Фото: instagram.com/sadvakasovamadina/
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Мадина Сәдуақасова өнеріндегі жаңалықтарды айтып, сахналық образдарының сырын ашты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жарқын жүздесу” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша, сахна жаңашылдықты талап ететін көрінеді.
“Әлеуметтік желі шыққалы адамдар түрлі қызметті меңгеріп кетті. Өзіме қызық болғанымен, басқаларға күлкілі болуы мүмкін. Сондықтан арнайы мамандардың көмегіне жүгіндім. Жаңашылдықтан қорықпаймын. Командама кіл жастарды жинап жатырмын. Музыкалық продюсерім, директорым, әкімшім, SMM мамандарынан төрт-бес адам бар, видеограф, тик-токер, копирайтер, маркетолог, заңгер, есепші, стилист бар. Заманның талабы сондай боп тұр. Осы уақытқа дейін кез келген нәрсені беталды сала берген екенмін. Бас-аяғы 12 адам менің сахнаға жарқырап шығуыма қызмет етеді”, – дейді әнші.
Сондай-ақ эстрада жұлдызы ашық образымен жиі сынның астына қалатынын жасырмайды. Айтуынша, сахналық киімдеріне қоятын талабы жоғары екен. Көйлекке ақшасы жетпегенде астындағы көлігін де сатқан көрінеді.
“Сахнаға әдемі көйлекпен жарқырап шыққанға не жетсін?! Тіпті көйлекке ақшам жетпей көлігімді де сатып жібергенмін. 2005 жыл болуы керек, ұмытпасам. Дубайда демалып жүр едім. Сауда үйінен көйлек көрдім. Тура сол сәтте әлгі көйлекті ала салатын ақшам болмай елге қайттым. Бірақ көйлек көз алдымдан кетпей қойды. Тіпті ұйықтап жатып түсімде көремін. Сол кезде «Мерседес» маркалы көлік мініп жүргем және оны бір жігіт «сатыңызшы» деп сұрайтын. Соған звондап, «аласың ба, алсаң ақшаңды әкеп бер» дедім. Ақшаны алып, Дубайдағы таныс қыздарға жіберіп, әлгі көйлекті алдырдым”, – дейді өнер иесі.
Еске салайық, әнші жақында Таиланд елінен демалып қайтқанын жазған едік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!