Әлеуметтік желіде әнші Ерболат Құдайбергеннің наркологиялық орталықтың жанында түсірілген видеосы тарады. Әртістің менеджері оның Ерболат Құдайберген екенін жоққа шығарса, полиция әншінің медициналық мекемеге жатқызылғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кадрлардан ер адамды полицейлер ұстап жатқаны байқалады. Ал екінші видеода ер адам ағаштар арасынан зат іздеп жүр, сондай-ақ боғауыз сөздер айтады. Жазба авторлары бұл видеодағы адамды Ерболат Құдайбергенов деп көрсеткен.
Оның менеджері Айдана Ахметбек желіде тараған видео мен ондағы ақпаратты жоққа шығарып, жалған ақпарат таратқандарға шара қолданамыз деп ескерткен еді.
Ал Алматы қалалық полиция департаменті әншіге көршілерінің шағым түсіргенін айтты.
“Полицияға көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің тұрғындарынан олардың көршісі агрессивті мінез көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзып жатқаны туралы арыз түсті. Учаскелік инспектор дереу оқиға орнына барды. Ақпарат расталды: ер адам өзін ерсі ұстап, агрессия танытып, айналасындағылардың тыныштығын бұзған”, – деп хабарлады полиция.
Одан кейін ер адам медициналық тексеруге жіберілді. Сараптама оның психоактивті заттардың әсерінен осындай күйге түскенін көрсетті.
“Медициналық көрсеткіштерді ескере отырып және қайталануы мүмкін құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін ол 15 тәулікке мамандардың бақылауымен арнайы медициналық мекемеге орналастырылды”, – делінген полиция жауабында.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері ұсталған азаматты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда:
- Азаматтардың тыныштығын бұзу;
- Психоактивті заттарды қолданып, қоғамдық орында жүру;
- Тіркеусіз тұру;
- Қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу.
Полиция департаменті ер адамның бұған дейін де қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғанын қосты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
