Отандық жұлдызды жұп Райымбек Бақтыгерев (ред. – Райм) пен Ерке Есмахан Америка сотының алдында жауап беруі мүмкін. Бұған олардың концерт ұйымдастырушы Талғат Абдырахмановты қомақты қаражатынан айырып, шетелдік тыңдармандарын сан соқтырып кеткені себеп болып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

АҚШ-та әртүрлі жұлдыздардың концертін ұйымдастырумен айналысатын Талғат Абдрахманов өзін шығынға ұшыратқанымен қоймай, абыройына нұқсан келтірген ерлі-зайыптыға қарсы сотқа шағым түсіруге дайындалып жатыр. Оның айтуынша, әншілер АҚШ-та концерт өткіземіз деп екі рет уәде беріп, үшінші ретте мүлде бас тартқан. Жұлдызды жұп әртүрлі сылтау айтып, ұйымдастырушының әбден жүйкесін жұқартып, қытығына тиіп біткен. Талғат Абдырахманов «2024 жылдың наурызынан – 2025 жылдың қаңтарына дейін олардың еркелігін көтеріп, қыруар қаражатты желге ұшырдым» дейді.

Абдрахмановтың айтуынша, 2024 жылы наурыз айында әнші Райм өзі хабарласып, жазда өтетін NBA ойындары кезінде АҚШ-та концерттік тур өткізуді ұсынған.

«Бұл жолы әйелі Ерке Есмаханмен бірге барамын деді. Раймды жақсы адам деп ойладым, сондықтан қуана келістім, бірақ жазға басқа әншінің кеші жоспарланып қойған соң, күзге қалдырайық деп ұсындым. Райм ендеше қыркүйек болсын деді. Сонымен олар қыркүйек айына дейін бүкіл құжаттарын дайындап, Америкаға келуі керек болған», -дейді ұйымдастырушы.

Алайда Раймның командасы құжат дайындауға асықпаған. Уақыт тақалғанда тек Раймға виза шыққан. Ерке үлгірмей қалған.

«Мен онда тұрған ештеңе жоғын айттым. Концертті бір айға шегерсек, Ерке Есмаханның да визасы дайын болады. Бірақ Райм Қазақстандағы жоспарланған кештеріне байланысты қазанда босай алмайтынын айтып, концертті ақпан айына көшіруді ұсынды. Солай келістік», -деді Талғат Абдырахманов.

Ұйымдастырушы АҚШ-тың төрт қаласында концерт ұйымдастыру үшін үлкен дайындық жасап, сатылымға билет шығарған. Концерт күні жақындаған сайын жұлдызды жұп Талғаттың хабарламаларына жауап бермей, үнсіз қалған. Тек концертке бір ай қалғанда «келе алмаймыз» деп хат жіберген. Ұйымдастырушыға елеулі себеп айтпаған.

Бұл кезде әншілер Еуропа қалаларын аралап кеткен еді. Олар қаңтар-ақпан айларында шетелде демалды.

Қаңтардың соңғы аптасында, концертке санаулы күн қалғанда Райм мен Ерке ойларын өзгертіп, АҚШ-қа ұшатындарын айтқан. Талғат екінші рет билет алып, қонақүй броньдаған.

«Концертке бір апта қалған еді. Аяқ асты олардың жоспары өзгеріп, Қазақстанға қайтып, маған хабарласты. «Билет пен қонақ үйді алып бер, барамыз» деді. Бұл жолы шын келеді деп ойладым, арқамнан жүк түскендей болды. Мен оларға екінші рет билет алдым, екінші рет қонақүй жалдадым. Бұл да аз ақша емес, өзіңіз білесіз», – дейді спикер.

Алайда концертке бір күн қалғанда олар тағы да келмейміз деп хабарлаған.

«Мен оларға «егер концертті өткізбейтін болсаңыздар екі жақ бірдей қол қойған келісімшарт бойынша ұйымдастырушыға келтірген бүкіл шығынды төлейсіздер» дедім. Өйткені қолдарында билеті, визасы болды, қонақүй жалданып тұр, бәрін беріп отырмыз, біздің тараптан еш қателік жоқ. Мен бір жылдың ішінде, яғни 2024 жылдың наурызынан 2025 жылдың қаңтар айына дейін жобаға қаншама қаражат салдым. Инвесторлар таптым. Олардың қаражаты күйіп кетті. Бүкіл жоспардың күл талқаны шықты. Олар маған ештеңе төлемейтіндерін айтты. «Білгенің қыл, бізге бәрібір» деп тұтқаны тастай салды», – дейді ұйымдастырушы.

 Талғаттың сөзінше, Райм мен Ерке кейін әлеуметтік желіде тыңдармандарынан кешірім сұрап, бүкіл кінәні ұйымдастырушыға артқан.

«Ерке Есмахан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бәріне ұйымдастырушы кінәлі деп, бүкіл жауапкершілікті біреуге артып, өзі судан таза адамдай отырды. Оның бәрі жалған. Менің қолымда дәледер бар, құжаттар, хабарламалар, виза құжаттары бар. Мен оның бұл қылыған қатты таңырқадым. Менің ойымша, Ерке ұшқысы келмеді. Сол себепті күйеуін де, бізді де екі ортада қалдырды, сүйтіп бізді де «лақтырып» кетті», – деді Талғат Абдырахманов.

Арада екі ай өтсе де, отандық әншілер ұйымдастырушыға ақшасын қайтармаған. Сол күйі үн-түнсіз отыр.

«Ештеңе өзгермеді. Ештеңе төлеген жоқ, төлеуге асырғар да емес. Сондықтан америкалық заңгерлермен кеңесіп, сотқа талап қоюға дайындалып жатырмыз. Қанша шығынға батқанымыз туралы мәлімет бере алмаймын, өйткені келісімшартта солай келіскенбіз», – деді Талғат Абдырахманов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!