Фото: https://www.instagram.com/aidyn_nury/

Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева оқырмандарын ауызбіршілікке шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желіде отырып, бір-біріне ауыр сөз айтатын адамдар көбейген. 

“Әлеуметтік желі адамдарды ашындырып жіберген сияқты… Не болса соған тіисетін болыппыз… Неге қысқа киеді, неге ұзын киеді, неге әйелімен жүреді, неге шешесімен жүреді, неге арықтамайды, неге семірмейді… Қай парақшаны ашсаң да қырылып жатқан жұрт… Біреудің өмірінде не шаруамыз бар десеңізші… Инстаграм адамның бақытын ұрлайтын соғыс алаңына айналып бара жатқан сияқты… Ал мен сіздерді қуантқым келеді… Сіздің ең керемет адам екеніңізді айтқым келеді.. Қиындықтың уақытша екенін, өтірік әлемге алданбай барыңызды бағалаңыз дегім келеді”, – деп жазды айтыскер ақын.

Айта кетейік, өнер иесі ұрысқан кезде де жақсы сөз айту керегін еске салған еді. 

“Біз көбіне сөзге мән бермей жатамыз. Әсіресе, ашулансақ, балаларға ұрыссақ, артық кетіп қаламыз. «Өстіп жүріп бір бәлеге ұрынасың, суық тиіп өлесің, оқудан шығарып жібереді, адам болмайсың, енеңнен таяқ жейсің, басыңды асырай алмайсың» деген сияқты артық сөздерді айтып жібереміз. Исламда «жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме» деген xадис бар. Ендеше жақсы ойлап, тек жақсы сөз айтып үйренейік. Сонда бәрі де жақсы болады”, – деп кеңес берген еді айтыстың аққуы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!