Жұдырығын ала жүгірген жасөспірімдердің арасындағы озбырлықтың көбеюі қоғамды алаңдатарлық мәселеге айналды. Мұндай жағдайлардың кейбірі ауыр қылмысқа, тіпті өлімге әкеліп соққан кездердің де куәгері болып жүрміз. Әсіресе кейінгі жылдары кәмелетке толмағандар арасындағы топтық төбелес пен олардың салдарынан болған қайғылы оқиғалар жаға ұстатарлық көрініс алды. Мақаламызда аталған құқық бұзушылық туралы, оның жазасы мен ата-ана жауапкершілігіне кеңінен тоқталамыз.

ҚЫЛМЫСҚА НЕ СЕБЕП?

Көптеген ата-ана үшін бұл күтпеген жағдай болғанымен, кейбірі баласымен тығыз байланыс орната алмағандығынан, не болмаса оның тәрбиесіне немқұрайлылық танытқандықтан, істің қалай насырға шапқанын аңғармай да қалады. Жасөспірімдердің мұндай теріс әрекеттерге бой алдыруының себептері тереңде. Бұл туралы психолог Қарлығаш Қойшыбаева түсіндіріп берді.

– Жасөспірім шақ – адамның өзіндік «менін» табу жолындағы күрделі әрі маңызды өтпелі кезеңі. Бұл шақта жасөспірім өмірлік құндылықтарды айқындап, жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен әділетсіздік арасындағы өз орнын іздейді. Дәл осы уақытта олар рухани және моральдық ұстанымдарын қалыптастырып, ішкі жан дүниесінің кеңістігін анықтайды. Неміс философы әрі психологы Э.Шпрангер бұл кезеңді егжей-тегжейлі зерттеп, қыз балалар үшін 13-19 жас, ал ұл балалар үшін 14-21 жас аралығында өтетінін көрсеткен. Ол жасөспірім шақтағы дағдарысты тәуелділік пен еркіндік арасындағы күрес ретінде сипаттаған. Жасөспірімдер ақыл-ой мен жан дүниесінің шарықтауынан күйзелісіне дейінгі түрлі эмоциялық жағдайларды бастан кешіп, өз жолын табуға тырысады. Бұл кезеңде олардың отбасыдан, қоршаған ортадан және қоғамнан алатын тәрбиесі мен қолдауы өте маңызды рөл атқарады.

Қазір балалардың 80%-ы ұялы телефон мен компьютерге тәуелді болып, шынайы өмір мен виртуалды әлемді шатастыруда.Ғаламтордағы түрлі мазмұндағы ойындар мен фильмдер, әлеуметтік желілердің әсері жасөспірім психологиясын бұзып, олардың дұрыс таңдау жасау қабілетіне кері ықпалын тигізіп жатқандығы жасырын емес. Жасөспірім суицид, қылмыс, агрессия сынды қауіпті әрекеттерді кейде аңғалдықпен, кейде еліктеушілікпен жасауы мүмкін. Сондықтан ата-ана баласының интернет кеңістігіндегі белсенділігін қадағалап, қандай контент тұтынатынын бақылауы тиіс.

Сонымен қатар отбасындағы қарым-қатынас та аса маңызды. Бала ең алдымен жақсы мен жаманды ата-анасынан көріп, бойына сіңіреді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, эмоцияны ақылға бағындыру секілді қасиеттерді қалыптастыру арқылы ғана жасөспірімнің өмірге деген көзқарасын дұрыс бағыттауға болады. Бастысы, кез келген дүниені баланың психологиясын түсіне отырып, саналы түрде жеткізуге тырысу қажет, – дейді психолог маман.

ӨҢІРДЕГІ АНТИ КӨРСЕТКІШ

Өңірдегі жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың қылмыс статистикасына мән берсек, өткен жылы 2023 жылға қарағанда бұзақылық көбірек орын алған. Нақтыласақ, 2023 жылдың 12 айында 70 адамға қатысты 49 іс қозғалса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 87 адамға қатысты 66 қылмыстық іске дейін артқан. Яғни, былтыр қылмыстық әрекет 2023 жылға қарағанда 25,8%-ға жиілеген.

Жылдың басталғаны кеше ғана болғанымен, Қызылорда облысында жасөспірімдер арасында соңы қайғылы оқиғамен аяқталған топтық төбелес тіркеліп үлгерді. Бұл оқиға қоғамның балалар бұзақылығына бей-жай қарамауына тағы да бір себеп болып отыр.

– Жасөспірімдердің қылмысқа баруы – олардың болашағына үлкен көлеңке түсіретін қайғылы құбылыс. Бір ғана қателік, бір сәттік ашу немесе ойланбай жасалған әрекет бүкіл өміріне әсер етуі мүмкін. Қылмыс жасаған жасөспірімдер заң алдында жауап беріп қана қоймай, психологиялық күйзеліске ұшырайды, қоғамнан шеттетіліп, өзіне деген сенімін жоғалтады. Сот шешімі олардың әрі қарайғы өмір жолын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін: кейбірі түзелуге тырысса, енді бірі керісінше, өмірден түңіліп, теріс жолға түсуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар балаларының тәрбиесіне жіті назар аударып, олардың ортасы мен қызығушылықтарын қадағалауға міндетті, – дейді Қызылорда облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы Дәурен Тайырұлы.

Мамандар атап өткендей, бұл тұрғыда ата-ананың жауапкершілігі ерекше. Баланың кіммен араласатынына, қандай ақпарат тұтынатынына, немен айналысатынына бей-жай қарауға болмайды. Бала – үйде, ал қылығы түзде болуы мүмкін. «Өзі жоқтың – көзі жоқ» демекші, әке-шешенің немқұрайлылығын «пайдаланатын» балалар да бар. Алкогольді сусындар мен заңмен тыйым салынған вейп секілді электронды темекі тұтынып жүрген балаларды көзбен көріп те жүрміз. Алайда «қой» деп тоқтау салатын ересекті байқамаймыз.

Өздеріне тиесілі емес ауданның басшысымағы атанып, территориясына аяқ басқан «бөтендерді», амандаспай өткен, шылымға сіріңке ұсынбаған жастарды сыйғызбай жүрген жасөспірімдердің қозғалысына да тоқтау болмай тұр. Қазір XXI ғасыр болса да, қару кезеніп, әлі де сотқарлық танытып,өткеннің лебін жалғастырып жүрген «райондықтар» көп қылмыстың себепкері.

Жасөспірімдер кейде білместікпен немесе айналасындағы ортаның ықпалымен заңға қайшы әрекеттерге баруы мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін отбасында ашық қарым-қатынас орнату, балаға сенім арту және оның проблемаларына уақытылы көңіл бөлу маңызды. Балаларды адамгершілікке, жауапкершілікке тәрбиелеу – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір жасөспірім өз болашағын ойлап, заңды құрметтеп, қылмыстан аулақ болуға ұмтылуы қажет.

ҚЫЛМЫС – ӨКІНІШКЕ ТОЛЫ ӨМІРЛІК ТАҢБА

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс тек отбасылық және әлеуметтік мәселелерден туындамайды. Мектептегі буллинг, яғни бір-бірін қорқытып, мазақ ету, сыныптағы бедел үшін күрес, әлеуметтік мәртебеге қол жеткізуге деген ұмтылыс – мұның бәрі жасөспірімдердің қылмысқа баруына себеп болуы мүмкін. Қылмыстық іске баратындардың көбі әлеуметтік осал отбасыдан шыққан жасөспірімдер. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін оқу ошағындағы психолог мамандар мен ұстаздардың рөлі өте маңызды. Олар оқушылармен тығыз байланыста болып, олардың ішкі жан дүниесін түсінуге тырысуы қажет.

Қылмыс тек топтық төбелеспен шектелмейді. Бұл ұғымның аясына көптеген заңға қайшы әрекет кіреді. Мәселен, түнгі уақытта ата-ананың қарауынсыз көшеде жүру, қоғамдық орында балағат сөздер айту, әлсіздерге әлімжеттік көрсету, ұрлық жасау, азғындық әрекетке жол беру және денсаулыққа қасақана зиян келтіру – мұның бәрі жасөспірімдер тарапынан жиі кездесетін қылмыстар. Сонымен қатар 16 жасқа толмай жыныстық қатынасқа түсу де қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

Балаға бұрыс жолдың қандай екенін көрсете отырып, оған қатысты заңның да қаншалықты қатаң екендігін түсіндіре білуіміз керек. ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, қылмыстық жауапкершілік 16 жас, алайда кейбір ауыр қылмыс үшін, мәселен, кісі өлтіру, зорлау, ұрлық, тонау, бұзақылық, бопсалау және денсаулыққа ауыр зиян келтіру секілді қылмыстар үшін жауапкершілік 14жастан бастап тағайындалады.

Ата-ана да баласының заңға қайшы әрекеті үшін белгілі бір айлық көрсеткіш есебінде айыппұл арқалап, қылмыстың дәрежесіне қарай жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық жауапкершілікке тартылу жасөспірімнің алдағы өміріне де әсер етеді.

Бұрыс өмірдің алдын алу үшін жоғарыда атап өткеніміздей, баланың дұрыс бағытта дамып келе жатқандығына көз жеткізуіміз керек. Оның қабілеттерін арттырып, бейімділігіне байланысты дамуына мүмкіндік жасасақ, өмірлік таңба болатын жат қылықтардан сақтап қалуға болады.

Қорытындылай келе, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен озбырлықтың алдын алу – тек отбасының ғана емес, мектеп пен қоғамның да бірлескен жауапкершілігі. Баланың бойындағы адамгершілік пен жауапкершілік қасиеттерін нығайту, сенімді қарым-қатынас орнату арқылы ғана оның қателіктерден аулақ болуына жағдай жасауға болады. Әрбір бала өз өмірін дұрыс бағытта құру үшін қоғам мен отбасынан жеткілікті қолдау алып, өзінің болашағына жауапкершілікпен қарауы керек.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!