Қаржы мониторингі агенттігі заңсыз ойын бизнесін тоқтату бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Агенттік мәліметінше, жыл басынан бері 34 блогердің онлайн ойындарды жарнамалауға қатысы бар екені анықталған. Олардың ішінде: Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы сияқты блогерлер бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, 11 блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 23 контент жасаушыға қатысты материалдар мәдениет министрлігіне шара қабылдау үшін жолданған.

«Көбі заңды бір рет емес, жүйелі түрде бұзады», – делінген хабарламада.

Мәселен, хип-хоп орындаушы Baller (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері бес рет жауапқа тартылған.

600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн казино жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған.

«Сонымен қатар блогер Niko_nett пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарда. Соңғысы өзінің Telegram-дағы арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келеді. Сол сияқты Наиль Тұрғанов онлайн казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған», – дейді агенттік өкілдері.

Ал Нұрғазы Тоқтаров (Nakonay Qarapaiym) әлеуметтік желілерінде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында агрессивті науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн теңге алып, оның жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған.

Қажы мониторингі агнеттігі бұл істе қыздар да белсенді екенін атап өтеді.

«Мәселен, Мариям Құлжабаева (@oomariko) интернет казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін 350 мың теңгеге бағалаған. Ал оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр», – делінген хабарламада.

Оған қоса, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлердің аты белгілі.

«Осылайша, онлайн казино жарнамасы ойынға тәуелділікке бастайтын негізгі арна екенін біле тұра, аталған блогерлер өз істерін жалғастырып жатыр. Олар адамдардың тағдырына немқұрайлы қарап, отбасылардың күйреуіне себеп болуда. Миллиондаған табысқа кенелген блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекетін қайта жалғастырып жүр. Осыған байланысты Агенттік мұндай әрекеттерді Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-тармағы (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi) аясында заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастыруға ниетті», – деп мәлімдеді Қаржы мониторингі агенттігі өкілдері.

Агенттік жарнама түріндегі контент таратумен айналысатын әрбір тұлға заңды қатаң сақтауға тиіс екенін ескертеді.

Ведомсто мәліметінше, кейінгі екі жарым жылда 205 жасырын казино жабылып, олардың жұмысына қатысы бар 224 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ел ішінде заңсыз гемблинг фактілері толық дерлік жойылған.

Алайда қазір негізгі қауіп шетелде тіркелген онлайн казинолардан туындап отыр. Олар еліміздің азаматтарын құмар ойынға тартып, оларды лудомания құрбанына айналдыруда. Қазақстан аумағында олардың қызметіне «Ойын бизнесі туралы» заңға сәйкес толықтай тыйым салынған.

«Осыған орай жыл басынан бері 34 шетелдік онлайн платформаның негізінен «айнасы» болып саналатын 17 мыңнан астам сілтеме бұғатталды. Ерекше алаңдататыны – қазақстандық төлем ұйымдарының қолдауы, олар депозиттерді толықтыру мен қаражатты шешуді (кэшаут) қамтамасыз етіп отыр. Мұндай қаржылық «делдалдардың» бірқатары анықталды. Агенттік жақын уақытта олардың қызметіне құқықтық баға береді», – делінген ресми хабарламада.

Айта кетері, агенттік өкілдерінің жазуынша, онлайн казинолардың қызметі көбіне есірткі саудасынан мен қаржылық алаяқтықтан түскен қылмыстық табысқа негізделеді.

Қаржы мониторингі агенттігі күдікті ұсыныстар түскен жағдайда дереу «АФМ Insider» телеграм ботына (https://t.me/BAIQApiramidaBOT) хабарлауды кеңес береді. Анонимділікке кепілдік беріледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!