Жасыратыны жоқ, кейінгі кездегі табиғаттың тосын мінезіне шыдас бермеген ғимараттар жайы құрылыс саласына қатысты күмәнді ой тудырды. Тіпті, шатыр ұшып, көк аспанда қалықтады. Желге ұшқан қаражатты былай қойғанда жұртшылық қауіпсіздік мәселесіне алаң білдірді. Иә, елді елең, Алашты алаң қылған мәселе бүгінде мінберден түскен емес. Аймақ басшысының тікелей назарында тұратын мәселе бұл. Әйтсе де түйіннің тарқауы бұл ғана емес, жаңадан салынар ғимараттың қасбеті де көрген адамның көңіліне көркемдік сыйлар эстетикалық талғамды тасада қалдырмағаны жөн тәрізді.

Жыл сайын қала құрылысы қарқын алып келеді. Көкпен таласқан зәулім ғимараттар бұрын ашық алаңқай немесе қалың орман болған алқаптарда бой көтеруде. Десек те, сәулет құрылыстарының сапасы мен көркіне жіті назар салу қашан да алдыңғы қатарда тұрады. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, биыл әлеуметтік нысандар құрылысына мемлекеттік бюджеттен 14,4 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражатқа 37 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған.

Мәселен, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Биыл ауқымды жобалардың бірі – Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд теңге. Нысанның құрылысын жүргізуге биыл бюджеттен 820,0 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар Қызылорда қаласында 200 төсектік перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарланған.
– Өткен жылы облыста 2 балабақша, 3 мектеп, Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілді. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда облыста 15 100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы мамыр айында басталады. Жобаның жалпы құны – 7,9 млрд теңге. Оған қоса «Көпсалалы дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы» нысанының жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Жоба құны – 6,9 млрд теңге. Биыл құрылысын бастау жоспарланды, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Қуаныш Сейтханов.
Қай уақытта да бүйірі томпайған бюджетке иек артып отыра беруге тағы болмайды. Сондықтан, демеушілік көздерді пайдалану, кәсіпкерлердің туған жерге тағзым жасап, елдің алдындағы перзенттік парызын орындауға бағытталған ауқымды жобаларға тарту қолға алына бастады. Аймақ басшысының бастамасымен бұл бағытта жоспарлы қадамдар қолға алынған. Басқармадағы бөлім басшысы ірі жобаларға тоқталды.
– Демеушілерді тартуды қолға алған аймақ басшысының бастамасымен 1,6 млрд теңгені құрайтын Неке сарайының құрылысы тамыз айында, 3,7 млрд. теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығы желтоқсан айында, ал сол жағалауда құны 2,7 млрд теңгені құрайтын Қан орталығы 2024 жылы берілетін болады. Демеушілер есебінен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүргізілуде. Орталық ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, өңірдің Түркістан облысымен шектесетін тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн. теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы салынды. «ҚазГерМұнай» ұлттық компаниясымен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» нысанының және де 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Мұның қай-қайсысы да аймақ дамуына оң ықпал ететіні даусыз, – дейді Қуаныш Болатұлы.
Құрылыстың осылай қарқын алғаны қуантады. Әйтсе де сан мен сапаны қатар дамытқанда ғана қарқын алға басады. Сапа демекші, сәуірдің алғашқы күндерінде болған секундына 15-28 метр жылдамдықтағы жел бірнеше нысанның сапасын тайға таңба басқандай анықтап берген-ді. Өткен жылдарды еске салсақ, 2020 жылы 4, 2021 жылы 2, 2022 жылы 18 шатыр табиғаттың тосын мінезіне шыдас бере алмады. Ал биыл 24 шатыр құлапты. Шатыры кеткен ғимараттардың басым бөлігі – білім, әлеуметтік нысандар және тұрғын үйлер.
«Төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін алдағы уақытта, жеке сектордағы жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің шатыр конструкцияларына, ескірген шатырды монтаждау кезінде сапасына баса назар аударылса дейміз» деген еді осы бағыттағы жиында облыстық ТЖД бөлім бастығы Бейбітхан Спанов.
Айта кетейік, бұл мәселені аймақ басшысы өз қадағалауына алатынын жеткізген. Дауыл кезінде «112» – Дағдарыс жағдайында басқару басқармасына 18 қоңырау түскен, 17 шатырдың және 1 құбырдың құлағаны туралы айтылған. Жалпы 24 нысанның шатырының құлағаны тіркелген. Оның ішінде 7 білім беру ұйымы (6 мектеп, 1 колледж), 3 ауылдық мәдениет үйі, 9 мемлекеттік мекеме (оның ішінде 2 коммуналдық, 1 мешіт), 2 көпқабатты тұрғын үй, 3 жеке тұрғын үй бар. Бұл мәселеде облыс әкімі тиісті тараптарға қатаң тапсырма берді.
– Екі аптаның ішінде залал келген нысандардың барлығы қалпына келтірілуі керек. Оған бюджеттен бір тиын да қаражат бөлінбейді. Салынғанына елу жыл болған ғимарат болса түсінікті, ал кейінгі үш-төрт жылда пайдалануға берілген нысанның шатыры бір желге шыдас бермесе, оған бюджет қаражаты жұмсалмайды, – деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев.
Құрылысшының бойындағы жауапкершілік адам өміріне араша болар ақ халаттылардың қызметімен пара-пар секілді. Өйткені, құрылысшы салған нысанының сапасына қарай сол ғимаратқа кіріп-шыққан мыңдаған, тіпті жылдар ішінде миллиондаған адамның өміріне жауапты. Бұл ретте басқарма өкілі барлық нысандарды қатаң қадағалайтынын жеткізді.
– Бүгінде облыста салынып жатқан әрбір нысан авторлық және техникалық қадағалаушылар бізге қарасты нысандарды қадағалап отыр. Талапқа сай орындалуына жұмыс істейміз. Техникалық қадағалаушылар әрбір екі, үш күн сайын есеп тапсырып отырады. Құрылыс саласы қателікті көтермейді. Кемшіліктерді дер кезінде жөндеп, оны болдырмаудың амалын жасап жатырмыз, – дейді Қ.Сейтханов.
Айтпақшы, жоғарыда айтып өткендей, нысандардың сапасымен қатар көркі де назардан тыс қалмақ емес. Сол жағалауда жоба құжаттары әзірленіп, алды құрылысы басталып жатқан жеті қабатты төрт үйдің де дизайндық эскизі бөлек көрінеді. Олардың материалдарының сапасынан бөлек, сыры кетпейтін, көнермейтін түрін де қолданылу жоспарланған.
– Жоғарыда айтып өткен Өнер орталығының қасбеті де бұрынғы нысандардан тым бөлек. Неке сарайының да өзіндік ерекшеліктері бар. Архитектуралық кескін-келбетіне де ерекше мән берудеміз. Ішкі дизаиндары да көргенде көз сүйсініп, көңіл марқаятындай болу керек. Мұның барлығы үлкен жиындарда талқыланып, заманауи үлгілерді қолға алу керегі бұған дейін де айтылды және ол жұмыстар басталып кеткен, – дейді Қуаныш Болатұлы.
Иә, бұрындары көзіміз үйреніп қалған төрт бұрышты қорап үйлерден бөлек жаңа дизайн мен ерекшеліктерде үйлер мен нысандар салына бастады. Әсіресе, сол жағалаудың көзге көрінер ерекшеліктері көп. Алдағы уақытта аймақ басшысы тарапынан нысандардың барлығына бірінші кезекте сапа тұрса, онан соң шаһарымызға көрік сыйлау керегі де айтылып келеді.

Дәулет ҚЫРДАН.
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!