Қалыңдық Адина Мұқашева үйлену тойына жалғыз өзі қатысты. Оқиға Омск қаласында орын алған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қалыңдық тойға күйеу жігіттің не үшін қатыспағанын түсіндірді.

“2022 жылы үйлену тойымызды жоспарладық. Басқа жас жұбайлар секілді мұсылмандық неке мен заңды неке, қыз ұзату, үйлену тойы болады дедік. Бірақ елдегі жағдайға байланысты бәрі тоқтатылды”, – деп бастады әңгімесін қалыңдық.

Айтуынша, той басталар алдында күйеу жігіттің денсаулығы сыр берген.

“Болашақ күйеуім той басталатын кезде ішінің ауырып тұрғанын айтты. Біз жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер оның диагнозы соқырішек екенін айтып, дереу ота жасауға дайындады. Бірақ ол бейнеқоңырау арқылы қатысты. Үйлену тойымызды 4 ай бұрын жоспарлағандықтан өзгерте алмадық. Одан кейін 150 қонақ шақырғасын барлығына той болмайды деп хабарлау мүмкін емес еді. Өзімнің алыстан туған-туыстарым келді. Тойхана мен тойды жүргізетін әзілкешке ақысын төлеп қойдық. Оның бәрі шығын болғандықтан, өзім қатысуға тура келді. Сол кездегі менің көңіл-күйімді айтып жеткізу мүмкін емес еді. Бірақ екі жақтағы туысқандардың қолдауы маған күш берді. Жалпы болашақ күйеуім көпшілік алдына шыққанды ұната бермейді. Екеуміз тойды жүргізетін әзілкешпен жолыққанда, ол: “Сол күні мен түк істемей тек отырайыншы болмаса жатайыншы. Маған елдің алдына шыққан ұнамайды” деп әзілдеп еді, айтқаны орындалды. Бірақ ол да ауруханада жатып, күйзелгені анық”, –дейді Адина.

Желі қолданушылары қыздың батылдығына таңдай қағып жатыр. “Қалыңдық, жарайсың!”, “Бақытты болыңыздар!”, “Онлайн қатысқан күйеу жігітке де рақмет”, “Жыл тойы болды” деп жарыса жазып жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!