Фото: xenia_sobchak инстаграм парақшасынан

Әйелін аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысына қатысқан ресейлік журналист Ксения Собчак Қазақстандағы іс-сапарынан алған әсерлері және қазақстандық әйелдер туралы пікірін бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Собчак өз парақшасында қазақстандық әйелдерге тән ерекшелігі – прогрессивтілік, яғни дамуға ұмытылысы деп атап өтті, деп жазады Stan.kz.

“Мен Қазақстанға жиі барамын және бұл елді жақсы көремін. Мұнда достарым көп, кейде іс-шаралар мен тойларды осында жүргіземін. Біртүрлі құбылысты бірінші рет байқап отырған жоқпын. Бір жағынан, қазақ әйелдерінің басым бөлігі өте озық, олар еңбекқор, өр мінезді, тәуелсіз, бәріне өзі қол жеткізгісі келеді, эмансипацияға, тәуелсіздікке, теңдікке ұмтылады. Оның үстіне салауатты феминизм, әйелдік қолдау, әпкелік, құрбылық қолдау мен түсінісу бар. Мен ондай әйелдерді жеке танимын, кейбірімен доспын, оларды қатты құрметтеймін”, – деді ресейлік журналист.

Ксения Собчак қазақстандық қоғамдағы “ұят” ұғымын сынға алып, осы арқылы әйелдерді қысымда ұстайтынын айтты.

“Бірақ елде «ұят» деген ұғым бар және ол қоғамдық айыптауда байқалады. Және әйел консервативті нормалардан аса бастаса, оны осы арқылы ұялтады. Қысқа белдемшемен шықтың ба? Ұят. Бірнеше жігіт көзін салды ма? Ұят. Күйеуің ұрса да, ажырастың ба? Ұят. Әрине, бұл моральдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге қосымша қысым жасайды”, – деп жазды ол.

Сөзінше, “ұят” мәдениетін қорғаушылар Қазақстандағы ұрпақты осылайша тәрбиелеп, әдептілікті ұстанып, “қателерден сақтағысы келгенімен, бұл дәстүрде архаизм байқалады.  

Ол Салтанаттың оқиғасы осы түсініктердің өзгертіп жатқанын түсіндірді.

“Бұрын халықтың консервативті бөлігі әйелдерге “үндеме”, “шыда”, “үйдегі ұрысты сыртқа шығарма” деп айтатын. Енді қазақ бойжеткендер бірігіп, тирандарға қарсы шықты да, арнайы заңның қабылдануына да қол жеткізді. Қазір Қазақстанда Салтанат ісі аясында өте қызық оқиғалар болып жатыр. Бәлкім, біз тыныш революцияның бір түрін көріп жатқан шығармыз. Азаматтық қоғамның жеңісі”, – деді журналист.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!