Танымал әнші Ерке Есмахан шығарған бұйымының сапасыз екенін мойындап, халықтан кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі отандық өнімнің сапасыз өндірілетінін жеткізді. 

“Ерке Сотуар» менің идеям! Менің жүрегімнен шыққан туынды. Сіздерге менің ақ тілегім, оған күмән болмасын. Бірақ сапасы жағы көңілімді түсірді. Өзім шокта болдым. Кей сотуарлар өңін өзгертіп жатыр екен. Неше күннен бері командамен мұның себебін зерттеп жатырмыз. Шебер бұл жерде екі себебі бар дейді: біріншісі, 100% қолдан шыққан бұйым болғандықтан, кейбіреулерінде ақау бар деп мойындап тұр. Екіншісі, күміске алтын жалатылғандықтан, тағушының денсаулығында ақау болса, бұйым өңін өзгертеді дейді. Күміс – емдік металл. Мұны да естен шығармайық”, – деп әшекейдің қарайып кетуінің себебін түсіндірді әнші.

Одан кейін өнер иесі ақауы бар әшекейдің мәселесін шешіп, сатып алушылардың ақшасын қайтарып беретінін айтты. 

“Осының бәрін дұрыстап қадағаламаған менің және командамның кінәсі. Қазақ шеберлері барлық бұйымды мінсіз жасап беретініне сендім. Бірақ “made in Kazakhstan”, емес пе?! Енді қайтемін?! Біздің елде ондай болады. Кемшілік іздеп, оны тауып, қуанып жариялап жатқандарға ештеңе айта алмаймын. Жақсы атқа да, жаман атқа да қалатын өзім-ай, өзім. Енді айтарым, қыздарым! Егер сотуар қарайып, өзгеріп жатса, командаға хабарласыңыздар, проблеманы шешіп береді. Еш уайымдамаңыздар. Мені таба алмай қалмайсыздар, алдарыңызда жүрмін. Қазақстанға қайтып келемін. Сондықтан бірнеше ақау сотуар үшін еңбегімізді, сіздерге деген тілегімізді жоққа шығармаңыздар», – деді Ерке Есмахан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!