Биылдан бастап кәсіпкерлердің банк шотынан қолма-қол ақша алудың шекті мөлшері бекітілді. Негізінде бұл шектеу 2020 жылғы 1 маусымнан бастап тек заңды тұлғалар үшін қолданыста болған. Ал биыл шектеу жеке кәсіпкерге де қолданылады.

Көпшілікті алаңдатқан бұл мәселенің артықшылығы да бар. Ең бірінші, бір айдың көлемінде алуға болатын шекті соманың мөлшеріне тоқталсақ. Мысалы, шағын кәсібі бар 20 миллион, орта кәсіпкерлер 120 миллион, ірі кәсіпкерлер 150 миллион теңгеге дейін банктен қолма-қол ақшаны ала алады. Егер шағын кәсіп иесі бір айда 20 миллион теңгеден жоғары қаржыны қолма-қол алатын болса, кәсіпкер банкке қолма-қол ақшаны алу қажетін растайтын құжат пен мемлекеттік кірістер органына мәліметтер мен құжаттарды жіберуге келісім алуы тиіс. Банк тиісті құжатты алған соң, 1 жұмыс күні ішінде МКК-не банктік шоттан қолма-қол ақша алуға өтінім жібереді. МКК өтінімді 3 жұмыс күні ішінде қарастырады. Осыдан кейін банкке қолма-қол ақшаны беруден бас тарту үшін негіздеменің бар немесе жоқ екені жайында хабар береді.

– Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижесі бойынша кәсіпкерлік субъектінің банк шотынан қолма-қол ақшаны алу сомасының шекті мөлшерінен асатын сомада қолма-қол ақша беруден бас тарту үшін негіздердің болуы не болмауы туралы мәліметтер күнтізбелік бір ай ішінде жарамды, – деп жарияланған Мемлекеттік кірістер комитеті сайтында.

Сонымен қатар микро кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімін, балық аулау өнімін сатып алуды жүзеге асыратындарға, бірлескен қаулы мен бұйрық қосымшасына сәйкес экономикалық қызмет түрлері бар тамақ өнімімен, сусындармен, сондай-ақ фармацевтикалық, медициналық және ортопедиялық тауарлармен бөлшек сауданы жүзеге асыратын және екінші деңгейлі банктер және Ұлттық почта операторы мен ұлттық банктен арнайы лицензиясы бар шетел валютасымен айырбастау пунктіне мұндай шектеу қойылмайды.

Жаңа шектеу кімге тиімді?

– Жаңашылдық – көлеңкелі экономиканы азайтуға, бизнес субъектілері операциясын арттыруға, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы күреске және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған, – дейді ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева.

Құзырлы орган мамандары жалпы бұл шектеу ел экономикасындағы қаржы айналымын бақылауға көмектеседі дейді. Ал кәсіпкерлер мұндай шектеу енгізуге қарсылық танытуда.

– Жыл басында облысымыздағы мемлекеттік органдар мекеменің сақтығы үшін автоматтандыру жүйесін орнатуға, қауіпсіздік камерасын құруға және олар жыл бойы жұмыс істеп тұруы үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тендер жариялайды. Сол тендерге қатысып, командаммен түрлі қызмет түрін ұсынамын. Қызмет ақысының барлығы банктегі арнайы есеп шотқа түседі.

Көбіне бір айда 30 миллионға, одан да жоғары сомада қаржы алып, АҚШ валютасына айырбастаймын. Өйткені бізге қажетті құрал-жабдық шетелден әкелінеді. Бір құрылғының бағасы кейде 4 миллион тұратын кездер де болады. Сондықтан мұндай шектеу орынсыз. Әр кәсіпкер қаржысын өзі бақыласа жеткілікті емес пе? Дамыған мемлекетте кәсіпкерлердің басым көпшілігі цифрлы валютаны қолданады. Біздің ел мұндай дәрежеге жеткен жоқ. Әлі де уақыт керек. Шағын кәсіпкерлер қолма-қол қаржысы 20 миллионнан асатын болса, банкке құжаттар тапсырып ғана қол жеткізеді. Бұл – бір жағынан кәсіпкердің құқын шектеп тұрған сияқты. Жылда кәсіпкерлікті дамыту қажет деп айтылады, бірақ неге екені белгісіз, түрлі шектеулер қойылады. Сөзбен істің үйлесім таппайтыны қынжылтады, – дейді кәсіпкер Ғалым Мақашов.

Ал еліміздің сарапшы экономист маманы бұл шектеуге үрке қарамауға шақырады.

Жаңа шектеу кімге тиімді?

– Кәсіп­керлік субъектінің банк шотынан қолма-қол ақшаны алуға шектеулер енгізуі  – қорқатын дүние емес. Керісінше, бұл дамыған, еркін экономиканы құрудың бір жолы. Өткен жылы маусым айынан бастап шектеу тек заңды тұлғаларға қолданылған болатын. Енді биыл қаңтардан бастап жеке кәсіпкерлерге енгізілді. Бұл мемлекеттің сауатты экономикалық әрекеті деп білемін. Себебі бұл қолдағы қолма-қол қаражаттың барынша цифрлы валютаға айналуына және мемлекеттің ел ішіндегі қаржыны бақылауына әсер етеді. Бұл бақылау несімен тиімді? Біріншіден, ел ішіндегі қаражаттың шетел асып, мемлекетке түк пайдасыз болып қалуының алдын алады. Екіншіден, экономикалық еркіндік күшейеді. Кеше ғана “The Heritage Foundation” зерттеу орталығының жылдық қорытындысы бойынша Қазақстан экономикалық еркіндік рейтингінде 39 орын иеленді. Бұл дегеніміз Қазақстан экономикасы және қаржы жүйесі барынша ашық бола түсуде дегенді білдіреді. Сәйкесінше, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттырады. Ал бұл Қазақстан экономикасы үшін қажетті және қуантарлық жайт, – дейді экономист GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы Димаш Ералы.

– 2019 жылы орташа статистикалық есеп бойынша, бір заңды тұлға жылына шамамен 9 млн теңгені немесе айына 747 мың теңгені қолма-қол ақшамен алған. Біз енгізетін лимит жоғарыда көрсетілген саннан әлдеқайда жоғары. Сондықтан біз бизнес үшін қандай да бір қиындықтар туындайды деп ойламаймыз, – дейді ҰБ төрағасының орынбасары Дина Ғалиева.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, қолма-қол ақша алуды есептеудің шекті мөлшерін белгілеу тәжірибесі басқа елдерде де бар. Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінде қолма-қол ақшамен төленетін мәмілелер мен сатып алулар бойынша шекті мөлшер еліне байла­нысты 1 000 еуродан 15 000 еуроға дейін жетсе, АҚШ-та – 10 000 Америка долларын, Канадада – 10 000 Канада долларын, Австралияда – 10 000 Австралия доллары. Жалпы әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын жаңашылдыққа сенімсіздікпен қарайтынымыз бар. Халықтың басым көпшілігінің бұл шектеуге қарсылық танытуының астарына үңілсек. Бастапқыда заңды тұлғаларға енген шектеу бүгін кәсіпкерлерге қолданыла бастады, ертең қарапайым халық та әр жұмсаған тиынына есеп беретін күннің жақын екенін айтады.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!