Әйелін соққыға жыққан қазақстандық әртіс Рахат Тұрлыхановқа қатысты сот шешімі өзгертілді. Алматы сотында оның ісі бойынша сот отырысы жабық режимде өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Осы материалды қарау барысында, сот алқасы тағайындалған жаза бойынша, бұрын жұбайына бірнеше рет қол көтеру дерегі болуына байланысты бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспеді. Алматы соты алқасының шешімі бойынша, Алматы Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шешімі өзгертілді», – делінген сот хабарламасында.
Сот алқасының қаулысымен Тұрлыхановқа қатысты жазалау шарасы ескертуден баптың санкциясы шегінде 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға өзгертілді. Қаулы заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс сотта қаралып жатқаны хабарланған болатын. 3 қаңтарда Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс қарауға қабылданған. Артынша әнші кінәсін мойындап, әкімшілік ескерту түрінде әкімшілік жазаға тартылған болатын.
Кейіннен Рахат Тұрлыханов пен жұбайы Алтынай кейінгі жағдайға қатысты пікір білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық әнші – мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың туысы Рахат Тұрлыханов әйелін соққыға жыққаны үшін тағы да сот алдында жауап беретіні туралы жазған едік.
Депутаттың інісі Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып-соққаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық бойынша сотқа шақырылған. Алайда әйелі оны кешіргендіктен, әртіс жазадан құтылып кеткен.
9 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарағанын хабарлады.
10 қаңтар күні әйеліне қол көтерді деп айыпталған Рахат Тұрлыханов жұбайымен бірге бейнеүндеу жасаған еді.
Сондай-ақ бұған дейін Рахат Тұрлыхановтың туысы Болат Тұрлыхановтың ұлының үстінен адвокаттардың шағымынан кейін қылмыстық іс қозғалған еді. Тұрлыхановтың 20 жастағы төртінші ұлы Нұрасыл Болат сот шешімімен кінәлі деп танылып, оған 1 миллион 700 мың теңге айыппұл салынған.
Кейін Тұрлыхановтың тергеудегі ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткені белгілі болған. Осыдан кейін ол басшылық бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!