Отандық киноларда басты рөлде сомдап жүрген Дариға Бадықова алғаш рет қаламақысын жасырмай айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Асхат Садырбай арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Актрисаның бағын жағып, жолын ашқан рөлі – “Келінжан” телехикаясындағы Айсара образы.
“Продюсерлердің ішіндегі ең мәрт адам – Гүлнұр Мамасарипова. Ешқашан еңбегімізді жеген емес. Керісінше артығымен беріп жібереді. “Келінжан” жобасы мен үшін өте берекелі жұмыс болды. Ауылға барып түсірілім алаңында тоғыз күндей болдым. Сол кезде 6 миллион гонарар алдым. Актерлардың арасында бір аптаға мынадай сумма деп бекітілген баға бар. Бірақ мен алты миллионды тоғыз күнге алдым. “Келінжан” толықметражды фильмі де жақсы гонарар берді”, – деп табысын жасырмады.
Асхат Садырбай “Жанар Айжановадан көп алады екенсіз. Оның бір күні – 1 миллион теңге екен”, – деп әзілдеді.
“Жанар апамыз өнердегі – аға буын өкілі. Ол кісінің табысы біздікінен де жоғары болуы керек. Жолы да үлкен, өнері де биік. Жанар апамен үзеңгілес актрисалар көп гонарар алып жатса, біз секілділерге стимул болатын еді. Апамыздың өнеріне тәнтімін. Қазақ өнерін асқақтатып жүрген жанның бірі”, – деді актриса.
Сонымен қатар актриса табысты кинолардан да гонарардан бөлек сыйақы алатынын жасырмады.
“Кино жарыққа шыққаннан кейін, жақсы табыс түссе бізге де үлесін беретіндер бар. Мысалы, Қайрат Әділгерейдің “Хотя бы в кино” фильмі 1 миллиардтан астам қаражат жинады. Гонарардан бөлек сатылымнан түскен ақшадан сыйақы алғанымыз бар. Бірақ Нұрлан Қоянбаевтың ”Қазақша бизнесінің” ешқайсысынан сыйақы алмадық. Ол нөмер бірінші рекордтық касса жинаған жоба болса да, бізге сыйақы бермеді. Оған реніш те жоқ”, – деп ақталды актриса.
Еске салсақ, Дариға Бадықова еркектерді жұмсайтын әйелдерді сынағанын жазған болатынбыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!