SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, халық арасында кеңінен танымал «Келінжан» телехикаясының алтыншы маусымында басты кейіпкер – «Қылышбек» бейнесінің неге көрінбей қалғаны белгілі болды.

Жобаның бас продюсері Гүлнұр Мамасарипова бұл жайлы журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты.

Алтыншы маусымды түсіру алдында көп ойландым. Шынын айтсам, бесінші маусымнан кейін «осымен тоқтатайық» деген ой болған. Өйткені адами тұрғыдан жалғастыру қиындап кетті. Актерлердің гонорары әр маусым сайын 10 есе өсіп отырды, бірақ «Келінжанның» бюджеті бірінші маусымнан бері өзгерген жоқ. Халықтың сұрауы бойынша ғана жалғастырдық, — деді продюсер.

Сондай-ақ ол көрерменнің сүйікті кейіпкеріне айналған Қылышбектің рөлін сомдаған актер Рүстем Жаныамановтың жаңа маусымға қатыспау себебін де жасырмады.

Жаңа маусым басталмас бұрын оған хабарластым. «Қатысамын, кейін сөйлесеміз» деді. Бірақ одан кейін ешқандай жауап болмады. Бір-екі рет жеке жаздым, бірақ оқыса да жауап қайтарған жоқ. Әрине, оған жалынбаймын. Бірнеше жобасы қатар келген сияқты. Әркімнің өз таңдауы бар, мен оны құрметтеймін, — деді Мамасарипова.

Айта кетейік, «Келінжан» комедия жанрындағы қазақстандық сериал. Алғашқы маусымынан бастап көрерменнің ықыласына бөленіп, басты кейіпкерлері ел арасында ерекше танымалдылыққа ие болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!