– Ағай, анам қайда?
– Анаң қазір ана жақта жатыр, сен қозғалма.
– Менің аяғыма не болды?
– Ештеңе, жай жараланып қалған ғой. Қазір көмек келеді. Қозғалма, жата тұр.
– Ағай, анама не болды?..
Бұл – жақында «Toyota Alphard» көлігімен жол апатына түсіп, зардап шеккен баланың жан даусы. Сол сәттегі көз жас, үрей мен үміт араласқан үн кез келген адамның жүрегін қан жылатқаны анық. Өйткені жолдағы әрбір апат бір адамның қайғысы емес, тұтас жұрттың қатері.
Көлік тізгіндеген адамның мойнында тек темір тұлпар ғана емес, бүтін бір өмірлердің амандығы бар. Рөлге отырған әр жүргізуші тек өз өмірінің ғана емес, қасындағы жолаушының да, қарсы келе жатқан бейтаныстың да, жол шетіндегі бейғам жаяудың да тағдырына жауапты. Бірақ, өкінішке қарай, бұл қағидаға атүсті қарайтындардың қарасы басым.
Жылдамдықты шамадан тыс арттыру, басып озу ережесін сақтамау, жаяу жүргіншіге жол бермеу, мас күйінде көлік басқару, бақылаусыз қалған үй жануарлары – апаттың басты себептері саналады.
Жолдағы қасіреттің статистикасы
Жалпы елімізде де, Сыр бойында да көптеген жантүршігерлік апат орын алды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 15 698 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54%-ға артық. Жарты жылда 955 адам көз жұмып, 22 мыңнан астамы жарақат алған. Ал сақтандыру компанияларының есебі бойынша, шын мәнінде жылына 90 мыңнан аса апат болады екен. Статистиканың өзі-ақ жүрекке ауыр салмақ салып отыр.
Қазақстандағы жол қозғалысының ахуалы жылдан жылға ушығып барады. Мәселен, Алматыда 2023 жылдың алғашқы төрт айында мыңға жетпейтін жол апаты тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш екі есеге жуық артып, 2025 жылы 2 200-ден асқан. Қаладағы көлік қозғалысының тығыздығы бұрыннан қалыпты құбылыс саналса да, кейінгі кезде жағдай тіпті күрделене түсті.
Астанада да көрініс осындай: 2023 жылы 150 жол апаты болса, 2025 жылдың көктемінде олардың саны 500-ден асып, бар болғаны екі жыл ішінде үш есеге көбейген.
Бұдан бөлек, өңірлерде де антиөсім байқалады. Ақтөбе мен Атырау облыстарында апат саны төрт есеге – 100-ден 500-ге дейін жеткен. Бұрын салыстырмалы түрде тыныш саналатын аймақтар да бұл тізімге қосылды: Жетісуда ЖКО 126-дан 323-ке, Павлодарда 129-дан 317-ге көбейген. Солтүстік Қазақстан облысында да көрсеткіш екі есеге өскен.
Апаттардың салдары да әраймақта әртүрлі. Ең жоғары қауіп Түркістан облысында байқалады: мұнда әр бесінші жол-көлік оқиғасы (19,8%) адам өлімімен аяқталады. Қарағанды облысында әр оныншы апат кісі өліміне әкелсе (15%), Ақмола облыстарында да көрсеткіш шамамен осындай деңгейде. Ал Алматы қаласында бұл көрсеткіш 1%-дан төмен, Астанада 1,7% шамасында. Мамандар мұны ірі қалаларда жедел қызметтердің жылдамдығы мен медициналық көмектің қолжетімділігі, сондай-ақ инфрақұрылымның дамығандығымен түсіндіреді.
Былтырғы жылмен салыстырғанда жарақат алған балалар саны 74%-ға өсіп, 5552 бала зардап шеккен.
Өңірдегі ахуал көңіл көншітпейді
Қызылорда облысының өзінде жыл басынан бері 881 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 64 адам көз жұмды, мыңнан астам азамат жарақат алды. Бұл – бір ғана өңірдің сындарлы сандар тізбегі. Әр санның артында бір әулеттің қара жамылғаны, бір баланың жетім қалғаны, бір ананың зар жылағаны тұр. Әрбір апат – бір шаңырақтың ойраны.
Сыр өңіріндегі апаттың бір парасы мал иелерінің салғырттығынан туындап отыр. Жыл басынан бері 313 адам малын қараусыз жібергені үшін жауапқа тартылған. Қараусыз кеткен төрт түлік тас жолға шығып, қас-қағым сәтте апатқа себеп болуда. Тек биылдың өзінде үй жануарлары қатысқан 10 жол апаты тіркеліп, 2 адам түрлі жарақат алды. Жаяу жүргіншіні көлік қақса – жүргізуші кінәлі, жолға мал шықса – иесі кінәлі болатынын біліп жүріңіз.
Сарапшылардың айтуынша, жол апаттары ел экономикасына да соққы болып тиеді: 2021 жылы оның шығыны 7 миллиард АҚШ долларына жетіп, ЖІӨ-нің төрт пайызын жұтқан. Демек жолдағы салғырттық – тек жеке адамның емес, бүтін елдің қасіреті.
«Қазақбайшылық» – қоғам дерті
Ірі трассалардағы жылдамдық пен жүргізушілердің жауапсыздығы апаттың басты себебіне айналып отыр. Қала сыртындағы үлкен жолдардың бойына орнатылған камералар жол қозғалысын тәртіпке келтірудің бір тетігі ретінде қойылғаны белгілі. Жылдамдықты есептеп, уақыт аралығын бақылайтын бейнебақылау жүйелері талай жүргізушіні тежеп, апаттың алдын алуға сеп болуы тиіс.
Орташа жылдамдықты өлшеу жүйесі енгізілген учаскелерде апат 8%-ға, жарақаттану 29%-ға азайғаны дәлелденгенімен, бұл жеткіліксіз көрсеткіш.
Алайда адамнан айла аспайды демекші, бұл жүйені де алдағысы келетіндер табылды. Бір дүниені есте сақтаған дұрыс: жылдамдықты шамадан тыс асырған жүргізуші тек өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін қатерге тігеді. Камерадан жасырынғанымен, ажалдан қашу мүмкін емес.
Көшеде жылдамдықты шамадан тыс арттырған жүргізушіге салынатын айыппұл 10 айлық есептік көрсеткіштен басталып, тәртіп бұзушылық қайталанса 40 АЕК-ке дейін барады. Ал жаяу жүргіншіге жол бермегендер де қалтасынан қағылады, ал егер екі рет қайталанатын болса жүргізуші куәлігінен айырылуыңыз да мүмкін. Мас күйінде көлік жүргізгендер үшін жауапкершілік тіпті ауыр – жеті жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылу бар. Ал белдік тақпағаны үшін немесе телефонды қолданғаны үшін салынатын айыппұл көлемі аздау көрінгенімен, жолдағы салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.
Қазақ қоғамында бір қызық құбылыс бар: айыппұлдың көптігіне ренжиміз, бірақ ыңғайы келсе, қазақбайшылыққа салынып, ережені айналып өтуге дайын тұрамыз.
Дегенмен көп жүргізуші айыппұлды «қазынаға құйылған артық шығын» деп қабылдайды да, өз әрекетін заң тұрғысынан таразылауға құлықсыз. Жол тәртібін сақтаудың орнына «қазақпыз ғой, бауырым», «ағама қоңырау шалып жіберейін» дейтіндердің саны әлі азаймады. Осы ессіз бейқамдықтың салдарынан антикөрсеткіштің төмен демей тұр. Қағазға түскен айыппұл – құр сан емес, әр жүргізушінің жауапсыздығына қойылған мөр. Өкініштісі, жіберген қателікті мойындаудың орнына, айла іздеп әлек болатындар азаймай тұр.
Таксистердің таусылмас тәуекелі
Жол үстіндегі жасырын қауіптің бірі – такси жүргізушілерінің жауапсыздығы. Қала ішінде де, қалааралық жолдарда да күн-түн демей жолаушы тасып, шаршап-шалдығып рөлге отыратындар аз емес. Шаршаған адам – жартылай соқыр, жартылай керең. Мұндай күйдегі жүргізуші секундтық қателіктен қашып құтыла алмайды.
Кейбірі ұйқыны қашыру үшін энергетик сусын ішеді. Дәрігерлер мұндай сусындар адамды уақытша сергіткенімен, жүйке жүйесін әлсіретіп, жүрекке салмақ түсіретінін айтады. Энергетикке сүйенген жүргізуші өзін сергек сезінгенімен, кейіннен орны толмас өкінішке алып келмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Бір сәтте-ақ көзіңіз жұмылып, көлікті басқара алмауыңыз мүмкін.
«Сақтықта қорлық жоқ»
Жол үстінде жайлылық жоқ. Ол жерде металл мен темірдің арпалысы жүріп жатыр. Бір қателік мың қайғы әкелетінін ұмытпау қажет. «Сақтықта қорлық жоқ» деген халық даналығы дәл осы жерде айрықша мәнге ие.
Сыр бойында да, тұтас елде де жол үстінде қыршын кеткендердің қарасы күн санап артып келеді. Статистика – суық. Бірақ оның артында қаншама тағдыр, қаншама көз жас, қаншама өксік барын сезіну – біздің азаматтық парызымыз.
Бас прокуратура да, Ішкі істер министрлігі де азаматтарды жол ережесін қатаң сақтауға шақырып отыр. Қызылорда облысында жол апаттарының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарының жұмысы күшейтілді. ЖКО оқиғаларының көбеюіне байланысты тәртіп сақшылары өңір көлемінде бірқатар профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.
«Қауіпсіз жол», «Мотоцикл», «Автобус», «Құқықтық тәртіп», «Абайлаңыз, балалар» және «Жолда қабылдау» акцияларының түпкі мақсаты – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің заң талаптарын қатаң сақтауын қамтамасыз ету. Әсіресе «Жолда қабылдау» барысында тұрғындарға құқықтық кеңес беріліп, заң нормалары түсіндіріледі. Ал қоғамдық көліктерге, мотоцикл мен скутерге арналған арнайы рейдтер көліктің техникалық жарамдылығын бақылауға бағытталған. Бұл бастамалардың барлығының түйіні бір – жолдағы қасіретті азайтып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Жол мәдениеті тек жүргізушінің қолында емес. Жаяу жүргіншінің де, жолаушының да міндеті бар. Қызыл шамға қарамай жолға жүгірген жаяу – өзін ғана емес, өзгелерді де қатерге тігеді. Ал қауіпсіздік белдігін тақпайтын жолаушы – ажалды өз қолымен шақырғанмен тең. Жолдағы оқыс әрбір әрекет өмір мен өлімнің таразысына қойылады.
Жол апаты – жай ғана қасірет емес. Ол – көз жасы сорғалаған ана, жоқтау айтқан бауырың, қасірет шеккен шаңырақ. Сол үшін әр жүргізуші бір ғана қағиданы ұмытпауы тиіс: жол үстінде салғырттыққа жол жоқ. Сапар мәңгілікке аттанумен емес, сақтықта сәтті аяқталуы тиіс.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!