Халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында марқұм Заманбек Нұрқаділовпен алғаш танысқан сәті туралы айтты, – деп жазды Aikyn.kz.
Әншінің айтуынша, саясаткермен 1989 жылы «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсетіп, жатақханада тұрып жүрген кезде жүздескен. Әнші баспана алу туралы өтінішпен барған.
«Ол кісінің мысы басым еді. Жеткенше аяғым дірілдеп кетті. Тесіліп қарап отырды. Қағазға жазып алған өтінішімді әрең айтып шықтым. Тоғыз жыл жатақханада тұрып жатырмын, бірінші кезекте тұрмын. Бірақ бізде «Гүлдерде» жүрген қыздарды күйеуге шықса болды, кезектен шығарып тастайды. Соны айттым. Ол кісі бәрін тыңдап отырды да: «Бара бер! 20 күннен кейін кел» деді. Шок болып қалдым. Бір жарым айға гастрольге кетіп бара жатыр едім. «Сіз маған «иә» не «жоқ» деп айтыңызшы. Бересіз бе, бермейсіз бе?» деп сұрап тұрмын. Ол кісі орнынан атып тұрып «Бар, саған түсіндіреді» деді. Сол сәтте өзім де шошып кеттім. «Енді алдыңызға келмеймін» деп жатақханаға барып, өкіріп жыладым», – дейді әнші.
Мақпал Жүнісова жарты жылдан кейін Заманбек Нұрқаділовпен қайта кездескенін айтады. Гастрольдік сапармен Мароккоға баратын кезде ол делегацияны бастап барған. Саясаткер кейін әншіге бұл сапарға әдейі барғанын айтқан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!