Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Оқу жылының басталуына сәл ғана уақыт қалды. Студенттер де жатақханаға тіркеліп, университетке дайындалу үстінде. Бүгінде оқу жылының басталуына орай пәтер құны да шарықтап үлгерген болар. Жатақханада орын жетіспеушілігінен үй жалдап тұруға мәжбүр абитуриенттер енді не істемек?

ШӘКІРТАҚЫНЫҢ КӨЛЕМІ АРТТЫ

Жатақхана жайын жазбас бұрын студенттерге берілетін шәкіртақыға назар аударуды жөн көрдік. Себебі, жайлы қонысқа орналасып, алаңсыз білім алу үшін де қаржылық жағдай тұрақты болуы керек. Бірнеше жаңалық агенттігі жарыса жазып, шәкіртақының көбейгені туралы ақпарат естіген де едік. Көп студент бұған қуанғаны рас. Өйткені олардың бірі жатақхана берешегін, ал бірі пәтерақысын осы стипендиядан өтейді. Осы орайда Қазақстандағы ЖОО-ның шәкіртақы құнымен бөлісе кетейік.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждер мен ЖОО студенттеріне арналған стипендияларды арттыруды көздейтін ҚР Үкіметінің қаулысына қол қойды. Колледж студенттері үшін шәкіртақы 50%-ға артып, ал өзге мамандықтарға 43 574, орта буын мамандары үшін 41 896 теңгені құрады. Бакалавриат студенттерінің стипендиясын ұлғайту 20%-ға артады, яғни 47 135 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медициналық бағытта білім алушылар стипендиясы 75 600 теңгеге дейін ұлғаяды. Интернатурада оқитындарға стипендия 85 376 теңге, ал резидентурада білім алатындарға 123 122 теңге көлемінде төленеді. Магистранттар мен докторанттарға стипендия тиісінше 15%-ға артып, 107 061 теңгеге және 240 000 теңгеге көбейеді.

Елімізде биыл 186 мың оқушы түлек атанып, оның 112 мыңына тегін мемлекеттік грант қарастырылды. Көп оқушы Алматы, Астана секілді мегаполиске оқуға түсуді армандайды. Алайда ондағы өмір сүру құнының қаншалықты қымбат екенін ойластыра бермейді. Мемлекеттік грантты ұтып алған күннің өзінде оның бір бөлігі жатақхана шығындарын төлеуге кетеді. Ал кемі 40 мың алатын студент үлкен қалада бұл ақшаны қалай жеткізеді? Жылда бұл сұрақ көтерілсе де, мардымды жауап жоқ. Пәтер бағасы неге қарыштайды? Нарықтағы үй жалдау бағасына шектеу қойыла ма? Бұл тек уақыт еншісіндегі сауал…

Абитуриенттердің бәрі бірдей грант ұтып алмайтыны анық. Яғни, кейбір студент сапалы және жан-жақты білім алу үшін өзге қалада ақылы түрде болсын білім алуды қалайды. Ал Қазақстандағы ЖОО-да ақылы оқу құны айтарлықтай жоғары. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі бір жылдық оқудың құны 1 млн – 1 млн 600 мың теңге, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде 1 млн 140 мыңнан бастап 1 млн 330 мың теңгеге дейін, ал қалған ЖОО-ларда оқу үшін кем дегенде 500 мың теңгедей қаражат қажет.

– Қалаға келгелі бері жатақханада тұрған жоқпын, тұру ойымда да болған жоқ. Жатақханаға мін тақпаймын, бұл өз қөзқарасыма байланысты тоқталған шешім. Пәтер жалдауды құп көрдім. Екі жыл бұрын үйді бір айға жалға алу құны 65 мың теңге болды, оның үстіне туысқан әпкемдікі еді. Ол үйін сатуына байланысты қонысымды тағы ауыстырдым. Айына 85 мың теңге төлеп тұрдым. Алатын шәкіртақы 54 мың екенін айта өтейін. Бұл – Қызылордада экологияға байланысты берілетін қосымша төлемақымен қосқандағы қаржы. Еліміздің орталық қалаларында мұндай жеңілдік қарастырылмаған, ал сол жаққа оқуға кететіндердің саны көп. Пәтер бағасы күн өткен сайын көтеріліп келеді. Алайда бұл құбылысқа екі жақты көзқараспен қараймын. Сұраныс артқан сайын баға да көтеріле түседі. Бұл – заңдылық. Қазір инфляцияға байланысты бағасы тұрақтап тұрған зат жоқ. Халықтың орта статистикалық табысымен бағаның өсімі де қатар жүретіні айқын, – дейді студент Хақназар Қасымхан.

ЖАТАҚХАНА ЖЫРЫ

Түлектердің баспанасы жылда көтерілетін өзекті тақырып. Мыңдаған студент ауылдан қалаға келіп, өмірдің өздері білмейтін тұсына үңіледі. Жатақхана – жаңа орта, жаңа достар. Тәрбиесі бөлек түрлі жанның бір ортада тоғысатын мекені. Бірі білікті маман болу үшін бас алмай сабақ оқиды, ал бірі университеттің белсенді студенті атанады. Оқудың алғашқы жылы жатақханада тұрып көру арқылы әркім өз бағытын таңдайды. Оған қоса, пәтер құны шарықтап тұрған шақта жатақханада тұру ең ұтымды шешім. Алайда жатақхананың бәріне бірдей жетуі мүмкін емес. Өйткені әлеуметтік желіде биылғы студенттерге жатақхананың жетпей жатқаны туралы да ақпарат шығып үлгерді.

Бүгінде ЖОО-ға басқа қаладан оқуға келетін түлек көп. Себебі сапалы білім алып, білікті маман болғысы келеді. Соған байланысты жатақханаға да сұраныс жоғары. Қазақстанда 380-ге жуық студенттік жатақхана жұмыс істейді. Оның көбі кеңестік кезеңде салынғандықтан жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Дегенмен барлық ниет білдірушілерге жеткілікті орын жоқ. Өткен оқу жылында 24 мыңға жуық студент жатақханадан орын ала алмады. Бұл мәселе әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды және Қостанай облыстарында туындады. Тіпті алматылық студенттер орын жетіспеушілігіне байланысты хостелдерге орналастырылды. Жатақханада тұру бағасы өңірге және ЖОО-ға байланысты айтарлықтай өзгереді. Айына 4 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін жайлылық деңгейіне байланысты әр түрлі болады.

– Маған жатақханадағы өмір ұнайды. Жылына 50 мың теңге төлеймін. Жағдай жақсы қарастырылған. Студенттер кезекшілік арқылы жатақханада тазалық шараларының сақталуын қадағалайды. Ең қолайсызы, ол – жатақхананың уақыты. Яғни кешкі 9-да сыртқы есік жабылады. Сондай-ақ тоқ розеткалары аз. Байланыс құралы мен техникаларды қуаттау үшін орталық дәлізге барамыз және телефонды ұрлап кетпеуі үшін жиі қадағалаймыз. Бұл өте ыңғайсыз, – дейді колледж студенті Назерке Тынысбек.

АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

Өңірдегі ең ірі жоғары оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті. Мақаланы жазу барысында университет жатақханасы туралы ақпарат сұраттық. Білім ордасының балансында – №3 (260 орын), №5 (400 орын) жатақханалар бар. Сонымен қатар әріптестік негізінде келісімшарт арқылы «Қаржы орталығы» АҚ қаржыландырылатын жеке жатақханалардан 680 орынды пайдалануға келісім жасалған. Ашып айтатын болсақ, 2024-2025 оқу жылында «ДилМаш» ЖШС-мен жасалған келісім-шарт негізінде 350 орындық, «Өркениет» 150 орындық және «Инкар 7» 180 орындық жатақханалар студент игілігіне берілді. Университеттің №3 және 5 жатақханаларында жөндеу жұмыстары жүріп, пайдалануға берілді. Жалпы жұмыс жасап тұрған жатақханалардағы орын саны – 1340. Бүгінде жатақханаға жолдама алған білім алушылар саны 800 түлекті құрайды. Еске сала кетейік, өткен жылы Қорқыт ата университетінде 10 мыңнан астам студент білім алды.

– Студенттік өмірімнің басталғанына 3 жыл болды. Қалада үй жалдап тұрамын. 1 курстың алғашқы семестрінде жатақханаға орналастым, алайда көзқарасы әртүрлі адамдармен бірге тұру қиын болды. Оның үстіне жатақхана көпшілік ортасы болғандықтан сенен де «көпшіл» болуды талап етеді, бірақ бұл да қажытады. Мемлекеттік грантты ұтып, бірақ үлгеріміме байланысты шәкіртақыдан қағылдым. Оқуды жалғастыру үшін үй жалдап тұрдым, ата-анам көмектесті. Өзім де жұмыс істедім. Әрине, оның оқудағы үлгеріміме кері әсері тиді. Қаланың қызу өміріне үйреніспеген мен үшін оқудың алғашқы жылы біршама қиындықтар туғызды. Пәтер құны 100 мың теңге, әлі күнге дейін осы баға. Мен қала өміріне дағдыланған соң бұрынғыдай ауыртпашылық сезінбеймін, десе де тұрақты жұмысы жоқ студент үшін оны өтеу қиын, – дейді студент Асия Бағдатқызы.

Қорытындылай келе, бұл сауал студенттің ғана емес ересектердің де бас аурына айналған тақырып. Күз жақындаса пәтер бағасы құбылып, қарыштап шыға келеді. Ұлттық ста- тистика бюросының мәліметі бойынша, баспананы жалға алу құны өткен жылға қарағанда 5,2%-ға қымбаттаған. Өсу динамикасы байқалған үштікте Қызылорда қаласы да бар, оның көрсеткіші 7,1%-ды құрайды.

Студенттер үшін бұл біршама ауыртпашылық. Алматы Астана қалаларында пәтер жалдау құны 180-250 мың теңге аралығында. Ал студенттің шәкіртақысын жоғарыда атап өттік, мұндай қаржыны бірден төлеуге жеткіліксіз.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!