SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Абай Бегейдің қызы заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастыруын доғармай жүр. Гүлеркем Ниязқұлова былтыр ғана лотереямен айналысқаны үшін салықшыларға бір миллионнан аса айыппұл төлеген. Бұл туралы КТК телеарнасының жаңалықтар қызметі жеткізді.
Бірақ ол сабақ болмапты. Күні кеше әлеуметтік желіде тағы бір ұтыс ойынының жеңімпазын анықтап, жүлдегерге 15 миллион теңгені табыстады.
15 миллион теңге тараздық көпбалалы анаға бұйырған. Қуанышын жасыра алмаған әйел «ойын шынайы болды, бәрің ойнаңдар» деп, басқаларды да үгіттеп әлек. Ал құзырлы органның ескертуін елемей келген әншінің қызы кейін видеоны желіден өшіріп үлгерген. Десе де Гүлеркем Ниязқұлованың желіде негізгі парақшасынан бөлек, тек ұтыс ойындарына арналған тағы бір парақшасы бар. Оған қатысу үшін 100 теңгеден 1000 теңгеге дейін билет алу керек.
Желіде ұтыс ойынын ұйымдастырғандар қатарында блогер Сабина Мовлаева да бар. Жақында ғана жеке кәсібін ашқан олар тауарын сатып алған жанды 30 миллион тұратын үйдің ұтысына қатысады деп жазыпты. Бұл блогер де салықшылардың жіті назарында. Құзырлы органдар былтыр осылай мыңдаған адамды заңсыз лотереяға тартқан 101 адамды жауапқа тартқан. Бірақ оңай олжаға кенелгісі келетін әнші, әртіс, блогерлерге бұл тосқауыл болмайтын сияқты. Өйткені жыл басынан бері тағы осындай 23 адам жауапқа тартылды.
Осындай ойындар өткізіліп жатқаны жөнінде нақты мәлімет ұсынылған жағдайда біз тиісті түрде ден қоямыз, шара қабылдаймыз, тиісті түрде әкімшілік жауапқа тартамыз. ҚР ҚК 445-бабының 7-бөлігімен жауапкершілікке тартамыз. Бұл бапта тәркілеу мәселесі қаралған. Жеке тұлға болған жағдайда 200 АЕК қарастырылған. Ал шағын кәсіпкерлік субъектісі болса, 750 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, – дейді Туризм және спорт министрлігінің ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитетінің бас сарапшысы Асылбек Мұстафаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!