Танымал әнші Мейрамбек Бесбаев әйгілі шебер Эммануил Романенконың домбырасын сыйға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оған қасиетті домбыраны белгілі композитор Секен Тұрысбеков табыстады.

“Иә, күйдің құдіреті сөзге сыймайды. Сол құдіретті тудыратын адамның да деңгей-дәрежесін сөзбен жеткізу оңай болмаса керек. Содан болар Секен көкеме жыр арнаған Есағам осылай деген екен. Мен не дей алам… Ес білгелі осы жасқа дейінгі арман еткен киелі аспапты қолыма ұстата салғандағы жай-күйімді сөзбен жеткізе алмаспын. Секен ағамның алғаусыз ақ ниетінің арқасында әйгілі Романенконың төл туындысы енді менде де бар. Қазақтың маңдайалды шеберлері жасаған домбыраларымның қатарына әйгілі шебердің домбырасы қосылды”, – деп жазды әнші.

Өнер иесінің сөзінше, кезінде осы аспапқа қолы да қаржысы да жетпеген көрінеді. 

“Кезінде осындай домбыраға өзім құрметтейтін бір «абыз ағам» бес үйір жылқы сұрап меселімді қайтарған еді. Лайықты-ақ бағасына іздеп таба алмай келе жатқаныма қанша жылдар болды десеңізші?! Міне, енді Секен көкем батасын қосып беріп, ақ домбыраны сыйлай салды. Мені домбыраның қадір-қасиетін біледі деп сенгеніңіз үшін, осы аспапты ұстауға лайық деп білгеніңіз үшін өзіңізге тағы да басымды идім, Ақ көке. Көңілімді толқытып, жаз-жайлаудағы ақ жауындай тағы бір шексіз сезім-қуанышқа бөлегеніңіз үшін мың алғыс. Бізді өнердегі сіздердің салмақты да салихалы жолдарыңыздан Құдай айныта көрмесін. Бәріне мың тәубе!» – деп жазды эстрада жұлдызы. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!