Фото: видеодан алынған кадр
Америкалық танымал әнші, рэпер Snoop Dogg-пен бірге коллаборация жасап, АҚШ-та сахнаға шыққан Kesh You тобының киімі көпшілікке ұнамай қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Топтың продюсері Баян Мақсатқызының айтуынша, әншілердің сахналық образын еліміздегі танымал дизайнер Аида Кауменова дайындаған.
Маған мына жерде көп адам қазақы ою-өрнек үшін ұрсып жатыр. Жарайды, онда жамбаспен көрпеге отырып, оюды аяқпен басуды қойыңыздар! Ою бейнеленген кілемді төсемеңіздер! Орынсыз жерде әулие бола қалғанды доғарыңыздаршы! Біз мұны әлемді мәдениетімізбен таныстыру үшін жасадық және бұл іс қолымыздан келді. Сіздер орынсыз сынап, хейт жазып бізді алға жетелейсіздер! Одан басқа қолдарыңнан түк келмейді, – деп ашуланды Баян Мақсатқызы.
Бұл пікір оқырмандарды жұбата қоймаған сыңайлы, олар дизайнерді талғамсыз деп сөкті.
“Киім жақсы тігіліпті, тек ашық-шашық жері көп екен”, “Бетімен кеткен Баянға еріп, сандарын жалтыратып шықты”, “Snoop Dogg-қа көкелерін көргендей қайта-қайта жабысты ғой”, “Костюмнің шетіндегі шашақ ұнаған жоқ”, “Дүниежүзіне мына образбен масқара болдық”, “Ою-өрнекті қор қылды” – деп жазды желі қолданушылары.
Сондай-ақ топ әншілерінің киім үлгісін қолдағандар да табылды. Олардың арасында тележүргізуші Динара Сәтжан да бар. Ол кореялық к-поп жанрының шетелде танымал болуы ел экономикасына оң әсерін тигізіп жатқанын айтып, құрбысының бұл әрекетін де «еліміздің мәдениетін насихаттау» деп түсіндірді.
Ал басқа бір оқырман «біздікілер жатып алып, сынап жатқанда, басқа елдер өз туын әш киім ғып киіп жүр» деген ой қалдырды.
Ненің дұрыс, ненің бұрыс екені түсініксіз құндылықтар ауысқан заманда отандық шоу-бизнестің де ала-құла кейпі халық наразылығына тудыруы орынды-ақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!