт жыл бұрын, яғни 2021 жылдың басында GWI сауалнамасы ересектердің 84,1 пайызы соңғы бір айда іздеу жүйесін пайдаланғанын анықтады.

Дегенмен, 2025 жылдың басында бұл көрсеткіш 80,6 пайызға дейін төмендеді, бұл іздеу жүйесінің бастапқы мақсатын жоғалтқанын көрсетеді.

2025 жылдың шілде айының көрсеткішіне сенсек, 16 жастан асқан интернет қолданушылардың 93,4 пайызы уақытын әлеуметтік желіге арнайды екен. Салыстырмалы түрде ең төмен көрсеткіш 29,5 пайыз. Бұл бизнес, жұмыс және бірлескен жұмыс. Сол себепті әлеуметтік желіде «уақыт өткізу» жиіледі деген тұжырым шындыққа жанасады.

Жас қолданушылар арасында әлеуметтік желіні орташа тұтыну уақыты жоғары. GWI деректері 16 мен 24 жас аралығындағы әйелдер әлеуметтік желідегі бейнебаяндарды көруге аптасына орта есеппен 25 сағат 45 минут жұмсайтынын көрсетеді, бұл күніне орта есеппен 3 сағат 40 минуттан астам уақытты құрайды. Алғашқы кезде 3 сағат өте аз көрінуі мүмкін. Алайда жылдық көрсеткішпен бұл 55-56 күнді құрайды. Сонда біз шамамен 2 айды әлеуметтік желінің арбауында өткіземіз. Қарап отырсақ, бұл уақытта жаңа тіл меңгеруге, курс өтіп, жаңа мамандықты меңгеруге болар еді.

Неге әлеуметтік желіге әуес болдым? Бұл сұрақ бізді де, сізді де бейжай қалдырмас. Оның жауабы бір-ақ сөз. Алгоритм. «Тек хабарламаларды тексеремін» деп байқаусызда бір-екі сағаттың қалай өтіп кеткенін сезбей қалатынымыз рас. Бұл кездейсоқтық немесе адамның тек ерік-жігерінің әлсіздігі емес, әлеуметтік желілерді жасаушы корпорациялардың арнайы құрған технологиялық тұзағы. Осы орайда «SOCIAL MEDIA AD AUDIENCES: TOTAL REPORTED» статистикасын атап өтпеске болмайды. Мұндағы дерекке сәйкес, әр платформада жарнама деңгейі аудиторияға сәйкес қамтылады. Оның ең жоғарғы сатысында 2,54 миллиард аудиториясы бар «Youtube» қосымшасы тұр. Бұл желінің контентті арнайы сіз үшін дайындайтынының ең басты себебі. Сондықтан интернет қамтитын ақпарат біз үшін «шексіз» қызыққа толы болып көрінеді.

«Reels» санаға әсер ете ме?

Әлемдік тәжірибеде адамның психологиясы мен нейробиологиясын зерттеуге миллиардтаған доллар жұмсайды. Олардың басты мақсаты – желіні пайдаланушыларды экран алдында барынша ұзақ ұстау. Өйткені мұнда өткізген әр секундыңыз – олар үшін жарнамадан түсетін табыс. Егер сіз қандай да бір цифрлық өнім үшін ақша төлемесеңіз, онда сіз өнімсіз. Психолог Александра Шайтанюк «Reels» форматының адам санасына әсері туралы былай дейді: «Ашық түсті ойыншықты елестетіңіз. Ол балалардың көңілін өзіне аудара алады. Роликтер дәл осылай жұмыс істейді. Олар біздің назарымызды аударып, бізді роликте жүргендей үздіксіз мазмұн ағынының бойына тартады. «Reels» көруге жұмсалған уақыт күніне бірнеше минуттан бірнеше сағатқа созылады. 2020 жылғы зерттеуге сәйкес, жасөспірімдер күніне орта есеппен 2-3 сағатын әлеуметтік желіде бейне көруге жұмсайды».

Әрбір жаңа бейнеролик мидағы қуаныш гормоны – дофаминнің бөлінуіне әкеледі. Бұрын сайттарда келесі бетке өту үшін арнайы батырманы басу керек еді. Ол сәйкесінше миға уақытты бағамдауға сигнал береді. Қазір парақшадағы контент бітпейді. «TikTok» немесе «Instagram» жасанды интеллект алгоритмдері сіздің әрбір әрекетіңізді микросекундтарға дейін дәл есептейді. Қайсы видеоға неше секунд қарадыңыз? Қай суретке келгенде парақшаға кідірдіңіз? Достарыңызға не жібердіңіз? Осы деректер негізінде алгоритм сіздің назарыңызды аударатын контентті үздіксіз ұсына береді.

Әлеуметтік желіде кең етек алған бұл мәселе Мемлекет басшысын да алаңдатып отыр. 2026 жылдың басында Президент «Turkistan» газетіне берген сұқбатында әлеуметтік желі тудырған ахуал туралы айтқан еді.

– Газеттер мен журналдар қайта өрлеу кезеңіне қадам басты, өйткені әлеуметтік желілер адамдардың ойлау қабілетіне үлкен зиян келтіріп жатыр. Қазірдің өзінде білім деңгейі мен дүниетанымы он бес жастағы жасөспірімдермен шамалас қырық жастағы адамдарды кездестіріп жүрміз.

Жасырмаймын, жастайымнан мерзімді басылымдарды оқуға әуес болдым, бұл әдетімнен бүгінге дейін айныған емеспін. Қазіргі жағдайда баспа БАҚ өз орнын іздеп, тауып отыр, шолу мен талдауға басымдық беріп, ағартушылық қызмет атқаруда. Кәсіби әрі адал журналистер дайындаған газет материалдары дәстүрлі құндылықтарды сақтауда маңызды рөл атқарады. Газеттерден мен Отанымыздың игілігі үшін қоғам өмірінің барлық саласында жемісті еңбек етіп жүрген лайықты жандар туралы жиі ақпарат аламын. Қазір кең танымал TikTok, Instagram, Telegram-арналар, келісерсіздер, еңбек адамдарының түпкі мүддесінен алшақ.

Қоғамымыз тек жаңалық сенсациялары мен бейне-көріністерді тамашалаумен шектелмей, мазмұнды ақпаратты қадірлейтін деңгейге жетсе деймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастарды виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруге, өмірлік тығырыққа тірейтін жалған иллюзиялардан алыс болуға шақырады. Әлеуметтік желі – өздігінен жақсы немесе жаман құбылыс емес. Ол – заманауи құрал. Егер оны дұрыс, өлшеммен пайдалана білсек, ол білім алудың, кәсіпті дамытудың таптырмас көзіне айнала алады. Алайда оған шектеусіз жол берсек, ең қымбат байлық – уақытымызды ғана емес, ойлау қабілетіміз бен өмірдегі бақытымызды жалмап қоятын қауіпті құбыжыққа айналады. Сондықтан біз әлеуметтік желіге емес, желі бізге қызмет ететін көмекші екенін ұмытпайық!

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!