…Көлік көп деп тамсанбай,

Түзу, тегіс жол салмай,

Жолаушының жыры бітер ме? Махамбеттің өлеңін жаңа заманға сай өзгертсек, жарасатындай. Бір қатардан-ақ бітпейтін жолдың мен жолаушының жырын түсінеміз. Дұрысы, кешкісін жұмыстан шыққан тұрғын, сабақтан шыққан оқушы мен үйіне асыққан студенттер түсінеді. Көлігі жоқ қарапайым тұрғындарға боран мен қарсыз-ақ бойыңды қалшылдатып жіберетін Қызылорданың қара суығы жақсы таныс. Мұндайда тегіс жол мен жол ережесін айтпағанда, аялдамада сағына, сарыла күткендерді суықта қалдырған қоғамдық көліктің тез жеткеніне тәубә дейсің. Қалаішілік автобустардың уақытылы жүрмейтіні, жолаушының ұзақ күтетіні, тіпті, кей бағыттағы көліктерге адамның сыймай қалатыны айтылмай жүрген жоқ. Неге қыста да, жазда да қызылордалық автобустар шағымнан арылмайды? Қоғамдық көліктер қандай жүйемен жұмыс істейді? Олардың уақытылы жолаушы тасымалдауына кім жауапты? Осы сұрақтардың жауабын алған едік.

Айта кетейік, жақында ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, облыс көлемінде «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы ұйымдастырылып, оған облыстық полиция департаментінің 450 қызметкері жұмылдырылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде департамент қызметкерлері жолаушы тасымалдауды жүзеге асырушы автобус, шағын көлемді автобус жүргізушілері тарапынан барлығы 1383 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтады.

Сонымен қатар облысаралық және қалааралық 585 қоғамдық көлік құралының жылыту, электр жабдықтары жағдайының сәйкестігі тексерілді. Рейд барысында 36 қоғамдық көлік айып тұрағына қойылса, 35 автокөліктің қозғалысын шектеу мақсатында мемлекеттік белгілері алынды. Бұл – осы аптаның бір жұмыс күніндегі шара барысында анықталған фактілер. Демек күнделікті қайталанып жүрген қалыпты жайт десек, қателеспейміз. «Күн сайын жұмыстан қайтарда «Универсамнан» 5 маршрутқа мінемін. Оның бағыты бойынша мінетін оқушылар да, студенттер де көп. Кейде маршруттар бір-бірімен жарысып, жылдамдығын арттырады. Кейде өз уақыттарымен асықпай қозғалып, нәтижесінде кешігіп қаламыз. Автобустан кіші қоғамдық көліктердің жеке екенін білемін. Дегенмен кейде адам емес, мал тиеп алғандай жүреді. Жолаушыларға бірдеңе болса, кім жауап береді? Бұған бақылау керек сияқты», – дейді Мерей Әскерхан есімді жас маман.

Иә, қоғамдық көліктің мәселелерін айту үшін қарапайым тұрғындармен тілдесу жеткілікті. Себебі барлығы күнделікті көз алдымызда өтіп жатыр.

– Наурыз мөлтекауданына кешке қайту мұң. Таксиге іліксең, жақсы. Күн суықта олар да көп аялдамайтын болған. Адам толтырып алса, кете береді. Қыстың күні қырауда ересектер таксимен келіссе де амалын табады, ал оқушылар ше?! Олар қалай қайтады? Таңғы сағат 8-дер шамасында Наурыздан шықпай жатып-ақ №12 маршрут адамға лық толады. Жұртшылық жарты сағаттан аса уақыт күткенін айтып шағымданады. Сол қоғамдық көліктің кассирі «Автобус паркінің» №2 маршруттың бағытын өздеріне алмақшы дегенін естіп қуанып қалып едік. Артынша парк қызметкерлері маршруттың жүретін жолын көріп, ол ойларынан айнып қалғанын жеткізді. «Мынадай жолға жаңа алған автобустарды беру обал!» деген көрінеді… Жолдың сапасыз болғанына қарапайым халықтың не кінәсі бар? Тасбөгет пен Қызылжармаға қатынайтын жаңа автобустар тақтайдай тегіс жолмен жүріп жүр ме екен? – дейді журналист Айсәуле Қарапаева.

Қалаға жақын ауылдардан қатынап жұмыс істейтіндер мен студент, тіпті, оқушылардың көп екенін атап өттік. Азанмен қалаға, кешкісін ауылына асығатын тұрғынның бірі – Мөлдір Сабыржанқызы. «Айта айта алтайды, Жамал апам қартайды». Автобустың жырын Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғындары айта-айта қартайған түрі бар. Қалаға жақын жердегі ауыл тұрғындарына үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көлік керек. Бүгін әдеттегідей қоғамдық көлікке ауыл адамдары сыймай қалды. Автобус ішінен бір аяқпен тұрғандарды да байқауға болады. Тығылысып міндік. Жұмысқа бару керек, сабақтан да кешігуге болмайды. Амал жоқ, бір аяқтап болса да тұруға тура келеді. Бүгін деймін-ау, бұл күнде кездесетін жағдай ғой. Автобуста бір-бірімен ұрысқан апаларды, «әрі тұр, бері тұр» деген жастарды жиі кезіктіруге болады. Одан бөлек Досан ауылының, Қорқыт ата көшесі, Қарауыл төбе бұрылысынан түсетін тұрғындар көлікті тоқтатып әлек. Содан «өз автобустарыңыз қайда» деген сынды әңгіме өрбиді. Әр аялдамадан тоқтап, адам алып, мінгізу үшін бір-бірін итереді… Осылайша бірі жұмысынан, бірі сабақтан кешігуге мәжбүр. Телефон арқылы мұғалімге кешігіп келетінін жеткізгендері де бар. Айта кетейін, автобус ауылға сағат сайын қатынайды. Соның ішінде таңғы сағат жеті мен сегіз аралығында автобуста адам көп болады. Қалған уақытта еркін баруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ кешкі 18:00-19:00-20:00 аралығында сыймай қалып жатады. Ең болмағанда осы уақыт аралығында үлкен сыйымдылықта көлік берілсе, құба-құп болар еді. Автобус паркіне жаңа басшы келіпті дегенді естіп, кішкене ғана ауыл тұрғындарының мәселесі қараусыз қалмайды деген ниет басым бізде…», – дейді ол.

Сала мамандары сол баяғы бітпейтін жолдың жырына не деп жауап қатады? «Қызылорда» автобус паркі ЖШС директорының орынбасары Бәкір Маштаев аталған мәселеге қатысты: «Біздің автобус паркінің теңгеріміндегі автобустар қала іші бойынша 10-бағытта жүреді. Атап айтқанда қала тұрғындарына 1, 11, 14, 17, 18, 19, 20, 25, 28, 29-маршруттар қызмет көрсетуде. Аталған бағыттардың аралық интервалы 10-12 минут шамасында. Интервалдар сақталады, барлығы өз уақытымен жұмыс істейді. Себебі автобустар жпс-құрылғысымен жабдықталған, тікелей диспетчерлердің бақылауында», – деп өздеріне тиесілі автобустарға шағымның жоқ екенін атап өтті.

Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары аталған мәселенің шешімі табылатынына сенімді. Тек асығатын түрлері жоқ секілді.

– Қалаішілік қоғамдық көліктердің уақыт интервальдары нақты заңмен бекітілмеген. Ал уақыт интервалы жылжымалы құрамда күнделікті жұмысқа шыққан автокөліктердің санына тікелей байланысты. Сондықтан келісімшарт жасасу барысында әрбір бағыттың арақашықтығы ескеріле отырып, бағытқа қойылатын автокөліктердің саны анықталады.

Бүгінгі таңда қалаішілік қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу мақсатында облыс орталығы қосымша жаңа заманауи үлкен автобустармен толығуда. Осыған сәйкес қала ішіндегі қоғамдық көлік мәселелерін кезең-кезеңімен түбегейлі шешу жолдары қарастырылуда. Кіші сыйымдылықтағы автобустардың демалыс күндері болмай қалуы және жұмыс күндері аз болуы, тасымалдаушылардың айтуына сәйкес жанар-жағар майларының суықта қатып қалуы басты мәселеге айналып отыр, – дейді мамандар.

Олардың айтуынша, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық бюджет есебінен әлеуметтік жағынан қорғалуға тиіс студенттерге әр жыл сайын қоғамдық көліктің қызметін пайдалану үшін қаражат қарастырылып отыр. Сонымен бірге 2021 жылдың қазан айынан бастап, қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі І – ІІ топтағы көз мүгедектеріне берілген. Ал мәселенің шешімі «қарастырылуда». Қыстың суығы күшеймесе, басылмайды. Жолдың жырымен қысты жазға, жазды қысқа жалғап, өзімізді алдап жүрген жоқпыз ба? Бастысы көңіліміз суымасын дейміз ғой, ал автобустарға байланған адам өмірі ше?

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!