Танымал әнші Айгүл Иманбаева келінімен қарым-қатынасын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі келінін тәрбиелемейтінін “КешREC” бағдарламасында жасырмады.
«Көзімнің ағы мен қарасы – Асылжанымның жары, таңдауы. Семейдің қызы. Абайтанушы, өте мәдениетті, әдебиеттің адамы Алмахан Мұхаметқалиқызының қызы. Қазақ тегін айтпайды ғой «анасына қарап, қызын ал» деп. Өзім секілді аңқылдаған келінім бар. Ашық. Мен келінім табалдырықты аттаған кезде бір-ақ нәрсе айттым: «Аяқ астынан ғұлама болып, ақылды болып, тәрбиелеп ақыл айтпаймын. Тәрбие деген 13 жасқа дейін ғана жұғады. Одан кейін адамды тәрбиелеу мүмкін емес. Әркім өз отбасындағы тәрбиені алып келеді. Осы жасқа дейінгі көрген тәрбиеңмен өмір сүресің, көрсетерсің, жасарсың. Мен саған бір-ақ нәрсе айтамын: дамуыңды, білім алуыңды тоқтатпа. Өзің дамы. Мен баламның да потенциалын білемін ғой. Әбден сыртта өскен, шетелде оқыған. Сондықтан дамып отырсаң, бір деңгейде жүресіңдер. Бір-ақ нәрсе сұраймын. Қарт анам бар. Ол кісінің денсаулығы да күтімді талап етеді. Сол кісінің батасын ала берші. Басқа менде тілек жоқ” дедім. Мен рахат енемін ғой. Жеке шекарасына кірмеймін, ақыл айтып, миыңды шұқып, түртпектеу атымен жоқ. Айтқанымды істеп жатыр. Мен сондай енемін», – деді ол.
Айта кетейік, өнер иесі өзінің қандай келін екенін айтқан еді.
“Алматыдан енем келіп, өзімнің келіндік міндетімді атқарып жатырмын. Құдайдың құдіретіне шек жоқ қой. Мамам 1968 жылы Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан ашылған «Айгүл» вокалды-аспапты ансамблінің құрамында әнші болған Ақжан Жайсанбаева. Қазір жасы 76-да. Мен өмірге келген жылдары ансамбльдің дүркіреп жатқан кезі екен. Содан менің мамамның құрбысы менің атымды сол ансамбльдің құрметіне Айгүл деп қойған екен”, – деп жазды әнші.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!