Жылдамдық шектеуіне салғырт қарайтын жүргізушілердің көбеюі бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Жол қауіпсіздігіне желең қарайтындардың кесірінен жылына мыңдаған адам ажалынан бұрын келген апаттан көз жұмады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің берген деректері бойынша, өткен жылы елімізде 15 886 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1 984 адам ажал құшқан. Жолда жүру ережелеріне неліктен жауапсыздықпен қараймыз? Мақаламызда талқыладық.
Бүгінде көлікке сұраныс көп, нәтижесінде жолда орын алатын оқиғалардың да саны артты. Қазір баласы кәмелет жасқа жеткен күні көлік сыйлайтын ата-ана көп. Кейбірі жүргізуші куәлігінсіз-ақ қала көшелерінде ойқастап жүр. Қауіпсіздік белдігі тағылмаған, қалада рұқсат етілген жоғары жылдамдық сақталмаған – бұл жаппай орын алып жатқан заңға бағынбаушылықтың жалпы көрінісі, ал жолда жүру ережелері туралы айтпасақ та түсінікті. Заң күшейген сайын, оны сорақылықпен бұзатындар да азаймақ емес. Бірақ «тағы да айыппұл» деп ренжитін халықтың қарасы басым.
Хош. Жүргізуші куәлігі жоқтар былай тұрсын, куәлігі бар жандар да жолда ереже сақтап жүргені шамалы. Жыл басынан бері өңірде қауiпсiздiк белдігін тақпаған 9244 жүргізуші әкімшілік жазаға тартылған. Әлі күнге дейін бағдаршамның сары шамынан «үлгеремін» деп жылдамдығын үдететіндер көп. Көрер көзге мысал ретінде, қараша айында адам өмірін жалмаған оқиғаны атасақ болады. Атап өткен «үлгереміннің» үлгісін көрсеткен жүргізуші аяқ астында адам қазасының себепкері болды. Апат айтып келмейді деген осы. Қаламызда жыл басынан бері 357 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, салдарынан 27 адам қаза тауып, 439 адам түрлі дене жарақаттарын алған.
Бір қаладан екіншісіне жылдам жету үшін такси қызметін қолданатындар көп. Қызылордадан Түркістанға бару уақыты кем дегенде 3 сағатты құраса, Шымкент, Алматы секілді алпауыт қалаларға рұқсат етілген жылдамдықпен жету үшін екі есе, тіпті үш есе көп уақыт қажет. Дегенмен жол шаршатады, жүргізушінің көңілін бөлетін бұрылыс аз. Автомагистральда рұқсат етілген жылдамдық сағатына 110 шақырымды құрайды. Алайда есерсоқтанған кейбір «ессіз» жүргізушілер тез жетудің қамын жасаймын деп, ережені елемейді. Жолымды қысқартамын деген жүргізушілердің бұл бассыздығынан өмір жасы қысқарған жолаушы көбейіп кетті. Биылғы көрсеткіш бойынша жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар 15,6%-ға төмендеді, десе де жол апаты 39,1%-ға, ал жарақат алғандар 41,6%-ға жеткен.
Одан қалды жүргізушілер жолда «қалғып кетпейін» деп түрлі энергетик сусындар ішеді. Ал сіз жолда орын алатын апаттың себептеріне оның да қатысы бар екенін білесіз бе? Бұл тек автомагистральға шығатын автокөлік жүргізушілеріне ғана емес, сондай-ақ қаладағы көлік жүргізушілеріне де қатысы бар ақпарат.
– Көлік жүргізу кезінде демалыс пен еңбек режимін сақтамайтын жүргізуші адам ықтималды кісі өлтірушіге айналады. Сонымен қатар ол өзіне және жақындарына ғана емес, айналасындағы автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге де қауіп төндіреді. Ұйқышылдық жағдайы сергектік пен еңбек өнімділігін төмендетеді. Сондай-ақ зейін, есте сақтау қабілеті төмендейді, қозғалыс үйлесімділігі де баяулайды. Жүргізушілердің басым көпшілігі дұрыс демалмаудың салдары апатқа алып баратынын жете түсінбейді. Әсіресе бұл жағдай ұзақ жолға және алыс сапарларға шығатын, ауыр жүк көліктерін жүргізетін немесе жолаушы тасымалдайтын көлік жүргізушілеріне қатысты. Қызылорда облысының барлық тұрғыны мен қонақтарына трассадағы көлік қозғалысы кезінде көлік жүргізушісін бақылап, қадағалап отыруын сұраймыз. Көбіне жолаушылар жүргізушінің шаршағанын және ұйықтағысы келіп отырғанын біледі, көреді. Алайда мұндай жағдайға немқұрайлы қарайды. Ал немқұрайлылық көп жағдайда ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыз, – дейді Қызылорда ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция рота командирі полиция майоры Дархан Алматов.
Бұрын жолдың сапасын сынға алушы едік, биыл бұл олқылықтың орны біраз толысты. Қаладағы маңызы бар көшелерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 32,3 млрд теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 261 шақырым болатын автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Сонымен қатар 37 шақырым жерге түнгі жарық шамдары орнатылып, 43 шақырым аймаққа жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынды. 35 жаяу жүргіншілер өткеліне лазерлі сәуле таратушы құрылғы құрылып, оқыс оқиғаның алдын алу үшін 20 жерде жасанды тегіс еместік қондырғылары орнатылды.
Үлкен жолдарда орын алатын апаттардың алдын алу үшін құзырлы органдар республикалық маңызы бар тас жолдардың қауіпті аймақтарына ескертпелер орнатуды жоспарлауда. Түнгі уақытта жүргізушілердің назарын аудару үшін 6 дана жарқылдауық маяк, 9 орынға «Әкетай асықпа», «Құрметті жүргізуші! Жылдамдықты шамадан тыс асырма» мәтіні бар панолар, 7 жерге бейнекамера, сондай-ақ 10 дана қызметтік автокөлік макеттерінің муляждары сынды белгілер орнатылады деп күтілуде. Сонымен қатар, 7 ауданға 2 данадан жылдамдықты автоматты түрде тіркейтін өлшегіш құрылғыларды құру көзделген.
Жолда орын алатын апат қатарын кейінгі кезде қолданысқа кеңінен енген мопед пен скутер де толықтырып отыр. Қаңтар айынан бері 1266 скутер жүргізушісі заң бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 105 скутердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам қайтыс болған және 17 адам түрлі дене жарақаттарын алған.
Құзырлы органдар қыс келісімен жаздық дөңгелектерді қыстық шинаға ауыстыруды міндеттейді. Алайда облыста желтоқсан айында көктайғаққа байланысты бірнеше апат орын алып та үлгерді.
Ескере кететін тағы бір жайт – жүргізушінің психологиялық жай-күйі. Кейде төрт жолақты жолға сыймай, бір-бірімен жолды бөлісе алмай, даңғылда жарысып жүретін жүргізушілерді кездестіреміз. Мұндай адамдар өз әрекетімен көптің өміріне қауіп төндіретінін ескермейді. Ашудың немесе адреналиннің әсерімен жолда жауапсыздық танытатындардың бұл ісі басқа адамдардың өмірін қиюы мүмкін. Сол себепті, қас-қағым сәтте орын алуы мүмкін оқыс оқиғалардың алдын алып, бір-бірімізге құрметпен және сабырмен қарағанымыз жөн.
Білгеніңіз абзал…
Желтоқсан айынан бастап, трассалардағы орташа жылдамдық тіркеуге алынады. Мәселен, 6 сағаттық жолды 4 сағатта жүріп өтетін болсаңыз, қалаға кірер алдындағы учаскелердегі камера сіздің жылдамдығыңызды есепке алады. Нәтижесінде сіздің асырған жылдамдығыңызды уақыт пен арақашықтыққа бөліп, қанша жылдамдықпен жүргендігіңіз есептелінеді. Бұл функция жылдамдықты асыру салдарынан адам қазасының көбеюіне байланысты қолға алынды. Айыппұл мөлшері жылдамдықты қаншалықты асырғанына байланысты 5-40 АЕК (2024 жылы 147 680 теңге) көлемінде болады.
Күндізгі жарық шамдарына да қатысты өзгерістер енгізілді. Бұрын қала ішінде жарық шамын қоспай жүрген жағдайда МАИ қызметкері бірінші ретте айыппұл салуға құқылы еді. Алайда желтоқсан айынан бастап, бұл ережеге өзгеріс еніп, заң бұзушылық алғаш рет орын алса, ескерту жасау міндетті болып бекітілді. Ал егер бір жылдың ішінде бұл заңсыздыққа тағы жол беретін болсаңыз, 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалауға мәжбүр боласыз.
Сондай-ақ «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес, көлік құралын басқару құқығы жоқжәне бұған дейін жүргізуші куәлігін алмаған тұлға көлікті мас күйінде (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде) басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар 7 жыл жүргізуші куәлігін алуға арналған емтиханды тапсыру құқығынан шектеледі.
Жаяу жүргінші, абайла!
Жол көлік оқиғаларына тек қана жүргізушілерді ғана кінәлі етіп қою қате пікір.Себебі жаяу жүргіншілер де жолдағы сақтық шараларына селқостық танытады. Мәселен, жаяу жүргіншілер жолағы орналаспаған жерден көшені кесіп өту, құлаққап тағып, оң-солына мән бермеу, жаяу жүргіншілерге арналған тротуармен жүрмеу секілді өрескел қателіктер күнделікті орын алатыны рас.
Түйін. Халық қауіпсіздігі – басты назарда. Әрбір азаматтың өмірі, денсаулығы мен мүлкі қоғам үшін баға жетпес құндылық. Бұл тұрғыда жол қозғалысындағы тәртіпті сақтау, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды міндеттердің бірі. Жолда тек өзіміз үшін ғана емес, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігі үшін жауапты екенімізді естен шығармағанымыз абзал. Құзырлы органдардың да діттегені осы – азаматтардың, әсіресе көлік жүргізушілерінің заңды және жол ережелеріне бағынуы. Сол себепті жол да жүру ережелеріне жауапкершілікпен қарайық!
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!