Танымал әнші Қайрат Нұртастың әйелі, белгілі актриса Жұлдыз Әбдікәрімова баспанасына қатысты қуанышты жаңалығын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол өз сөзінде осы қиындық өзіне үлкен қиындық тудырғанын айтып, өмірлік сабақ болғанын жеткізді.

«Жақсы жаңалық. Ең алдымен алғыстан бастағым келеді. Өздеріңізге белгілі сот мәселесі бойынша іс жүріп жатты. Жария етіп жазған күннен бастап, маған тілеулес, жанашыр, кеңесші, жол сілтеуші болған әр жанға алғыс. Бұл жаңалықтың жақсы жері сол, мен үшін бәрі де аяқталды. Балаларыма, өзіме тиесілі дүние қайырымен қайтты.

Әу бастан бұл жағдайды сынағым деп қабылдағаным рас. Ешкім, ешқашан үйрете алмайтын өмірлік сабақ болды. Айналамда жаным-күнім деп, айналып-толғанып жүрген жандар бір-ақ күнде зым-зия болғанын көрдім. «Не көмек» деп көз үшін суық қана смс жолдағандар да болды. Керісінше үнсіз ғана қасымда болып, қолынан келгенін жасап, көмектесуге тырысқан жандарды да көрдім. Бастысы айналамдағы адамдар сүзгіден өтті», – деп жазды актриса.

Ол сөзін жалғай отырып, көмек көрсеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне алғыс білдірді.

«Мемлекеттік құзырлы органдарының табалдырығын тоздырғаным да рас. Заң саласында біраз білімім артты десем артық болмас. Енді адвокатсыз қол қоймайтын темірдей тәртіп енді.

ҚР Бас прокуратурасның Азаматтарды қабылдау бөлімінің басшысы Сәкен Сержанұлына, Астана қалалық прокуратурасының Бақылау бөлімінің басшысы Тұрысбеков Нұржан Дүйсенбайұлына, адвокат Бектеміров Жанарбек Әубәкірұлына алғыс білдіремін.

Енді бұл тақырыпқа қайта оралғым келмейді», – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!