Белгілі әзілкеш әрі шоумен Жаһан Отарғалиев жарының тосын сыйына толқып, қуанышын жасыра алмады. Ол Instagram-дағы парақшасында ерекше сәтті бөлісіп, алған әсерін жазбада жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бейнежазбадан Жаханның жұбайы қобалжып тұрғаны, ал әзілкештің не боларын білмей, жайбарақат отырғаны байқалады.

«Әрдайым мені сен қуантатынсың, енді кезек – менікі», – дейді ол күйеуіне қарап.

Сөйтсе, жары оған кіші қажылық – Ұмраға жолдама табыстапты. Күтпеген тарту Ж. Отарғалиевтің жүрегін тебірентіп, ол толқыныстан көз жасына ерік берген.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл сыйды мағыналы деп бағалап, түрлі пікір қалдырды. Арасында «Аяғы ауыр шығар деп ойладық», «Екі жолақ күткендер де бар», «Бөпенің шұлығы шығып қалар деп үміттендік» деп әзіл-шыны аралас жазғандар болды. «Алла бәрімізге осындай сүйінші сәт нәсіп етсін» деген тілектер де көптеп айтылды.

Өз жазбасында Жахан Отарғалиев: «Мұндай сыйлықты күтпеген едім. Аллаға шүкір!» – деп жарына алғыс айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!