Алматыда өткен әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің концертіне 27 мыңнан астам көрермен қатысты. Олардың ішінде 35 елден келген 7 мың шетелдік қонақ болды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Қала әкімдігінің мәліметінше, шарадан түсетін салық көлемі шамамен 600 млн теңгені құрайды. Ал шетелдік туристер Алматыда орта есеппен үш жарым күн аялдап, тәулігіне шамамен 440 долларын қонақүйге, тамаққа, көлікке, экскурсия мен саудаға жұмсаған. Нәтижесінде концерт күні шетелдік қонақтар қаланың экономикасына 5 млрдтеңгеден астам кіріс әкелді.
«Концерт өткен күні стадион аумағындағы фуд-корт 15 миллион теңге табыс тапқан. Туризм басқармасының болжамына сәйкес, көрермендердің шығыны мен жанама кірістерді қоса есептегенде, концерттен қалаға түскен табыс айналымы 10 млрд теңгеден асады. Мұндай мәдени іс-шаралар қала қазынасына қомақты кіріс әкеліп қана қоймай, Алматының туристік тартымдылығын арттырып, оны әлемдік гастроль картасындағы маңызды орталық ретінде нығайтады», – деп хабарлады әкімдіктен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!