Фото: Instagram/ farizatoreali
Астана маңындағы ауылда мешіт салып жатқан блогер Фариза Төреәлінің басы дауға қалды. Бұл туралы кәсіпкердің өзі Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Фариза Төреәлінің айтуынша, бұл іске дәл сол ауылдың тұрғындары кедергі келтірген. Олар блогерді «алаяққа» теңеп, мешіт құрылысының заңдылығына күмән келтірген.
«Біз Дархан екеуміз арнайы мешіт саламыз деп ақша жинадық. Осы мақсатқа жету үшін өте көп еңбек етіп жүрміз. Бұдан бізге бір тиын түспейді. Сіздер айтқандай, зауытқа немесе қалта көтеретін іске ақша салуға болады. Бірақ біздің басты ниетіміз осы болатын.
«Алланың үйі» деген киелі, оған бір сөз де тимеуі керек. Ал соған себепкер жандарға осылай айтса, мен білмеймін», – деді Фариза Төреәлі.
Кәсіпкер жастарға қолдау көрсетер аға буынның әрекетіне қайран қалғанын жасырмады.
«Үлкендер осындай жастарды қолдамай жатса, басқа адамдардан не сұрау керек, не ақыл күту керек? Ауылдың кей адамдары Дарханға хабарласып, «сендер кімсіңдер мешіт салып жатқан» дегеннен бастады. Шошып, Бурабайдан ауылға атып шықтық.
«Өтірікші, алаяқ екенбіз, «ради хайпа» екен жасап жатқанымыз. Басқалар не айтса айтсын, бірақ мешіт салынып жатқан ауыл адамдарынан естігеніміз қатты жүрекке батты. Тегін жасап бергелі жатыр едік қой, тиісу себебін түсіне алмадық», – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!