Фото: depositphotos.com

Әлемде жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа елеулі қатер төндіретін экстремизм мен терроризмнің ықпалы кеңейіп отыр. Ұлттар осы қауіптердің көп қырлы сипатымен күресіп жатқандықтан, экстремистік әрекеттерге жауапты адамдарды анықтау және жауапкершілікке тарту маңызды рөлге ие. Кім кінәлі, не үшін ондай әрекетке барды дейтін сауалдар мемлекеттің тұтастығы мен амандығы үшін туындайды. Радикалды идеологиялардың жетегінде кеткендерден бастап, зорлық-зомбылықты қолдайтын ұйымдасқан топтарға дейін экстремизм мен терроризмнің құрамын толықтырады. Негізінде елімізде экстремистік ұйымдар мен жеке адамдардың әрекеті аз емес. Ол үшін кімдер жауапқа тартылып жатқаны да көп айтыла бермейді. Сол үшін елдегі және аймақтағы статистиканы сараптап, ұсынып отырмыз.

Ranking.kz мониторинг порталы жүргізген зерттеу нәтижесіне үңілсек, жыл сайын радикалды ұйымдардың әрекеті азайып келе жатқан көрінеді.

Экстремизм мен терроризмнің қауіпі

Өткен жылдың қаңтар-желтоқсанында Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыс жасаған 122 адам анықталып, сотқа жіберілген. Оның ішінде 99 адам орта және арнаулы орта білімді, 19 адам жоғары білімді екен. Барлық анықталған тұлғалардың үштен бір бөлігі терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға шақырумен айналысқан. Сотқа тартылғандардың ішінде 30-39 жас аралығындағы 44 адам, 40-49 жас аралығындағы 38 адам, 50- 59 жас аралығындағы 15 адам бар. Нақтыласақ, 60 жастан асқан 6 адам, кәмелетке толмаған 3 адам, 18-20 жас аралығындағы 4 адам, 21-29 жас аралығындағы 12 адам тіркелген.

Былтыр он екі айда сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде экстремизм мен терроризмге қатысты 208 қылмыс фактісі анықталған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 5,6%-ға көп. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық, діни алауыздықты қоздыру – саладағы ең көп таралған қылмыс түріне жатады. Осындай іс бойынша 84 құқық бұзушылық орын алған. Сондай-ақ осы салада жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында қоғамдық немесе діни бірлестікке қатысу 60% көбейген.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дінтану кафедрасының аға оқытушысы Құдайберді Бағашаров экстремизмдегі әрекет дін түсінігінен ада екенін түсіндіреді.

– Дін түсінігіндегі экстремизмді дінге сыймайтын шектен тыс көзқарастар мен іс-әрекеттер құрайды. Мұндай экстремизмнің соңы зорлық-зомбылыққа, агрессияға апарады. Экстремизмнің кең және нақты өлшемдеріне баға берген ресейлік эксперт М.Краснов. Оның ойынша, экстремизмге мынадай идеяны, бағыты, доктриналарды таратуға бағытталған әрекетті жатқызуға болады: адамдарды таптық, меншіктік, нәсілдік, ұлттық немесе діндік ерекшеліктеріне байланысты бөлу; адам құқығын конституциялық құндылық ретінде жоққа шығару; ашық плюрализм мүмкіндігін, идеяларды еркін тарату және айырбастауды жою; бір идеологияны мемлекеттік ретінде орнату, – дейді ол.

Ranking.kz хабарлауынша, өңірлер бойынша экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыстың көп бөлігі елордада тіркелген. Аймақтарға бөлсек, Астанада 50 жағдай, Алматыда 21 жағдай, Солтүстік Қазақстанда 16 жағдай, Атырауда 14 жағдай және Жамбыл облысында 13 жағдай болған.

Құқық қорғау органдары 153 экстремистік материал тәркілеген. Ал өткен жылғы дерек бойынша бір жыл бұрын тәркіленген материалдар саны – 302. Көбіне мұндай материалдар кітаптар мен парақшалар болған.

Zakon.kz хабарлауы бойынша, Мәжіліс депутаттары көші-қон мәселесін реттейтін заң жобасын әзірлеген. Құжатта террористік ұйымдарға қатысы бар және кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктердің елге келуіне тыйым салатын өте қатаң норма бар.

Экстремизм мен терроризм – ел ішінде іріткі салатын дүниелер. Оны тоқтату қиын болғанымен алдын алуға һәм жұмысының іске асуына тосқауыл қоюға мүмкіндік бар. Ол үшін не қажет дейсіз бе? Адамдар діни сауатын арттырып, жат ағымдарға ермеу керек. Мамандар да осылай дейді.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!