Жаңа жылды кей адамдар тек уақыт пен күнтізбенің өзгеруі деп қабылдаса, ал біреулерге бұл арман-тілегі, үміті мен жоспарларының тоғысатын сәті. Бірақ осынау мерекелік көңіл күйдің артында үлкен шығындар жасырынып жатқанын байқадыңыз ба? Әрине, байқап та, сол қаржыны есептеп те көрдіңіз. Себебі жарқыраған шамдар, шыршаның астындағы сыйлықтар, отшашулар мен салтанатты дастарханның бәрі қомақты қаражатты талап етеді. Ал сонда жаңа жылдық қуаныш қанша тұрады? Ендеше бұл сұрақтың жауабын бірге іздейік.

МЕРЕКЕДЕ ҚОНАК КҮТЕМІН ДЕСЕҢІЗ…

Дәстүр бойынша, әрине, дос-жаран мен туыстар бір дастарханның басында бас қосады. Қарапайым күнде де мейманды Құдайындай күтетін қазақ мереке қарсаңында алуан түрлі тағам мен тәтті әзірлейді.

2021 жылы Ұлттық банк сарапшылары жаңа жылдық дастархан мәзірін әзірлеуге қазақстандықтар орташа есеппен 21108 теңге жұмсайтынын мәлімдеді. Одан кейінгі жылы «Caravan.kz» медиа-порталы 4 адамдық отбасыға кететін қаражатты 49 377 теңге деп есептеді. Сол жылғы бағаға үңілсек. Дастарханның басты тағамы – бешбармақ. Ал бұл тағамның негізгі құрамын қазы десек, оның бағасы 5000 теңгеден басталды. Ал жылқы етінің бір келісі 3900 теңге, сиыр еті 3500 теңгеге бағаланды. Мұның қасында картоп, пияз, сәбіз бар. Жаңа жылдық мерекенің сәнін келтіретін «оливье» салатына қажет маринадталған қияр 1099 теңге, майонез 700 теңге, консервіленген бұршақ 600 теңгеге жуық бағада сатылған. Бұл керек азық-түліктің бастапқы тізімі ғана. Тізбектеп жазып, санасақ жоғарыдағы 50 мың теңгеге шамалас болды. Бұл енді 2 жыл бұрынғы бағам. Қазіргі нарық мүлдем басқа.

Былтыр тілек айту үшін стақанға құйылатын сусындардың бір литрі 350 теңгеден басталған. Ашық дереккөзге сүйенсек, өткен жылы Қазақстанның шығысында ананастың келісі 2520 теңге болған. Алматы базарында да былтыр мереке қарсаңында өнімдердің бағасы 1,5 пайызға артқан.

Дастарханға жұмсалатын шығынның 40 пайызын ет өнімдері құрайды. Тіпті ысталған шұжықты да түрлі тағамға қосамыз. Қарағандыда піскен еттен жасалған шұжық 4000 теңге, ал жартылай ысталған шұжық орташа есеппен 4500 теңге. Қызылорда, Жезқазған мен Семейде піскен еттен жасалған шұжықтың келісін шамамен 1200-1500 теңгеге сатып алсаңыз, Қостанадай ең арзан бағаға аласыз. Ондағы баға 935 теңгеден басталса, жартылай ысталған шұжық 3350-5400 теңге деп көрсетілген.

Шұжық секілді торт пен десерттер көлеміне қарай түрлі бағаланады. «Kazinform» ақпараттық агенттігі Қазақстандағы тәттілердің бағасын салыстырды. Алматыдағы супермакет сөресіндегі торттың келісі 6400 теңдеген басталса, 9900 теңгеден көп қаражатқа авторлық тәттіні тапсырысқа бере аласыз. Еліміз бойынша қарапайым бисквиттен жасалған тәттінің ең арзаны Астанада, орташа бағасы Семей мен Көкшетауда. Ондағы кондитерлік өнімнің құны 7000-нан басталады. Түркістан дүкендерінде «Сүтті торттың» келісі 5000 теңге тұрады. Ал кондитерлік дүкендерде кремі бар торттың келісі 6000 теңгеден басталады. Қызылордада дайын торттар 5000 теңгеге бағаланса, тапсырысқа пісірілетіндердің құны 7000 теңгеден басталады. Мереке қарсаңында бұл бағаның да өзгеруі заңдылық. Мысалы, ассорти тәттілер, десерттер 10 мың теңгеден басталады, ал 1250 грамдық торт мереке қарсаңында 12 мың теңгеден жоғары. Бүгіннің өзінде мерекелік торттарға арнайы тапсырыс беру қиын жұмыс. Себебі кез келген кондитерлік үй арнайы торттарға тапсырысты 1 ай бұрын қабылдайды.

Қызылордадағы бүгінгі ахуалға келсек, қарапайым дүкендерді барлап, бағаларын есептеп көрдік. Мәселен, орталықтағы дүкенде сәбіздің бір келісі – 250, картоп – 270, консервіленген бұршақ – 680, 10 дана жұмыртқа – 600, маринадталған қияр – 650, майонез 390 теңгені құрады. Бұл «оливье» салатына керек өнімдер. Ал 1 литр «CocaCola» мен «Maxi чай» 500 теңге болса, шырын 650 теңгеден басталады.

Дүкеннің атауы мен өзінің аты-жөнін жасыруды сұраған кәсіпкер азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты шағымданушылардың жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, мереке күндерінде де дүкенде баға бірқалыпты.

Ал көтерме сауда дүкенінің қызметкері мереке қарсаңында сатып алушылардың көбейетінін айтты. Иә, бұл айтпаса да көзге көрініп тұрған жағдай. Себебі әр адам осы кезеңді салтанатты түрде атап өтуді қалайды.

– Қызылордадағы баға өзге өңірлермен салыстырғанда тұрақты секілді. Мереке, жиын, маңызы бар күндерде азық-түліктің бағасы өседі. Дегенмен көп емес. Бірақ бағаны өзгертпеуге тырысқанымызбен, тауар өндірушілер бізге тағамдарды жоғары бағада әкеледі. Мәселен, тіл үйірер тәттілердің бағасы кем дегенде 700-1000 теңгеге артады. Себебі сұраныс бар жерде жоғары баға болады емес пе? – деді сатушы.

Дүкендерді аралау барысында қала тұрғыны Сәния Абайбековамен тілдестік. Ол жаңа жылдық дастарханға дайындалып жүргенін айтты.

– Қандай мереке болсын, әулеттің үлкендерін ақ дастарханымызға шақырамыз. Азық-түліктің бағасы жылда өзгереді. Көзге көрінбегенімен, ауқымды көлемде өнім сатып алғанда қомақты қаржы шығады.

Мысалы, кеше көтерме сауда үйіне барып, тамақ пен салатқа қажет азық-түліктерді алдым. Тізіміме жазғанның тек 60 пайызын сатып алғанның өзінде 50 мың теңгеден астам қаржы жұмсадым. Ал бүгін таңертеңгілік «Magnum»-ға келіп, тағы 43 мың теңгеге cауда жасадым. Сондағы алғаным тұрмыстық заттар. Яғни қарапайым ыдыс жууға арналған құрал, дымқыл майлық, дастарханға қоятын безендірулер. Мұнан бөлек тізімде жазылған азық-түлік өте көп. Ал сыйлықтар бөлек тақырып. Сондықтан жұмсалатын қаржының да ауқымы кең, – деп күлімдеп жауап берді.

Ал жаңа жылды қарайым күн ретінде есептейтін 65 жастағы Талғат атаның отбасы да бұл күнге арнайы дайындалмайды екен. Оның айтуынша, күнделікті тағамды әзірлеп, тек тілек айтады. «Барлық қаржыны немерелеріме сыйлық алуға жұмсаймын» деді ол.

Апта басында қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов жауапты сала өкілдерімен қаладағы сауда нысандарын аралады. Жұмыс барысында шаһардағы сауда үйлері, базарлардағы санитарлық талаптардың сақталуы мен өрт қауіпсіздігі тексеріліп, баға тұрақтылығына байланысты түсіндірме жүргізілді. Қала әкімінің орынбасары мереке қарсаңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу, бейберекет саудаға жол бермеу шаралары бойынша ереже талаптарын сақтамаған азаматтарға тиісті заң талаптарына сәйкес әкімшілік шара қолданылатыны жөнінде түсіндірді.

АНИМАТОРЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Қазір кез келген мерекенің басты сәні – кәсіби аниматорлар. Олар балалардың да, ересектердің де көңілін көтеретін шоу бағдарламаларымен ерекшеленеді. Әсіресе жаңа жыл қарсаңында оларға сұраныс күрт артады.

Аниматор қызметінің құны әртүрлі факторларға байланысты өзгереді. Мәселен, мереке уақытында яғни жаңа жыл қарсаңында баға орташа деңгейден 10-20%-ға жоғарылауы ықтимал. Бағдарламаның мазмұны мен жұмыстың ұзақтығы да әсер етеді. Ашық дереккөздерде балаларға арналған шоудың 1 сағаты 15 000 – 30 000 теңге, ересектерге арналған кештер үшін 50 000 теңгемен 150 000 теңгенің арасы, ал арнайы эффектілерге қосымша ақша төленеді делінген.

Қаладағы аниматорлармен байланысып, қызылордалық нарықтағы бағамен таныстық. Әуелде балалар әлеміне өткен жылы аяқ басқан студияның менеджерімен тілдестік. Біздегі сұраныс 9 жасар қыз баланың туған күні болды. Егер балаңыздың туған күнін үйде тойлап, көңілдерін көтеруді қаласаңыз жарты сағатқа жиырма мың теңге төлейсіз. Егер дәл осылай тек жаңа жылдық кешке шақырсаңыз мұның үстіне қосымша 10 мың теңге бересіз. Ал таяғын сүйреп келген Аяз атаның сөмкесінен сыйлық шығарғыңыз келсе, оны бөлек өзіңіз дайындайсыз. Келесі байланысқан аниматорлардың да бағасы осымен шамалас болды. Туған күнге 15 мың, ал жаңа жылға екі есе ақы сұрады. 40 минуттың ішінде балалармен 4 ойын ойнап, би билейді екен. Отбасылық мейрамханалардағы аниматорлар сіз ас ішіп болғанша балаңызға қарап береді. Тек 5 мың теңгеңізді төлесеңіз болғаны.

Салыстырмалы түрде өзге өңірді де көру мақсатында астаналық аниматорлардың студиясына хабарластық. Бірінші әсеріміз «өкінішке қарай» болды. Біздің қазақша айтылған сауалымызға жауап беруге де тырысып бақпай, тұтқаны «лақтырды». Келесі студияның бос күні жоқ. Кешкілік 2 сағаттық ойын 60 мың теңге, 90 мың теңге, 120 мың теңге, ал түнгі 22.00-ден кейінгі жұмыстарының құны 150 мың теңге екен. Сұраныс барда, тұтынушыны айналдырып алып қалу үшін де түрлі айла қарастырылған. Жеңілдіктер көздің жауын алады. Мәселен, «Ұсыныс пакетінің» бағасын 33 мың мен 48 500 теңге аралығында белгілеген. Ал егер ішіндегі құрылымын жеке-жеке есептегенде бұл пакеттің бағасынан әлдеқайда арзан баға шығады.

Иә, аниматорлар – мерекенің сәні. Бастысы мерекелік қаражатыңызға мұқият болыңыз.

КОРПОРАТИВТІК КЕШТЕРДІҢ БАҒАСЫ

Ұжыммен бас қосып, жылды қорытындылау үшін корпоративтік кеш таптырмас тәсіл. Тек біреуге оңтайлы, біреуге ауыр. Себебі мейрамханадағы мерекелік бағалар шарықтап кетеді.

Облыстар бойынша салыстырсақ, Алматыдағы мейманханада бір адамға 25-35 мың теңге алса, Астанадағы баға да осымен шамалас. Көкшетаулық кәсіпкерлер корпоративтік кеш үшін адам басына 10 мың теңге сұрайды. Бұл бағаға ыстық тамақ, салаттар мен шай кіреді. Ал сусындарды сырттан өзіңізбен әкелуге рұқсат. Орал мен Семейде 25 мыңға дейін, ал Түркістанда 15-30 мың теңге сұрайды.

Қызылордаға ойыссақ. Біздегі баға 15-25 мың теңге аралығын сақтап тұр. Жаңа жылдық кешті мейрамханада өткізуді қаласаңыз, әмияныңызда кем дегенде 30 мың теңге болуы шарт. Себебі депозит, жеке бөлмеде отыру, қызмет көрсетудің бағасы айтарлықтай жоғарылаған екен. Мұны менеджерлермен сөйлесу барысында анық байқадық. Мәселен, жай күндері бір адамға депозиті 5 мың теңгелік кафе, мерекелік номері болмаса да жаңа жылда бағасын 20 мың теңгеге өсірді. Ал жүргізуші жалдап, нағыз корпоративтік кеш ұйымдастырған мейрамханалардағы ең төменгі баға 12 мың теңге. Бұл аудандардағы бір кештің құны. Ал қалада 15 мың теңгеге шегеленген. Бұл бағаға сусындар кірмейді.

«ҚҰПИЯ САНТА» ОЙНАЙСЫЗ БА?

Хош. Қонақ бөлменің төріне ақ дастарханды ғана жайып, мейман күте алмайсыз. Себебі қазақы қанға әбден сіңген «Қуыс үйден құр шықпа» мен «Бастысы көңіл» деген бар. Айлығыңыздың соңы болса да, үйге келген қонақты қуантқыңыз келеді. Мәселен, қыз-келіншектерге арналған қолжетімді жиынтықтардың бағасы шаһардағы дүкендерде 2 600 теңгеден басталады. Оның ішінде крем мен маска болады. Бұдан да жақсысын аламын десеңіз 5500, 8300 теңге секілді бағасы жоғарылай береді.

Ал қазір сыйлық беру әдебі трендпен алмасып, «Құпия Санта » секілді ойынға ұласты. Расында бұл қызық ойын. Жеребе тәсілі арқылы сыйлық беретін адамыңызға тосын сый әзірлейсіз. Бұл да шығынның көбеюіне үлес қосады дегенімізбен, осындай танымал дәстүр арқылы адамдар арасындағы сыйластық пен қуаныш сезімі артады. Ендеше шығындарды шамалап есептесек.

Әуелде мектеп оқушыларымен тілдестік. 10-сынып оқушысы Омар Текебай жаңа жылда, наурыз мерекесінде сыйлық сыйлауды дәстүрге айналдырғанын айтты. Сыныптастарымен бірге уақыт өткізіп, тосын сый жасайды екен.

– Биыл да бұл дәстүрді жалғастырудамыз. 12 адам жиналып «құпия Санта» ойнадық. Ең бастысы барлығымызға қолжетімді ортақ бағаны есептейміз. Осы жолы 4 500 теңгеге келісіп, бір бірімізге сыйлық сыйладық. Біз үшін бұл артық шығын емес, керісінше эмоция сыйлайды, – деді ол.

Студенттер арасында бұл баға екі-үш есе көп. Мәселен 20 жастағы Үміт Байтасова құрбыларымен жаңа жылдық мерекеде берілетін сыйлықтың құнын өткен жылы 18 мың теңгеге жоспарлағанын айтты.

Ұжымдық, отбасылық жиындарда сыйлық сыйлауға орташа есеппен 5 мың теңге жұмсалады десек, қосымша шығындар да бар. Кәдесыйлар шамамен 2000-5000, тәттілер, шоколадтар жинағы 3000-7000, кітаптар 2500 теңге мен 7000 теңге тұрады. Ал қосымша шығынға сыйлықты безендіруге қажет лента, қаптамалар жасады. Олардың да бағасы 500-1000 теңгенің аралығында.

Дегенмен сыйлықтың құны емес, оның жақсы ниетпен, ықыласпен берілетіні маңызды екенін ұмытпаңыз.

МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ

Газетіміздің №51 санында пиротехника жайлы жазып, ойланбай ойнағанның қалай оңбайтынына мысал келтірдік. Дегенмен «жаңа жылдық мерекенің сәні осы отшашу ғой» дейтіндер азаймақ емес. Бастысы қауіпсіздік шараларын сақтаса дейміз.

Пиротехниканың бағасы өткен аптамен салыстырғанда қаншалықты өсті? Қайтадан онлайн саудагерге айналсақ.

«OLX»-тегі баға өзгеріссіз, тек жаңадан жарнама қосылған. Ал «Аlmatysalut»-ке жаңадан тауарлар келген тәрізді. «Аватар 2» сол күйінше 15 мың теңгеден тапжылмаған, орнына «Ночной город» атты отшашу қосылған. Бұдан бөлек те түрі өте көп. 140 000 теңгеге бағаланған «Бәйтерек» те бар екен.

Аспандағы шашу расымен әдемі көрініп, эмоция сыйлады. Бұл туралы қала тұрғыны, студент Ермек Байжанов та айтады.

– Иә, отшашуға дайындалған сәт мен үшін ерекше. Жаңа жылдық атмосфера жақындағанда менің жұмысы бірінші отшашу сатып алу. Мұның да бағасы жылдан жылға қымбат. Базардағы қарапайым дүкендерден аламыз. Інілеріме де қызық. Сол үшін жылда сатып аламын. Өткен жылы 32 мың теңгеге алсам, биыл 28 мың теңге ақшамды отшашуға арнадым, – деді ол.

Отшашудан бөлек, безендіру де бар. Әр облысқа миллиондаған қомақты қаржы бөлінеді, көшелер безендіріледі, жаңа жылдық көңіл-күй қалыптасады. Сонымен қатар әр отбасы өз үйін сәндейді. Желтоқсанның екінші аптасынан бастап дүкен сөрелері мен базарда жаңа жылдық ойыншықтар қаз қатар тізіліп тұрады.

Жаңа жылдың символы – шырша. Бағасы ұзындығына қарай өзгере береді. Онлайн дүкендерде қолданылған 1,8 метрлік жасанды шыршаға 8800 теңге сұрап тұр. Ал су жаңа 150 сантиметрлігі үшін 28 890 теңге бекітілген. Ұзындығы 210 сантиметрді құрайтын «Женева» шыршасы 47 мың теңге, ал «Польяк» шыршасы 54 мың теңгеден бастап 163 мыңға дейін жоғарылайды екен. Шаһардағы базарда шыршаның бағасы 5 мың теңгеден басталады.

Құр шыршаны сатып алып, төрден орын бермейтініңіз анық. Мерекелік көңіл күй сыйлайтын ойыншықтар көмекке келеді, әсте онсыз болмайды. Жарық шамдар 3 мың теңгеден, гирляндалар түрі мен сапасына қарай 2 мың теңгеден, терезеге жабыстыратын түрлі суреттер 500 теңгеден, декорациялар 1000 теңгеден басталады.

Қорытындылай келе, кез келген мерекені тойлаудың шығындары әр адам мен отбасының қаржылық жағдайына, қалауы мен дәстүрлеріне байланысты болады. Дегенмен мерекенің мәні ақшада емес, жақындарымызбен жақсы уақыт өткізу екенін естен шығармаңыз!

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!