Танымал кинопродюсер, сценарист Гүлнұр Мамасарипова су жаңа кино туындысына қатысты Stan.kz тілшісіне аз-кем ойын бөлісті.

Күні кеше продюсердің «Кәрі қыз» атты фильмі көрерменге жол тартты. Жоба авторы идеяның қалай келгенін баяндап берді. 

                   “Жұмсартып жеткізіп, тігісін жаза беруден шаршадық”

“Мен біраздан бері осы тақырыпты қозғағым келіп жүрген. Фильмнің атауы құлаққа түрпідей естілетінін білемін. Бірақ неге біз бәрінің тігісін жазып, жұмсарта береміз?! “Кәрі қыз” деген атау қазақта бар. Қазыбек Құрайыштың әнін сұрап алдым. Сол әнмен аттас етіп, “Бақытыңды табарсың” деп те қоюға болатын еді. Бірақ соңында “Кәрі қыз” атауына тоқталдық. Шынымды айтсам, атауын өзгертуді ойлаған да жоқпын. Ұсыныстар болды, бірақ соңында өзімнің айтқанымды істедім. Мен де үш қыздың анасымын. Менің жобаларымның дені – әйелдер мәселесі. Одан кейін өзімнің қашанда әйелдер жағында екенімді киноларым арқылы білдіремін. Тұрмыс құрмай жүріп қалған қыздарға қоғамның қысым жасайтыны рас. Не үшін тұрмыс құрмай жүргенін ешкім білмейді. Олардың жан-дүниесіне үңілмейді. Осы фильм арқылы қоғамды өзгертемін, санасын түзетемін деген ой жоқ. Бірақ сәл де болса әсер еткім келеді”, – деді продюсер. 

                                          “Дариғадан жалықтық”

Туындының анонсын жариялағаннан-ақ актерлік құрам қызу талқыға түсті. Көпшілік “Қылышбек пен Айсарадан” жалыққанын жарыса жазды. Фильм авторы не себепті бұрынғы актерлерді жаңа фильмге шақырғанын түсіндірді. 

“Менің жеке парақшамның астына да қырғын пікір жазып, “ұрсып” тастапты. “Дариғадан жалықтық” деген пікір есімде қалыпты. Естеріңізде болса, Толқын Нұрбекова “Келінжанда” тұрмыс құрмаған мектеп директорының рөлін сомдайды. Өте керемет алып шықты. Рүстем екеуі мықты ансамбль болды. Сол кезде-ақ Толқынды тағы бір рет жобаға шақыруды ойладым. Осы жолы да рөлін керемет сомдады. Дариғаға келетін болсақ, осы Есентай молл-да бір рет жолығып қалдым. Сол кезде “Мен фильм түсіремін, сені де шақырамын” деп айтып қалдым. Ол да табан астында “шақырсаңыз, түсіп беремін” деп келісе кетті. Олай тез келіседі деп ойлаған жоқпын. Халық та Бадықоваға тиісіп жатыр екен. Фильмнің соңғы жақтарында ғана көрінеді. Секундтарда ғана деп айтуға болады. Одан кейін көпшілік тұрақты түсетін актерлар болғасын аз гонорар төлейді деп ойлайды екен. Керісінше, менің актерларым нарықтағы ең көп сұрайтын өнер адамдары. Басқаға арзан түссе де, маған өз бағаларын айтады. Мен келісемін. Біздің арамызда  ешқандай да “ағайыншылдық” жоқ. Осы күнге дейін сұрағандарын беріп, ешкімнің ақысын жеген жоқпын”, – деді кинопродюсер-сценарист. 

                                        “Қыздарым әлі кішкентай көрінеді”

Сондай-ақ, кино саласының маманы ортаншы қызы, әнші Сара Амангелдінің тұрмысқа шығуына да қатысты пікір білдірді. 

“Сараға ана ретінде ақыл айтып отырамын. Бірақ “тұрмысқа шық, отырып қалдық” деп айтпаймын. Ол үлкен қыз. Өзінің өміріне жауапкершілік алған ересек адам. Бірақ “жеке өміріңде қандай да бір өзгеріс болса, ертерек айтып, алдын-ала ескерт” деймін. Тіпті шаруаң болмай кеткен де дұрыс емес. Жанына тимейтіндей жеткізу керек. Менің ойымша, біздің менталды қоғамда әр қыз отбасын құруға мүдделі. Олар өзіне жар болатын, сенімді серік болатын адам жолықпағасын жүріп қалады. Кез келген қыз тұрмысқа шығуға дайын. Бірақ іштей көңілдерінен шықпағасын, уақыт созып алады. Жұрт мені осы фильм арқылы қыздарына үндеу жасағысы келді деп ойлайды екен. Ол қате түсінік. Кино түсіріп немесе сценарийін жазып отырғанда қыздарымды ойлаған емеспін. Өйткені менің қыздарым өзіме кішкентай сияқты көрінеді. Мысалы, олардың жасында мен үш қыздың анасы едім. 18 жасымда тұрмыс құрдым. Жұмыс пен отбасын қатар алып жүрдім. Өзім мына жаста тұрмысқа шығу керек деп дөп басып айта алмаймын. Әр қыз маңдайына жазған тағдырынан көреді”, – деді кино саласының маманы. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!