Қызылорда облысында 2023 жылы жастар арасында 616 қылмыс тіркелген. Оған 699 жас пен жасөспірім қатысқан екен. Олардың ішінде 23 мектеп оқушысы, 47 студент, 68 әртүрлі мекемеде жұмыс істейтін жастар бар. Қалған 561-і немесе 80,2 пайызы – жұмыссыз, еш жерде оқымайтындар. Сандар осылай сайрап тұр. Байқасаңыз, жұмыссыздар қылмыс пен бұзақылыққа бейім келеді. Ел дамуын тежейтін түйткілдің бірі осы – жастардың жұмыссыздығы.
Мемлекет тарапынан жастарды жұмыспен қамтуға арналған бірнеше бағдарлама бар. Алайда жыл өткен сайын NEET жастар саны көбеймесе, азаяр емес. Себебі неде? Жастар құлықсыз ба, әлде мемлекеттік бағдарламалар қауқарсыз ба? Күрмеуі күрделі көп сұраққа жауап іздеп көрдік…
Өткен жылы Қазақстанда Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға жеткен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, республика экономикасының әртүрлі салаларында 9 млн адам жұмыспен қамтылған. Олардың 6,9 миллионы жалдамалы қызметкер болса, 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ал жұмыссыз адамдардың саны – 453,5 мың. 15 пен 34 жастағылар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 4,1 пайыз.
Жұмыс істемейтін және біліммен немесе кәсіптік оқумен айналыспайтын NEET жастарының үлесі – 7,9 пайыз (422 мың адам). Бұл сандар елімізде жұмыссыз жастардың саны өскенін тағы да бір дәлелдеп отыр. Бұған Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен жастар санатының 35 жасқа дейін ұзаруы да әсер етеді. Норма бекітілгеннен кейін еліміздегі жастар саны 6,2 миллионға жетті. Демек NEET санатындағы жастар саны азаймай, керісінше көбейіп келеді.
Инфантилизм иірімі
Тоқтар Болысов «Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры. Ол жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтуда Үкімет олардың қабілетіне ғана емес, сонымен қатар психологиялық жағдайына да назар аудару керек екенін жеткізді.
– NEET санатындағы жастар әлемнің өзге елдерінде де бар. Кейбір мемлекеттерде оның көрсеткіші 10-15 пайызға дейін жетеді. Үкімет бұл бағытта көптеген жұмыс атқарып жатыр. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жастарға түрлі мүмкіндік ұсынылуда. Өкінішке қарай, NEET санатындағы кей жастардың жұмыс істеуге ынтасы жоқ. Бұған психологиялық тұрғыдан қарау керек. Неліктен олар ондай деңгейге жетті? Сол үшін биліктегілер жұмыс орындарын ашу сияқты бір бағытта ғана жұмыс атқармай, жастар үшін психологиялық тұрғыда да шаралар қабылдау керек деп ойлаймын, – дейді Т.Болысов.
Расымен, осы уақытқа дейін жұмыссыздық мәселесінің түбіне бойламай, тек әлеуметтік фактор ретінде қарастырып келдік. Салдарынан бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, NEET санатындағы жастар саны азайған жоқ. Ендеше отызға келген жастың орда бұзбауының себебін психолог мамандар да жиі айтып жүр.
– Бүгінде жастар жұмыстың нәтижесін ұзақ уақыт күткісі келмейді. Тезірек байып кетуді, тезірек табысты болуды ойлайды. Сондықтан да бизнес ашады. Ал үлкендер коммунизмнің «болашақта бәрі керемет болады» деген идеясымен өскен. Бүгінгі жастардың ойлау жүйесі бөлек. Олар 90 мың теңге айлыққа қарап отырғысы келмейді. Мұндай проблеманың туындауына жастардың өзін-өзі таба алмауы себеп болып отыр. Олар өз әлеуетін ашып, қоғамнан орындарын таба алмай келеді. Қазір жасы 30-дан асса да өзін әлі ерке бала сезінетін, есеймейтін адамдар бар. Олар өмір бойы өздерін таппаса, осы позициядан шыға алмайды. Қыздарға шоколад пен тәтті сыйлайтыннан ары табысқа жетпейді. Алға мақсат пен жоспар қоюды білмейді. Көпшілігі ата-анасының қолына қарап отыруды қалыпты жағдай санайды. Ал екінші топтағы жастар өз-өзіне жұмыс істегісі келеді, – дейді Л.Қойшиева.
Ғылымда «Инфантилизм синдромы» деген ұғым бар. Яғни, жауапкершіліктен қашатын, импульсивті әрекет ететін, сәтсіздікке ұшыраған жағдайда басқаларды кінәлайтын адамдарға осы белгі тән. Бұл синдромға ұшыраған тұлғаның психикасы мен мінез-құлқында балалық шаққа тән қасиеттер сақталады. Мұндай жетілмеген мінез-құлық көбіне адамның қарым-қатынас орнатуына, қоғамда қалыптасуына және мансап сатысымен жоғары көтерілуіне кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, қазіргі жаһандану заманында бұл синдром жастардың басым бөлігінде бар. Олар жұмыс істеуден, жауапкершілік арқалаудан қашады.
– Қазір мектепте оқушыларға қаржылық сауаттылық туралы оқытпайды. Осындай пән міндетті түрде керек. Себебі әр бала мектеп кезінен бастап тұлға ретінде қалыптасуы қажет. Үлкен өмірге дайын болуы керек, – дейді психолог.
Бағыт пен бағдар: «Жастар тәжірибесі»
Еліміз жастарды жұмыспен қамтуда түрлі механизмді қолданып келеді. Бұл ретте Еңбек министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары жетерлік. Десе де, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші төмендеп жатқан жоқ. Себебі жастардың басым бөлігі ондағы жалақыны азсынады. Мысалы, қолына дипломын жаңадан алған жас маман жұмыссыз жүрсе, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының игілігін көре алады. Жоғары оқу орнын енді тәмамдаған жас үшін бұл – «қызмет өтілін» сұрайтын жұмыс берушілердің қыңырлығынан құтылудың бір жолы. Жас маман жергілікті жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, алғашқы жұмыс орнына аттанады. Осында бір жыл бойы мамандығының қыр-сырымен жақынырақ танысып, тәжірибе жинайды. Онысы еңбек кітапшасына жазылады. Жас маман басшылыққа бар қарым-қабілетін көрсетуге тырысады. Алайда көп жағдайда сол басшылар жыл бойы тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылған жастарды өз командасына алуға құлықсыз.
– Бірде осындай тәжірибеден өткен жастардың арасында сауалнама өткіздік. Оған қатысушылардың дені жұмыс процесіне араласпағанын, мекемелердегі «шауып кел, барып кел» жұмыстарды істегенін айтады. Тағы бір бөлігі мүлдем бейтаныс салаға түскендерін көрсетті. Мысалы, аспаздың оқуын бітірген түлекті архитектура бөліміне тәжірибеден өтуге жіберген. Демек, бұл бағдарламаның жүзеге асуына жауапты адамдар өз жұмысына салғырт қарап, жол картасы бойынша жастарды мамандыққа сай бөлу ісін құтылу үшін ғана жүргізген, – дейді «Адалдық алаңы» кеңсесінің жетекшісі А.Жазықбаев.
Өткен жылдан бастап «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының мерзімі 6 айдан 12 айға дейін ұзарған. Соған сәйкес төленетін еңбекақы да 107 мың теңгеге өскен. Алайда қазіргідей қымбатшылықта бұл айлық жастардың жыртығын жамауға да жетпесі анық. Өйткені елімізде орташа жалақы 340 636 теңгені құрайды.
– Жастар қазір «Жастар практикасы» бағдарламасына барғысы келмейді. Өйткені мемлекет тарапынан аз орын берілген. Былтыр осы бағдарлама бойынша жастармен жұмыс істедік. Бірақ биыл қымбатшылыққа байланысты жастарға бағдарламаның төлейтін айлығы тиімсіз. Сондықтан «Жастар практикасына» студенттерді тарту керек. Себебі диплом алған жас маман өзіне нақты жұмыс іздейді. Мемлекет әлеуметтік институт ретінде халықтың, оның ішінде жастардың өзекті мәселелерін шешуге көңіл бөлгені жөн. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалардың көп болғаны дұрыс деп білемін. Әйтсе де, қоғам бір орында тұрмайды. Ұдайы өзгеріске ұшырайды. Демек, қосымша зерттеу, мониторингтер арқылы әлгі бағдарламалардың да тиімділігін бағамдап отыру керек, – дейді әлеуметтанушы А.Хамит.
Маманның айтуынша, «Жастар практикасының» мысалында бағдарлама әкімшісі тарапынан осы жобаға қатысып, кейін жұмыссыз қалған жастардың аудиториясына кешенді зерттеу жүргізілу қажет. Сол арқылы бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады. Жыл сайын 27 мыңнан астам адам мемлекет жалақысын өтейтін жастар тәжірибесіне қатысады. Статистикаға сәйкес, осы мерзім ішінде жастардың 50 пайызы сол орынға тұрақты жұмысқа орналасса, қалған 50 пайызы жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Себебі басшылық жастарды жұмысқа алмау үшін мекемеде бос жұмыс орнының жоғын сылтау етеді. Екіншіден, «Жастар тәжірибесімен» келген жастарға айлықты жұмыспен қамту орталықтары төлейді. Демек, айлық төлеп, шығын шығармай, жас маманды тәжірибеге баулитын мекеменің есебі түгел. Тіпті, оның кейбірі 12 айдан кейін қайтадан «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен кадр тартуға құштар.
Ал экономист Мақсат Халықтың айтуынша, 2000-жылдары туу көрсеткіші көбейді. Қазіргі жұмыссыз жастардың санының артуының негізгі факторы осында.
– Өткен жылдан бастап колледжге түскен талапкерлердің қолында жұмыс берушілерден жолдама болмаса, мемлекет тапсырыс бермейтін болды. Егер осындай механизмді жоғары білім саласында да қолдансақ, жұмыссыз жастар болмас еді. Біз жұмыссыздықтың санымен ғана күресеміз. Оның қайдан шыққанына назар аудармаймыз. Мысалы, «Жастар тәжірибесі» арқылы түлектерге уақытша жұмыс тауып берерміз. Бірақ сол жас тауып берген мекемеде тұрақтап қалды ма? Ешкім зерттеп жатқан жоқ. Мемлекет студентті 4 жыл оқытады, сосын тағы жұмыс ісегені үшін ақша төлейді. Сондықтан бұл жоба тиімсіз, – дейді білім сарапшысы Қ.Қозыбайұлы.
– Сол уақыттарда шамамен жыл сайын 300-400 мың бала дүниеге келген. Қазір еңбек нарығына жыл сайын осыншама жас қосылып жатыр. Ал Үкіметтің бағдарламаларында бұл жағдай қарастырылмаған. Жол картасы, жұмыспен қамту бағдарламаларында осыншама жұмыс орнын ашатын мүмкіндік жоқ. Сондықтан жұмыссыз жастардың мәселесін шешу үшін үкімет факторларды ескеріп, бағдарламаларды қайта қарауы керек. Бұл мәселе шешімін таппаса, 2-3 жылда тағы миллион жас жұмыссыз жүреді. Бұл мәселеге мемлекет тарапынан жүйелі түрде көңіл бөлінуі керек, – дейді М.Халық.
Иә, таяқтың екі ұшы бар. Ендеше жұмыссыз жастардың санының артуына тек бір тарап кінәлі емес. Жұмыс істеуге құлықсыз жас та, жұмыспен қамтуға қауқарсыз бағдарламалар да мәселенің салдарына айналып отыр.
«Жастарға жұмыс» жобасы
«Жастар рухы» жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білімге деген ұмтылыс, адал еңбек пен отансүйгіштік» деп жастар үшін маңызды үш басымдықты атап өткен болатын. Бұл осы мәселенің қараңғы түбіне жағылған шамшырақ болды.
Еңбекке деген басымдықты іске асыру мақсатында «AMANAT» партиясы 2023 жылдың қаңтар айынан бастап «Жастарға жұмыс» жобасын қолға алған еді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп іске қосылған жоба жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған.
Жобаның басты мақсаты – жастар арасында жұмыссыздықты азайта отырып, олардың тұрақты жұмысқа тұруына мүмкіндік жасау. Соның арқасында жастар маман ретінде біліктілігін арттырып, кәсібилігін шыңдай түседі. Жоба аясында жақында «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалы мен «Инвестмент-Н» және «Ордакент» ЖШС арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойылды.
«Ордакент» ЖШС директоры Нағима Бермаханова бухгалтерия саласында 13 жылдық өтілі бар үздік маман, Д.Казанцев серіктесі. Жас бухгалтерлер мен кәсіпкерлерге жалпыға бірдей декларация және салық тақырыбында консультативтік көмек көрсете алады. «Инвестмент-Н» ЖШС директоры Нұржан Оңалбаев әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы білімі мен тәжірибесін бөлісу мақсатында жас кәсіпкерлерге тәлімгерлік қызмет көрсетеді. Сонымен қатар алдағы уақытта мамандық бойынша студенттерді өндірістік практикадан өтуге және тұрақты жұмыспен қамту бойынша жоспарлы түрде жұмыс жасайды.
– Бұл қадам жастар арасында кәсіби маман ретінде өзін тауып қана қоймай, кәсібін ашып, табыс табуына мүмкіндік туғызады. Біз осымен тоқтап қалмаймыз. Жоспар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып, облыстағы жұмыс беруші мекемелермен кәсіпорындарды тарту көзделген. Меморандум бойынша кәсіпорындар бос жұмыс орны болған уақытта хабар береді. Біз өз тарапымыздан жұмыс іздеген жастарға ақпарат таратып, жұмысқа тұруға ықпал жасаймыз, – деді «Жастар Рухы» ЖҚ облыстық филиал төрағасы Ә.Баймұрза.
Айта кетейік, үстіміздегі жылы «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 16 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы, 5 жас маусымдық негіздегі жұмыспен қамтылған болатын.
Иә, бұл теңізге түскен тамшыдай ғана үлес болғанымен қозғалыс бар. Ендігі кезекте бос уақытын қыруар қаржыға айналдырғысы келетіндер, екі қолға бір күрек тауып, ақшаны күреп табатын мезетке жетсе деп тілек білдіреміз.
Айдар САЙЛАУОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!