Табиғат кереметі – жануарлар әлемі. Соның ішінде адамзатқа жақыны әрі ғасырлар бойы адал серігі болған иттің орны ерекше. Қазақ та итті жеті қазынаның біріне санап, алғыры мен асыл тұқымын бағалай білген. Алайда бүгінгі байлам бөлек. Аталған үй жануарын бақылау, адам өмірінің қауіпсіздігіне қатер төндірмеуін қадағалау кемшін. Көшедегі иесіз иттер жүргіншінің үрейін ұшырып, қауіп төндіруде. Алып шаһарлардың өзінде көше кезген иттің қатары сиремей тұр. Ата-аналар мектептен қайтқан баласы үшін уайымдап, құтырған иттен қатер төне ме деп алаңдаулы.
Соңғы кезде әлеуметтік желіде үй жануарларын аяусыз өлтіру, азаптау оқиғаларына қатысты ақпарат көптеп тарап жүр. Қоғамдық талқы тудырған мәселе билік назарына ілініп, тиісті шешім қабылданған болатын. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылдануына жол ашылды. Заңға сай жануарларды азаптағандарды жазаға тарту көзделген. Мысалы, жануарларды мертіктіріп не өлтірген адамға айыппұл салу немесе бас бостандығынан айыру да қарастырылған. Бұл – заң бойынша жануарларға қиянат жасаған жан жазасыз қалмайды деген сөз. Бұған жануарларды ұрып-соғу, азаптау және өлімге әкелетін әрекетке баруға тыйым салынғанын қосыңыз.
Міне, заң күшіне енді. Жасыратыны жоқ, аталған заң қолданысқа енгелі мамандар ескермеген өзге қиындықтың шеті көрінді. Таяқтың екі ұшы секілді жануарларды қорғау адам қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін келеңсіздікке әкелуде. Неге десеңіз, заңдағы иесіз итті атуға тиым салынған тұсы елдің мазасын алды. Көше кезген иттің саны артып, құтырған иттің жүргіншілерге зиян тигізуі көбейе түсті.
− Қалада мұндай келеңсіздік болмайтын. Кез келген жерге қорқынышсыз баратын едік. Биыл барлығы керісінше. Кеш батса, сыртқа жалғыз шыға алмайсыз. Кешкі серуенде еркін жүре алмаймыз. Көше кезген иттен аяқ алып жүргісіз. Шет аймақтың жағдайы тіптен қиын. Иттердің саны көп, түні бойы ұйқы бермейді. Мектептен кеш қайтатын оқушылардың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Біздің аумақта кеш батқанша далада ойнайтын бала көп. Ал иттердің саны одан 2 есе артық. Алдыңғы жылы аулада ит болса да, қорықпайтынбыз. Соңғы кезде сырттан келетін бөтен әрі жабайы иттер көбейді. Бүгін болмаса, ертең балаларды қауып алып, қауіп төндірмесіне кім кепіл? Ондайды жаңалықтардан да жиі естиміз. Қорқынышты оқиға орын алса, сұрауы кімнен болмақ? Әлеуметтік желіде осы мәселені қозғаған едік. Дегенмен ешқандай нәтиже жоқ, − деді қала тұрғыны Әсем Бауыржанқызы.
Көше кезген иттің зияны аз емес. Оған қоса итке таланған бүлдіршіндер қатарының көбеюі жағдайды күрделендіруде. Мәселен, 2019 жылы 2 мыңға жуық астаналық иттен жәбір көрген болса, 2020 жылы 400-ге жуық баланы ит қапқан. Бұл ресми тіркелгені ғана. Жария болмағаны қаншама. Сондықтан үрей негізсіз емес. Ал оқу маусымы таяп қалғанын ескерсек, көшедегі қарғыбаусыз иттерден келетін қауіпке ерекше назар аудару қажет. Қорғану қиындығын есепке алмағанда, құтырған иттен құтылу да қиын жұмыс.
Тағы да сандарды сөйлетсек, жыл басынан бері Алматы облысында 1400-ге жуық адам ит қапқан. Ақмола облысында 11 жастағы, Павлодарда 8 жасар, Қарағанды қаласында 15 және 5 жастағы қызды ит таласа, 3 жасар бала соның салдарынан көз жұмған. Батыс Қазақстан облысында өткен жылмен салыстырғанда ит қабу фактісі 3 %-ға артқан. Жыл басынан бері Атырау қаласында 112 адамды ит қапқаны туралы дерек тіркелген. Оның ішінде кәмелетке толмаған 70 жасөспірім бар.
− Орталық аумақ тұрғынымын. Шаһарда иттердің саны артқаны рас. Алайда өз басым айтарлықтай келеңсіздікке жолықпадым. Көшеде емін-еркін жүруге болады. Иттердің саны көбейгенмен, зияны жоқ деп ойлаймын. Алайда оларды тұрақты тексеріп, құтырма ауруына қарсы екпе жүргізу қажет деп санаймын, − дейді қала тұрғыны Мерей Орынбасар бұл ретте.
Бізде де жағдай мәз емес. Жаяу жүргіншілерді көшенің әр бұрышынан шыққан 10-15 шақты ит жарыса қуып жүргенін есепке алмағанда, зардабын татып көргендерді айтсақ жеткілікті. Мәселен, ай сайын 10 шақты адам ит талауына түсіп, медициналық көмекке жүгінеді екен.
Сонымен мұндай жайттардың алдын алуға не кедергі десеңіз, жауабы біреу: ол – заң. Егер бұрын көшедегі иесіз итті атуға рұқсат етілетін болса, қазір ол әрекетіңіз үшін жауапқа тартылуыңыз мүмкін. Жаңа заңның пәрмені сондай. Көшедегі итті қорғау дұрыс-ақ, алайда кез келген әрекет «мемлекеттің басты капиталы – адам» мен оның денсаулығына, өмірінің сапасына зиян келтірмеуі қажет емес пе?
− Біраз жыл бұрын жол жиегінде анасымен жүрген кішкентай қызды ит қауып алды. Көше кезген жабайы иттің ырық бермегені сонша анасы араша түсе алмаған. Ауылдың ішінде жүрген иттер қараусыз. Өткен жылы көршінің итінен қашамын деп жарақат алдым. Қолға үйретілген ит емес, құдды бір жабайы аң секілді. Сондықтан иттерге тұрақты бақылау жасауды қолға алу қажет, – деді Шиелі ауданының тұрғыны Баян Әлиқызы.
Заңда өрескел қателік жоқ. Тек ескерілмеген жайт басым. Иесіз итті жою процесі өзгертілгенімен, олардың санын шектеу, тұрғындар қауіпсіздігін бақылау жағы кемшін түскен. Заңның орындалуына септесетін қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді топтастыру қаперге алынбаған. Көшедегі иттерді жануарлар үйіне апару, күтім жасау, орын санын арттыру ісі жүйелі жүргізілмеген. Жануарларды қорғайтын мекемелердің басым көпшілігі жекеменшік, сондықтан барлық жануарларға жағдай жасау қиынға соғады. Жануарды қорғаудың өзін жауапкершілікпен жасамаса, істің ақыры жақсылыққа апармасы белгілі.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!