Зейнетақы – жылдар бойы жасаған еңбектің жемісі. Ал қаржылық тұрақтылық қай кезде болсын маңызды қажеттілік. Қазақстанның зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады: базалық, міндетті және ерікті зейнетақы жүйесі.

Бұл жүйе азаматтарды қаржылық тұрғыдан қолдауға және еңбекке жарамсыз кезеңінде тұрақты табыс алуға бағытталған. Алайда жүйеде бірқатар мәселе бар, соның ішінде жасқа байланысты шекті қаржы көлемі, зейнетақы қаражатын алдын ала пайдалану мүмкіндігі және еңбек өтілі жоқ азаматтардың зейнетақы алу құқығы.

САНДАР СӨЙЛЕСІН

2025 жылдың қаңтар айының дерегі бойынша, елімізде 2 млн 451 мың зейнеткер бар. 2024 жылы жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңгеге жетсе, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 88 967 теңге, ал базалық зейнетақы – 42 589 теңгені құрайды. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен 3 трлн 752,1 млрд теңге төленген. 1 трлн 182,3 млрд теңге базалық зейнетақыға, ал 2 трлн 569,8 млрд теңге ынтымақты зейнетақы төлеуге қаралған.

Құрмет демалысына ерте шығу жолдары

Бәрімізге белгілі, елімізде ер азаматтар 63 жастан зейнеткер атанса, әйелдер 61 жастан осы санатқа енеді. 2027 жылға дейін 63 жасқа жеткенше кезең кезеңімен көтеріледі. Бұл әлі күнге дейін шешімін таппаған, қоғам арасында белсенді талқыға ие мәселе.

– Өмірімнің көп жылын ұстаздық етуге арнадым. Бүгінде, шүкір, құрметті демалысқа шықтым. Зейнетақы орташа деңгейде жеткілікті деп ойлаймын. Зейнет жасын уәкілетті органдар бекер белгілемеген. Десе де үздіксіз еңбек еткен жылдары елеусіз қалған денсаулығымыз бен жастығымыздың орнын толтыру, әсте, енді мүмкін болмасы анық. Қартайған шақта қазіргі қалпымызды түрлі дәрі-дәрмек, дәрумендермен ғана сақтауға болады. Бірақ азық-түлік бағасы жыл санап шарықтап келеді, ал дәрілердің құнын айтпасам да біліп отырсыздар.

Қоғамдық көлікпен қала арасында жиі қатынаймыз, коммуналды төлемдерді өтейміз. Осы орайда зейнеткерлерге арнайы жеңілдік қарастырылса деген тілегім бар. Тағы айта кетер ұсынысым: жылына бір рет еліміздің көрікті жерлерін аралауға, демалыс орындарына жолдама берілсе екен. Астана, Алматы секілді Қазақстанның ірі қалаларында егде жасқа жеткен қариялар үшін тегін үйірмелер бар. Біздің де облыста осындай мекеме ашылса деймін, себебі бұрын хоббимен айналысуға уақыт тапшы болды. Жұмыс, отбасы, бала тәрбиесі, күйбең тіршілік деп жүргенде мұның бәрі шет қалды. Ал қазір мұның бәрін өтеуге уақыт бар, алайда мүмкіндік жоқ. Зейнеткер де қоғамның мүшесі, сол себепті бізді ұмыт қалдырмауларыңызды сұраймын, – дейді қызылордалық зейнеткер Әлима Сұлтанова.

Кімдер зейнетке ерте шыға алады?

Көп балалы аналар (бес және одан да көп, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналар) – 53 жастан, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонының ең қауіпті аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз мен 1963 жылғы 5 шілде аралығында кемінде бес жыл тұрған ерлер – 50 жастан, әйелдер – 45 жастан бастап зейнеткер санатына ене алады.

Елімізде ерте зейнетке шығуға тыйым салынбағанымен, бұл процесте бірқатар маңызды ереже қарастырылған. Заңнамада уақытынан бұрын зейнеткер болу үшін еңбек өтіліне қатысты нақты талаптар қойылмаған. Оның орнына азаматтың зейнетақы жинағының сомасы маңызды рөл атқарады. Яғни мерзімінен бұрын зейнетке шығуды қалаған азамат неғұрлым жас болса, оның БЖЗҚ- дағы жинақталған қаражаты да соғұрлым көп болуы қажет.

Зейнет аннуитеті туралы не білеміз?

Зейнетақы аннуитеті дегеніміз – азаматтарға зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымымен келісім жасасу арқылы өмір бойы тұрақты табыс алуға мүмкіндік беретін қаржы өнімі. Бұл жүйе зейнеткерлердің қаржылық тәуекелін төмендетуге және олардың әлеуметтік тұрғыда тұрақты болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ерте зейнетке шығуды қалаған адамдар үшін зейнетақы аннуитеті тиімді болуы мүмкін. Ерлер 55 жасқа толғаннан кейін аннуитет алуға мүмкіндік алса, әйелдер 53 жастан бастап аталған шартты рәсімдеуге құқылы. 2024 жылдың қараша айында елімізде 106 мыңнан астам шарт тіркелген.

Оның артықшылығы – экономиканың тұрақсыздығы немесе денсаулықтың нашарлауы жағдайында азаматтарға тұрақты табыс алу мүмкіндігін береді. Бұл өнім қаржы нарығындағы төмен мөлшерлемелерге қарамастан, зейнеткердің тұрақты табысын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ «бірлескен зейнетақы аннуитеті» ұғымы бар. Бұл әдісті мынадай жағдайда қолдануға болады: егер ерлі-зайыптылардың біреуінің зейнетақы жинағы жеткіліксіз, ал екіншісінде артық қаражат болса, бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуі де өмір бойына төлем алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жағдайда әрқайсысына жеке төлемдер кестесі жасалады. Неке бұзылса, төлемдер ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 есесінен төмен болмайды. Біреуі қайтыс болғанда, екіншісі аннуитет бойынша төлемдерін (КД 0,7 есесінен кем емес) ала береді. Бұл қаржылық тәуекелдерді азайтады.

Алайда зейнеткерлік аннуитеттің кемшін тұстарын да ескере кету керек. Қаржы өнімінің кірістілігі шектелген, кейде төлем сомасы төмен болуы мүмкін, сондай-ақ келісімшартта шоттағы қаражатты мұраға қалдыру мүмкіндігі қарастырылмайды.

Қордағы қаражатты мерзімінен бұрын жұмсағыңыз келсе…

Иә, зейнетақы қорындағы қаражатты мерзімінен бұрын жұмсауға болады. Кеңінен тоқталсақ. Зейнетақы қорындағы қаражатты мерзімінен бұрын пайдаға жарату үшін шекті сомма белгіленген: 20 жас – 3 260 000, 59 жас – 9 670 000 теңге, 62 жас – 9 890 000. Бұған қатысты да қоғамда пікірталас туды. Себебі жасы бар болғаны 20-дан енді асқандар мұндай қаражатты жинап үлгермейді. Тіпті олар ЖОО-ны да аяқтап үлгермеген. Дегенмен мамандардың айтуынша, зейнетақы қорының басты мақсаты – тұлғалардың зейнетке шыққандағы қажетті қаржылық тұрақтылығын сақтау.

2021 жылы зейнетақы жинақтарын ипотекалық қарызды өтеуге немесе ипотекасыз тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болатыны айтылды. Өткен жылы бір реттік зейнетақы төлемдеріне 2 855 320 өтініш қабылданып, оның 1 880 496-сы мақұлданып, 3,7 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ипотеканы зейнетақы қорындағы ақшамен төлеу үшін қордағы жинақ бекітілген шекті сомадан артық болуы қажет.

Аталған мүмкіндікті қолдану, қанша көлемде қаражат алуға болатындығын eGov пен eGov-mobile қосымшаларың немесе БЖЗҚ – Отбасы сайтының көмегімен білуге болады.

Әлем елдерінің ішінде тек Қазақстанда ғана емделу мақсатында зейнетақы қорындағы қаражатты қолдануға болады. Тісті емдеу, түрлі диагностикалық зерттеулер, отадан қалған тыртықтарды реконструкциялау (пластикалық операция) және өзге де медициналық қызметтерді аталған зейнетақы есебінен тегін пайдалануға мүмкіндік бар.

Жұмыс өтілінсіз-ақ зейнетақы алуға болады

2018 жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне сәйкес жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Ол еңбек өтілі еңбек кітапшасы арқылы расталады, ал егер кітапшасы һәм өзге де қажетті дәлелді құжаттар болмаған жағдайда, сот шешімі арқылы анықталады. 10 жылдан кем немесе мүлде жұмыс істемеген азаматтарға 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 32 360 теңге базалық зейнетақы тағайындалады, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% көлемінде болмақ.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы зейнетақы қорының мәселесі тек экономикалық тұрғыдан емес, сонымен қатар қоғамның рухани және әлеуметтік тұрғысынан да қарауды талап етеді. Ерен еңбекпен еліміздің дамуына үлес қосқан әрбір азамат лайықты зейнетке қол жеткізуі тиіс. Дана халқымыз «Қарты бар ел – қазыналы ел» демекші, әрбір қарт адамның өмірлік тәжірибесі мен даналығын құрметтеуге тиіспіз. Сондықтан мемлекет те, қоғам да олардың еңбегін бағалап, бейнетінің зейнетін көретіндей жағдай жасауы қажет.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!