«Ерлік білекте емес жүректе» дейді тәуекелді ту етіп, батылдықпен жауға бастаған бағзы бабалар. Алайда бүгінгі күннің жігіттері «қоңыраулы найза қолға алып, жалаулы найза жанға алып» жау қашырмай-ақ, Отан алдындағы борышы саналатын әскерден қашқақтайды. Арнаулы сала мамандарының айтуынша, соңғы жылдары әскери борышын ерікті түрде өтеушілер қатары азаюда. Жастардың дені жалтарып, түрлі сылтау мен бармаудың жолын іздеп әлек.

Мемлекеттік Қарулы Күштер жүйесінде 18-ден 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелгені мәлім. Жыл сайын борышын өтеуге 16 000 адам шақырылады. Соған қарамастан шақыртумен барғандар әскердің 30 процентін ғана құрайды-мыс. Жастардың көпшілігі әскерге барғысы келмейді. Қаңтарда орын алған төтенше жағдайдан кейін аталған салаға көп көңіл бөліну қажеттілігі туындаса, қызмет барысында ажал құшқан әскерилердің тағдыры тағы ойлантады. Көпшіліктің әскер десе ат тонын ала қашуының негізгі себебі қандай? Жігіттер әскери жүйеден қорқа ма? Әлде әлеуметтік желідегі ақпараттар арқылы әскерге деген сенімсіздік артты ма?

Жастар неге әскерге барғысы келмейді?

Осы сұрақтар төңірегінде «Рухты жастар – ел ертеңі» атты пікірталас өтті. Шараны «Ақмешіт жастары» газетінің редакциясы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №18 кітапханамен бірлесе ұйымдастырды. Оған қалалық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева, облыстық «Ауғанстан соғысының ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов, №18 кітапхана қызметкері Зәуреш Әлішова, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бөлім басшысы Алмат Смайылов, орталық қызметкері Айдос Сәдіров, республикалық «Халық» газетінің тілшісі Рыскелді Жахман, студент, республикалық «Халық» газетінің тілшісі Азамат Абимолда қатысып, жастардың әскерден қашуының негізгі себептерін талқыға салды.

Жастар неге әскерге барғысы келмейді?

– Баланы бесіктегі сәтінен бастап тәрбиелеу керек. Өскеннен кейін мотивация беру де маңызды, қазір бұл жағдайға мән бере бермейміз. Бүгінде жастарды әскерге алып кетеді, терін төгіп жұмыс үйретеді де, әскерден келген соң оны ұмытып кетеді. Сондықтан әскери борышын өтеудің де жүйесі болу керек. Әскерге кім барады? Біріншіден, патриоттық тәрбиесі бар жас, екіншіден оның денсаулығы жақсы болу керек деген шарттары болу керек. Сосын әскери борышын өтеп келген адамға қоғам оң көзқараспен қарау керек. Бұрын Кеңес үкіметінде мынадай жүйе болған. Ол кезде жастардың жоғары білім алуы қиын еді. Ал әскерге барып келсең жоғары оқу орнына бірден қабылдайтын. Бұл ‒ әскери адамға берілген халықтың марапаты мен  құрметінің көрінісі. Сонымен қатар қазір мектепте алғашқы әскери даярлық сабағында теориядан бөлек практикалық білім берілуі керек. Ал кей мектепте тіпті қажетті құралдар, автоматтар жетіспейді, ‒ дейді Қ.Баймаханов.

Жастар неге әскерге барғысы келмейді?

Әскери қызметтің отбасы институтымен, ұлттық құндылықтарға құрылған тәрбиемен тығыз байланыста екенін мойындауымыз керек. Осы орайда қалалық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева: «Еліміз әскер саны бойынша 166 елдің ішінде 70 орында тұр. Ал қарулы күштерінің тұрақты әскері 39 мыңды құрайды. Сондай-ақ әскери құрылымдарда қарулы күштерге кірмейтін 31,5 мың адам бар, яғни жалпы 70,5 мың әскери қызметкер жұмыс істейді екен. Әскери қызмет пен осы саланың дамуы санға емес, сапаға байланысты. Дегенмен қоғамдық мәселенің бәрі бір тізбектің бойында: отбасылық тәрбие – отанға қызмет – ұлттық қауіпсіздік. Сондықтан әскерге барып, соғысқа аттанбаса да, ерді намысшыл, нағыз азамат етіп өсіруіміз керек. Ал патриоттылық тек әскерге барумен өлшенбейді. Әркім өзінің жақсы көретін ісімен айналысу, сапалы қызмет атқару арқылы патриот болады. Әскерге бармағандарды кінәлай алмаймыз. Ол үшін алдымен жақсы жағдай туғызып, мүмкіндік пен мотивация сыйлай алуымыз қажет» деген пікірімен бөлісті.

Дина БӨКЕБАЙ,

Суреттерді түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ

Жастар неге әскерге барғысы келмейді?
Жастар неге әскерге барғысы келмейді?
Жастар неге әскерге барғысы келмейді?
Жастар неге әскерге барғысы келмейді?

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!