Салымшылар келесі жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады. Бастапқыда бұл жаңалықты естіп, қуанғанымыз рас. Кейіннен халықтың басым көпшілігінің қордағы ақшаны алуға мүмкіндігі аз екені анықталды. Сол күннен бастап, бұл мәселе ел арасында кеңінен талқыланып, сын ескертпе де айтылды. Мұның барлығы ел Үкіметінің құлағына жетіп, біршама өзгеріс енгізуге Сенат отырысына жолданды. Нәтиже қандай? Ел экономистері бұл жөнінде не айтады? Саралап көрсек.

Статистикаға сәйкес, елімізде зейнетақы қорының тек 6 пайыздан астам салымшысы ғана осындай мүмкіндікке ие. Яғни 700 мыңнан астам салымшы. Оның бәрі бірдей ақшасын шешетін болса, қордағы қаражат 1,4 триллион теңгеге азаяды екен. Соңғы дерекке сүйенсек, елдегі 10 млн 800 мың азаматтың шотында зейнетақы жинағы бар. Алайда оның 6 млн-ға жуығының жинағы 500 мың теңгеге де жетпейді. Зейнетақы қорындағы жинақтың аз болуы халықтың төмен жалақы алуына тікелей байланысты дейді мамандар. Ал ең төменгі шекті бағаны анықтаудың әдістемесін Үкімет бекітеді. Жеткілікті шек дегеніміз – салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс жинақ ақшасының ең төменгі мөлшері. Ол болашақта салымшыны жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажет. Қартайғанда көк тиынсыз қалмас үшін есепшотта белгілі бір мөлшерде қаражат қалуы тиіс. Одан қалған бөлігін алуға болады. Заң жобасы бойынша жеткілікті шек әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді, бірақ әрбір жас үшін жеке есептеледі. Бұл ретте ол кіріс, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері секілді өзекті көрсеткіштерге қарай жаңа алушылар үшін қайта есептелді.

Министрліктің есебінше, 20 жастағы азамат үшін «жеткілікті шек» – 1 млн 720 мың теңге. Ал осыдан асқан қаражатын ол жоғарыда аталған мақсатқа пайдалану үшін БЖЗҚ-дағы есепшотынан ала алады. Бұған дейін жинақты тек бір рет қана алуға болады екен деген ақпарат шыққан еді. Енді қордан ақша алу мүмкіндігі шектелмейді. Сондай-ақ азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері үшін ғана емес, жақын туыстары, ата-әжесі, әке-шешесі, балалары, туыстары үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге, жинақты біріктіруге пайдалана алады.

Қордағы қаржыны алу үшін

БЖЗҚ-дағы жинақ қаражатының бір бөлігін емделуге пайдаланғысы келетін салымшы облыс, республикалық маңызы бар қаладағы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы арнайы комиссияға өтініш береді. Медициналық көмекке зәру екені туралы комиссия қорытындысын алып, емделетін клиниканы таңдағаннан кейін салымшы уәкілетті операторға зейнетақы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін емделуге пайдалану туралы өтініш тапсырады. Салымшы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алғысы келсе уәкілетті оператор «Тұрғын үй жинақтаушы банкі» қызметін пайдаланады. Тұрғын үй мәселесі бойынша бір ғана шектеу бар. Яғни қордағы қаржы арқылы алынған үйді 5 жыл ішінде қайта сатуға болмайды. Зейнетақы жинағының бір бөлігін басқаруға бергісі келетін салымшы қандай жеке қаржы компаниясын таңдағаны жайлы БЖЗҚ-ға өтініш береді. Сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайды. Бір есте ұстайтын жайт, ешбір салымшы қаржыны қолма-қол ала алмайды.

– Зейнетақы жинағын алу бастамасы өте орынды. Себебі бұл жерде тегін ешнәрсе жоқ. Керісінше азаматтарға дамыған елдердегі секілді зейнетақы қорындағы жинағын үй алуға немесе емделуге беру ұсынылды. Әлемде азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшаны қажеттіне қарай пайдалану қалыпты жағдай. Ерекше атап көрсетерлігі, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі тұрмысы төмен азаматтарға емес, орта тап өкілдеріне беріліп отыр. Бұған дейін үнемі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға ғана жағдай жасалып, ал жұмыс істеп, салық төлеп отырған орта тап өкілдері назардан тыс қала берді. Ресми мәлімет бойынша, салымшылардың 7%-ы ғана зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алатыны белгілі. Халықтың 93%-ы зейнетақы қорындағы жинағы «жеткілікті шек» мөлшеріне жетпейді. Бұл ‒ еліміздегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесіндегі кемшілік. Қордан алынған ақшаның 60-70%-ы ипотеканы өтеуге жұмсалады. Бұл шара алыпсатарлық пен инфляция туғызуы мүмкін емес. Несиенің басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлестірілген. Яғни қарыз кері қайтады. Ақшаның қалған 30-40% тұрғын үй сатып алуға жұмсалуы мүмкін. Бұл шамамен 420-680 млрд теңге. Дәл осы қаражат тұрғын үйге деген сұраныстың қайта артуына ықпал етіп, баспана бағасының шарықтауына әкелуі мүмкін, – деді экономист Олжас Құдайбергенов.

Қордың таусылуы мүмкін бе?

Жуырда қоғам белсендісі Әлия Садырбаева еліміздің зейнетақы жүйесіндегі дау-дамайды тізіп берді. Ол қордағы қаражат енді бес жылдан соң зейнетақы төлеуге жетпейтінін айтты.

– Дүниежүзінде зейнетақы қорлары азаматтардың зейнетақы аударымын жинақтау мақсатында құрылады. Іс жүзінде банк пен инвестициялық қорға ұқсас жүйе. Яғни азаматтар аударған ақшасынан азын-аулық пайда көруі тиіс. Ал бізде ол жоқ. Одан бөлек 2015 жылы жекеменшік зейнетақы қоры БЗЖҚ-на біріккен тұста 90 млрд теңге жоғалып кетті. Бұған «қош» дедік. БЖЗҚ қаржысынан 15 млрд теңге ЭКСПО-2017 көрмесіне жұмсалды. 2016 жылы 3 млрд теңге банкрот болған Қазинвестбанкпен бірге көзден бұл-бұл ұшты. 71 млрд теңге Әзербайжанның халықаралық банкінде қалды. «Qazaqбанк» 10 млрд теңгені қайтармады. «Дельта банк» 9 млрд теңге қарыз болды. 7,5 млрд теңге Астана Банкінің мойнында. «Эксимбанкте» – 15,5 млрд теңге кетті. Бұлар БЖЗҚ жабылған банктерінде кеткен депозиттер. Бұдан бөлек  БЖЗҚ-ның 2020 жылы шілдеге дейін екінші деңгейлі банктерге 1 триллион 184,6 миллиард теңге қарыз берген. Бұл – «банктерге берген 1,5 трлн теңгедей «жай көмекті» есептемегендегі сома. Ал тура сол ақшаны бізге банктер үстінен 20, 30, тіпті 50% қосып кредитке беруде. Квазимемлекеттік сектордағы компаниялар да зейнетақы қорына 1,9 млрд қарыз «Казагро» БЖЗҚ-на 648 млрд теңге берешек. Осылайша қордағы қаржы есепсіз алына берсе, бес жылда зейнетақы қорындағы жинақ азаматтардың зейнетақысын төлеуге жетпей қалуы мүмкін, – дейді Әлия Садырбаева.

Байқағанымыздай, қордағы жиналған қаражат түрлі мақсатта қарызға пайдалануға берілген. Миллиардтаған қаржыға түсетін инвестициялық кірістің әр салымшыға есептелінбейтіні де қызық болып тұр. Бұдан бөлек қордан зейнетақы жинағымызды алған жағдайда бізден 10% жеке табыс салығы ретінде ұстап қалады. Мысалы, қордан 2 млн қаражат алсаңыз, 200 мың теңге табыс салығы ұсталып, қолыңызға 1 млн 8 мың теңге аласыз. Бұл мәселе қоғамда келіспеушілік тудырып, сенаторлар табыс салығын кейін төлеуге мүмкіндік беретін кодекске түзету енгізу жайлы құжатты қабылдады. Оған сәйкес зейнетақы жинағының бір бөлігін алған адамға салықты бірден төлеуге емес, зейнетке шыққаннан кейін бірнеше жыл ішінде біртіндеп төлеуге рұқсат берілді. Осы тұста көпшілікті мазалайтын бір сұрақ бар. Зейнетақы қорына әр азамат тапқан табысы есебінен төлем жасайды. Жылдап жинаған қордағы қаржы үшін неге табыс салығы салынатыны түсініксіз. Себебі Үкімет қордағы қаржыны екінші деңгейлі банктерге беріп, қаржыны көбейтіп жатқаны белгілі. Ал қордағы қаржының таусылуы мүмкін бе деген сауалға экономист сарапшы Мақсат Халық былай деп жауап берді:

– Қазіргі таңда зейнетақы қорындағы қаражатты азаматтардың өзіне басқаруға беру мәселесі талқылануда. Президент нақты тапсырма да берді. Әзірге 721 мың адам қордағы қаражатын ала алады. Бұл ел үшін тиімді ұсыныс дер едім. Бірақ бұл жерде тек тұрғын үй жағдайын жақсартуға ғана басымдық берілген. Сол себепті қаржыны алу мүмкіндігінің ауқымын кеңейту қажет сынды. Мысалы, емделуге де қор қаражатын пайдалануға болады делінген. Осы бағытты толықтырып, нақты қандай диагнозбен ауыратындар бұл қаржыны пайдаланатынына тоқталу қажет. Сонымен қатар ұлттың болашағы – білімде. Сол себепті білім саласын да тысқары қалдырмау керек. Білімге инвестиция құю да маңызды. Шетелде немесе республикамыздың беделді оқу орнында оқығысы келетін жастарға да мүмкіндік берілсе екен. Сондай-ақ ата-аналардың қордағы қаржысы шекті бағадан асса, үй-жайы барлар үшін баласының оқуын төлеуге мүмкіндік берілсе деген ұсынысым бар. Зейнетақы жинағын әрбір азаматтың өзі басқарған жөн деп санаймын. Себебі, табысымыздың 10 пайызын аударамыз. Оның зейнетін тек ғана зейнетке шыққан соң немесе өзге мемлекетке қоныс аударған жағдайда алуға болады. Жастайыңыздан жинаған қаржы инфляцияға ұшырып, құнын жоюы мүмкін. Егер де әр азамат қордағы қаржысын басқарып, бақыласа, нәтижесінде зейнетақы қорындағы басты проблема зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісінің ұлғаюына септігін тигізер еді. Өйткені инвестициялық кірістілік осы уақытқа дейін төмен болды. Тағы да айта кететін мәселе, зейнетақылық аннуитет деген бар. Егер тиісті қаражат жиналса, ерлер 55 жаста, әйелдер 51 жаста ерте зейнетке шығуына болады. Ол қаражаттың көлемі қазір 10 млн теңгенің үстінде. Осы шекті бағаны 6 немесе 7 млн-ға түсірсе, еңбек еткен ел азаматтарына жақсы болар еді. Ал қордағы қаржы 5 жылда бітеді дегенге сенбеймін. Себебі, зейнетақы қоры салымшылары жылдан-жылға артуда. Одан бөлек, қордағы қаржыны әрбір азамат бақылауында ұстаса, шекті қаржы жинағандар қаржыға қол жеткізсе, қорға қаржы аударуға ынталы азаматтар көбейеді, – дейді экономист сарапшы Мақсат Халық.

Ал Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның айтуынша, бұл мәселе әсіресе пандемиядан өтіп, ел экономикасы баяулаған кезде аса маңызды болып отыр. Депутаттар бұл жаңалық отандық экономикаға, оның ішінде инфляцияға қалай әсер ететінін жан-жақты зерттеуде.

Азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесіндегі сауаттылығын арттыру маңызды. Халық алаяқтардың құрығына түспес үшін біз қазір зейнетақы активін сенімгерлік басқаруға беруді қараймыз. Сондықтан бұл мәселе мұқият пысықталуы керек. Біздің азаматтар өз жинағын кімге беретінін және оның болашақтағы қаупі қандай екенін түсінуі тиіс, – деді депутат Нұрлан Қылышбаев әлеуметтік парақшасында.

Әлемдік тәжірибе не дейді?

Зейнетақы жинағын сақтандыру қорына салуға болады. Сақтандыру қоры қаржыны айналдырып, көбейтеді. Ал салымшыға, яғни инвесторға тапқан табысынан төлем төлейді. Шетелдегі сақтандыру компаниялары осылай жұмыс істейді. Көбінесе шетелдік зейнеткерлер сақтандыру қорынан түскен табысқа саяхаттайды. Бізге де осындай дәрежеге жету үшін уақыт қажет сияқты. Өйткені осы уақытқа дейін көпшілік қорға қаржы аударуға құлықсыз болды. Мекемелерге Үкімет міндеттегеннен кейін мәжбүрлі түрде аударылып жатқаны да жасырын емес. Енді қордағы қаржыны басқару тетігі әр салымшыға берілсе, халықтың сауаты артары сөзсіз. Нәтижесінде инвестициялық табыстың әр салымшыға түсуіне жол ашуы мүмкін. Мұның барлығы уақыт еншісінде. Енді әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек.

 Малайзияда қажылыққа барғысы келген адамды зейнетақы қоры толығымен қаржыландырады. Яғни кез келген адам Меккеге зейнетақы қорындағы ақшамен бара алады. Мәселен, АҚШ-та жұмыс істейтін зейнеткердің жылдық табысы лимиттен асатын болса, оның лимиттен асқан әр доллары үшін зейнетақысынан 50 цент ұсталады. Әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламасына сәйкес, толық зейнеткерлік жасқа жеткен азамат зейнетке шықпай тұрып тапқан ақшасының 44%-ын алады. Ал Ұлыбританияда екі түрлі зейнетақы қарастырылған: негізгі және қосымша. Негізгі зейнетақы тек зейнеткерлік жасқа толған, еңбек өтілі 10-11 жылдан кем емес азаматтарға беріледі. Егер салымшы ол State Earnings Related Pension Scheme жүйесіне ақша аударған болса, қосымша зейнетақы алады. Байқағаныңыздай, дамыған елдердің барлығында зейнетақы қорындағы қаржыға зейнетке шықпай, қолдануға рұқсат берілмейді. Тек ғана Сингапур елінде зейнетақы қаржысын жұмсау тәжірибесі бізді қызықтырды. Бұл елде зейнетақы жинағынан тұрғын үй және оқудың ақшасын төлеу үшін қордағы ақша белгілі бір шекке жету қажет. Ал көршілес Беларусь республикасында жинақтау жүйесі жоқ. Ресей, Арменияда жинақтау жүйесі әртүрлі.

Жаңарған есептік көрсеткіш

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге. Бұл көрсеткіш күнкөрістің ең төменгі деңгейінің 54%-на тең. Ең төменгі зейнетақы – 43 272 теңге. Бұл төлемді ынтымақтастық деп те атайды. Ол базалық зейнетақыға қосылады және 1998 жылға дейін жеткілікті жұмыс өтілі бар зейнеткерге төленеді. Ынтымақтастық зейнетақының мөлшері келер жылы 7%-ға артады. Ең төменгі жалақы – 42 500 теңге болып қала береді. Бұл көрсеткіш соңғы рет екі жыл бұрын өзгерген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мемлекеттік аударымдардың мөлшері 1,6%-ға дейін ұлғайтылды. 2021 жылдан бастап азаматтар міндетті медициналық сақтандыру қорына жалақының 1%-ын емес, 2%-ын өз қаражаттары есебінен аударады.

P.S. Елдегі зейнетақы жүйесінде күрмеуі шешілмеген мәселе өте көп. Тұрғындар арасында жинақтарын бақыламақ түгілі қызығушылық танытпайтындары да жетерлік. Оған себеп те бар. Өйткені осы уақытқа дейін зейнетақы алып, арқаны кеңге салып, бейнеттің зейнетін көргендер саны аз.  Тіпті зейнетақы өседі дегеннен халық үркіп қалған. Өйткені қоғамда зейнетақы өссе, азық-түлік қымбаттайды деген түсінік қалыптасқан. Бұл түсініктің шындыққа жанасатынын іштей сезгенімізбен, қолдан келер шара болмай тұрғаны.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!