«Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» деген бабаларымыз. Бала атаулының есіл-дерті ойын ойнау екені рас. Күнделікті таңертеңнен кешке дейін ойынның қызығына батса да, бала деген ешқашан ойынға тоймайды. Ойын мінез ерекшелігінің қалыптасуына және бала мінезінің ашылуына септігін тигізеді. Қоғаммен байланыс орнату, қоршаған ортамен тіл табысу тәсілін бала ойын ойнау арқылы үйренетінін ескерсек, қаламыздағы әрбір үйдің жанында балалар ойнайтын аула болуы қажет. Бірақ қаламыздағы балалар ойын алаңы сын көтере ме?

Жабайылықтың шегі
Қорқыт ата мен Қазбек би қиылысы

Балалар ойын алаңы қай кезде де өзекті мәселе. Онсыз да смартфонға үңілген баланы бір уақыт таза ауаға шығарып, серуендетіп ойнатқымыз келеді. Бірақ бәріне бірдей жағдай жасала қоймаған. Себебі көпқабатты үйлердің бірінде ойын алаңы болса, ендігісіне ойын алаңы арман. Ал бар дүниені қирататындар үшін әңгіме бөлек. Сонымен бүгінгі ойын алаңы талапқа сай ма? Бізде қанша ойын алаңы бар? Оның қаншасы жөндеу жұмысынан өткізілді? Биыл неше ойын алаңы тұрғындардың игілігіне берілмек? Осы туралы тарқатып айтамыз.

Жабайылықтың шегі
Арай мөлтек ауданы

Қаладағы балалар ойын алаңының бірнешеуін аралап, көзбен көріп шығуға тура келді. Әріптесім Нұрболат Нұржаубай екеуміз қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округінен бастап, «Досан» ауылы, одан кейін Сарқыраманың бойы, орталық алаң, ескі базардың жанындағы көпқабатты тұрғын үйлерді, «Арай» мөлтек ауданын аралап шықтық. Фотоаппаратын асынған әріптесім өз жұмысына кірісті. Тұрғындарды әңгімеге тартып, ойын алаңының мән-жайын білдік. Бір қызығы, бүтін дүниені бүлдіруге өзіміз де құмар екенбіз. Себебі тозығы жетті деген күннің өзінде әдейілеп сындырғандары жетерлік. Бала ойнайтын әткеншекте ересектер де отыр.

Жабайылықтың шегі
Арай мөлтек ауданы

Дінмұхаммед СЫРЛЫБАЕВ, “Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі бөлім басшысының орынбасары:

Жабайылықтың шегі
Арай мөлтек ауданы

20 ойын алаңы пайдалануға беріледі

Жабайылықтың шегі
Дінмұхаммед СЫРЛЫБАЕВ

‒ Былтыр “Жұмыспен қамту жол картасы” аясында бізде 30 ойын алаңы салынды. Қабылдап алдық. Ойын алаңының ішінде 3 жинақ болады. Футбол алаңы, спорттық тренажер, балалар ойын алаңы. Футбол алаңының көлемі стандарт болып бекітілді, жоба бойынша 13,24 метр. Тренажерға 11 элемент қойылды. Балалар ойын алаңында өзіндік талаптар бар, айналасының барлығы қоршалған. Биыл да дәл сол жоба бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Бірінші кезекте әлеуметтік желіге, бізге тікелей өтініш жазғандардың тізімін жасақтадық. “Біздің аумақтың ойын алаңы қираған, жөндеу керек, бізге ойын алаңы керек” деген мәселе көп түседі. 2020 жылы қажет ететін тізімді жасап, 30 алаңды пайдалануға бердік. Биыл 10 ойын алаңын салып жатырмыз. Былтыр ескі тұрғын үйлердің ауласына салдық. Шанхай мөлтек ауданы, Тайманов көшесі, Титовқа екі ойын алаңы, Жаппасбай батырға 1 ойын алаңы, қаланың ортасына Бөкейхан, Панфилов жатақханасы ауласына, Мұратбаев көшесіндегі ескі үйлердің ортасына салдық. Бірінші кезекте ескі үйлердің ауласын қамтыдық. Сол жағалауда 5 тұрғын аудан бар. Бірінші кварталға 5 ойын алаңын қойдық.  Футбол алаңы мен тренажер бар. Конкурс бойынша солай берілді, ал қалғаны СПМКА тұрғын ауданына 2-еуі, Астана мөлтек ауданына 1-еуін қойдық. Арай тұрғын ауданына 2-еуі қойылды. Өйткені ол үйлердің пайдалануға берілгеніне 5 жылдан аса уақыт болды. Үйлердің аумағын абаттандыру бойынша ешқандай  мемлекеттік қаражат қаралмаған. Мердігерлер кезінде үй салғанда өз қаражатына салған. Өз қаражаты болған соң, бірі металдан, бірі пластиктен салған, арнайы жоба бойынша жасамаған. Өздерінің қаражат есебінен салғандықтан, біз оларға талап қоя алмадық. Қазіргі таңда салынып жатқан ойын алаңдары қадағалаудан өткен, тағы 10 ойын алаңының орнын белгілеп жатырмыз. Мердігер компания анықталды. “Сапа кз” мекемесі келісім шарт бойынша мамыр айында 10 ойын алаңын тапсыруы керек. Салынған ойын алаңдарының сапасына байланысты арыздар түсіп жатады. Әрине темір болған соң қирайды, сынады. Ересек жігіттердің де отырып алып, сындыратын жағдайлары жиі кездеседі. Ергешбаев, 62 б ауласында әткеншекті үлкендер отырып қиратқан. Одан бөлек жарықты сындырып, торларды жыртып кеткен. Шанхайда да бар. Жөндеу мердігер мекеменің келісімшарт тараптарының міндетінде көзделген. Кепілдеменің ішінде 1,2 жыл күтіп ұстайды. Қираса жөндейді, бұзса істейді. Дегенмен де адам факторынан зардап шегіп тұр. Камазбен де соғып кеткендер бар. Вандализмнен болып жатқан соң оған мердігер мекеме де шырылдайды, бірақ солай болатынын алдын-ала білдік деп айтып істетеміз. Одан бөлек былтыр 60 ойын алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл да сатып алуда тұр, жөндеуді қажет ететін алаңдарын реттейміз. Дегенмен де оны тұрғындар бұзып, сындыруға құмар. Халыққа болсын деп істеліп жатқан дүние көп. Әттең дейсің…, ‒ дейді ол.

Жабайылықтың шегі
Қосшыңырау ауылдық округі

Қосшыңырау ауылдық округіне ойын алаңы салынғалы бірнеше жыл болды. Бүгінде әткеншектің өзі адам қорқатындай халде. Баланы жіберерін жіберіп алып, қайта-қайта қарап тұру ауыл тұрындарының күнделікті әдетіне айналды. Одан қалды ойын алаңын қоршап қойған сымның өзіне бала бір жерін зақым қыла ма деп қорқасыз.

Жабайылықтың шегі
Қосшыңырау ауылдық округі

Дулат ТАУБАЙ, Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі:

Барлығын жөндеуге қаржы жетпейді

Жабайылықтың шегі
Дулат ТАУБАЙ

– Ойын алаңын жөндеу жұмыстары жоспарда бар. Бұл алаң 2011-ші жылы салынды. Одан бері қанша уақыт өтті. Ауыл тұрғындарының да жаны ашымайтынын жасыра алмаймыз. Себебі сырттан келіп ешкім сындырып кетпейді. Үлкен азаматтардың өзі үстіне отырып алады. 11 жылдың ішінде темірдің тоз-тозын шығарды. Былтыр футбол алаңының торын қайтара салдырып қойғанбыз. Жыртып тастады. Оны істеп жатқан өзіміздің балалар. Оларға бірдеңе деп көріңіз. Ата-анасы келіп, менің жағамнан алады. «Бәрі шығып жатыр ғой» дейді. Десе де жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Бұл ойын алаңын ИП «Аида» ұтып алды. Сметасымен танысты. Биыл футбол алаңын істейді. Ойын алаңының барлығын жөндеуге қаржы жетпейді. Былтырдан қалған қаржыны игеруді жоспарлап отырмыз. Қоғамдық кеңес мүшелерінің шешімімен алдымен футбол алаңын жөндеуді қолға алдық. Ал ойын алаңына биылғы бөлінген қаржыдан артылғанына жөндеу жұмыстарын жүргізетін шығармыз. 2017 жылы мал жайылып жүретін жер ғой. Сосын әкімшіліктің жаны, балалар ойын алаңының қасы болған соң мүмкіншіліктің ыңғайына қарай жасап қойғанбыз. Барлығын қаржы шешетіні айтпасақ та белгілі. Бір жылғы жоспарды орындасақ, содан қалған қаржыға керекті жұмыстарды жасаймыз. Бөлінген қаржыдан артылғанын қоғамдық кеңес мүшелерімен ақылдаса отырып, ортақ іске жұмылдырамыз. Қаражат болмаған соң сол күйінде тұр. Қоршау кемінде 5-6 миллионды қажет етеді. Себебі аумағы үлкен.  Алдағы уақытта үнемделген қаражат есебінен жөнделеді деп тұрмыз. Ал «Досан» ауылындағы ойын алаңына үнемделген қаражатты әкімшіліктің рұқсатымен конкурсқа шығарамыз. Ол ойын алаңын жөндеу келер жылдың жоспарында бар.

Жабайылықтың шегі

Қосшыңырау ауылдық округі

Ауыл балаларына алданатын дүние керек-ақ. Мәселен, спорт кешенін салуды жоспарлаған жас жігіттің бастамасы аяқсыз қалды.

Бағдат АРЫСТАНОВ, Қосшыңырау а/о тұрғыны:

Жобам қолдау таппады

– Ауылдағы ойын алаңының түрі бәрімізге белгілі. Біз ауыл жастары ауылға керекті дүниені, кем-кетігін білеміз. Барлығымыз бірлесіп, ауыл жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Мәселен, газ мәселесі шешімін табады деген үміттеміз. Оған да ауыл тұрғындарының тигізген үлесі зор. Ол үшін журналистер шақырып, республикалық арналардан көгілдір отынның керегін айттық. Ендігі жерде ауылға жеке кәсіпкер өз қаражатымен салдырған мешітті аяқтап, ішкі жұмыстарын жүргізуді ауыл жастары, тұрғындары қолға алды. Бірі қаржымен көмек берсе, енді бірі әрлеу, сырлау жұмыстарын жауапкершілігіне алып жатыр. Ал ойын алаңы бізді де алаңдататыны рас. Ауыл тұрғындары үшін спорт кешенін салып бергім келеді. Оны тұрғындар жақсы біледі. 2020 жылы ТОО Газстройгрупп мекемесі Қосшыңырау ауылдық округіне жекеменшік әріптестік аясында спорт кешенін салуға облыстық спорт басқармасына ұсынысын айтты. Олар ауылды зерттеп, қажет деп тауып бізге келісімін берді. Дегенмен де жердің құжаттарын рәсімдеуге байланысты 2021 жылға қалып қойған болатын. Облыстық спорт басқармасы биыл жекеменшік әріптестік аясында қаржыландыру болмауына байланысты облыс бойынша бұндай жобаларды тоқтата тұру керегін айтты.

Жабайылықтың шегі

Арай мөлтек ауданы

Гүлмира ӘБІҚАЙ, журналист:

Мемлекет балаларды қорғауға әлсіз

Жақында инстаграм әлеуметтік желісіне бір жігіт өзінің ойын алаңын қалай сындырып жатқанын жариялады. Бұл халықтың назарын аударды. Алматы полиция департаменті ол жігітті бірден тапты. Әдеттегідей жігіт кешірім сұрады. Бұл шынымен де замандастардың салғырттығы.

– Алматы. Көп қабатты үйдің ауласында футбол ойнап жүрген 5 жасар балақайдың үстіне темір қақпа құлады. Сөйтсе, 5 жыл бұрын орнатылған қақпаның түбі бекітілмеген екен. Балақай ес-түссіз ауруханаға жеткізілді, жағдайы ауыр, әзірге отаны көтере алмайды деді дәрігерлер. Байғұс ата-ана шыр-пыр болып қалды. Ал әкімдік футбол алаңын орнатқан мердігер компанияның басшысын іздеп әлек.

Екінші оқиға. Есіл қаласы. Колледжге сабаққа кеткен жасөспірім үйіне тірі оралмады. Сабағы бітіп, агроколледжден сыртқа шыққаны сол еді, ғимараттың шатырдағы бетоны құлап, астында жаншылып қалды. 16 жасар бала сол жерде жантәсілім етті. Әрине екі оқиғада да қылмыстық іс қозғалған шығар. Алайда бұл факт мемлекет ересек тұрмақ балаларды қорғауға әлсіз екенін көрсетеді. Балаларға арналған құралдар орнату, қабылдау т.б. процедураларда жауапкершілік жоқ. Балалар алаңын мүлтіксіз деп қабылдағандар да жауапқа тартылу керек. Тозығы жеткен ғимаратты балалар оқуына жарамды деп қабылдаған кім, жауапқа қоса тартылуы керек. Үлкендер өзімізді өзіміз қорғауды үйрендік, ал балалардың қауіпсіздігін кім ойлайды? Балаға жауапсыз қараған адамға қылмыстық жауапкершілікті арттыру керек. Ойын алаңын сындырып, оны әлеуметтік желіге өзі жариялады. Ісі ерлік жасағанмен пара-пар. Осындай малғұндарды не істейміз? Басқа сөзім жоқ. Қандай мейірімсіз, ұятсыз ұрпақ өсіп келеді? Түнделетіп барып тыныш тұрған балалар алаңындағы темір әткеншекті сындырды. Бұл “ісіне” қасындағы қыз да риза, алматылық Санжардың батырлығына массаттанғаны сондай өз видеосын өз инстаграмға жариялады. Полиция тауып, ұстап еді. “Я молодой, бла-бла… прошу понять и простить” деп қуып тұр. Саналы түрде барып әткеншекті сындырды, ауланың бүкіл балаларын қызықтан қақты, енді қайдағы кешірім? Алматы полиция депортаменті қасақана бұзақылықты кешіріп қарап отырмайды деп сенемін. Санжар лайықты заңмен жазалансын, айыппұл салынып, қамауға алынсын. Шығып келген күні балаларға әткеншекті өз қаржысына тұрғызсын. Соңғы кезде істерін істеп алып, халықтан кешірім сұрағыштыр топырлап кетті.

Барлық жұмысты әкімшілікке ысырып, мойын бұра беруге де болмайтын шығар. Бізде “әкімшілік қайда қарап отыр” деген тіркес үйреншікті сөзге айналып кеткендей. Қалай болған күннің өзінде де әкімшілік істемеген істі тұрғындар өзі бастама көтеріп, істей берудің өзі де дұрыс шығар. Баламыздың ойнағаны, біздің уайымдамағанымыз өзімізге керек қой. Бізге де енді Қоғалыкөл тұрғындарының бастамасын қолға алатын уақыт келген сыңайлы. Әйтпесе сынған үстіне сына беретін дүние жуық арада жөндеуден өтетініне күмәнмен қарайтынымыз жасырын емес.

Жабайылықтың шегі
Қорқыт ата мен Қазбек би қиылысы

Дәулет ТҰРСЫНХАНҰЛЫ, Қоғалыкөл ауылының тұрғыны:

«Үш жылдан бері электр энергиясын реттей алмай отырған аудандық әкімдіктің ойына ойын алаңы қайдан келсін«

Жабайылықтың шегі
Дәулет ТҰРСЫНХАНҰЛЫ

‒ Қазір ауылдық жерлер өз қаражатын тиімді пайдаланудан бөлек демеушілік көмек пен халықтың өз қолынан келетін шаруаларды реттеуді қолға алған. Біз тұратын Қоғалыкөл ауылындағы ағартушы Ыбырай Алтынсарин атындағы көшенің балалары жол бойында ойнайтын. Ата-ана баласын ойнауға жіберген құрлы үйінде тақымын қысып, ауық-ауық алаңдап бітетін-тұғын. Кейде ойланамын, бала күнде біз  азаннан қара кешке шейін ойнаушы едік, бізде ешкімнің шаруасы жоқ болатын. Қызық иә. Таяуда көше бойындағы үйлердің арасында ақ соры шығып жататын бос жерді жергілікті әкімдік пен демеушілер тиімді пайдаланып, балалар ойнайтын алаңқай салып берді. Расымен, қазір қолы қалт етсе әжелер немерелерін ертіп, сонда барады. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сол жерде тынығатын болды. Одан бөлек, абаттандыру жұмыстарына биыл мектеп бітіргендеріне 30 жыл болған түлектер ауылдың кіреберісіне тал егіп, арнайы алаңқай ашып жатыр. Таяуда шаруашылық төрағасы да ауылдың бұрыш-бұрышында балалар ойнайтын алаңқайлар салып, әрбір көшенің өз ойын алаңын салып бермекші. Бүгінде оған қажетті материалдар алынып, жұмыс басталып кеткен. Менің ойымша, туған жердің алдындағы перзенттік парыз деген бар. Сол осы тақырыпта қозғалса, ары қарай да ойды дамыта беруге болады. Әйтпегенде, аудан бюджеті ауылдағы бір көшенің электр энергиясына 3 жылдан бері қаржы бөлуге шамасы жетпей жатқанда, ауыл халқы ауданнан күдерін үзген. Олар қыста жылы, жазда қоңырсалқын кабинеттен шықпай отыра берсін. Міне, өз күшімен өзіне қажеттіні қолдан жасап алып отырған ауыл халқы осындай.

Жабайылықтың шегі

Қоғалыкөл ауылы

P.S Әрбір бала ойын арқылы өседі. Ой-өрісі мен ойлау қабілетін дамытатын, қиялына қанат бітіретін қызықты ойындар балаларға кішкентай кезінен бастап қоғаммен араласуды үйретеді және татулыққа тәрбиелейді. Қаламыздағы әрбір үйдің жанында әртүрлі әткеншектер орнатылған балалардың ойын алаңы болу қажет.

Мөлдір САБЫРЖАН,

Суреттерді түсірген НҰРБОЛАТ НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!