SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, сенатор Геннадий Шиповских әлеуметтік желіде заңсыз онлайн-казино мен жалған ұтыс ойындарын жарнамалайтын блогерлерге қатысты жазаны күшейтуді ұсынды. Оның пікірінше, қазіргі айыппұлдар тиісті әсер бермей отыр, ал блогерлер заңсыз әрекеттен табыс табуды жалғастыруда.

Сенатордың айтуынша, биылдың өзінде 34 блогер онлайн-казиноны жарнамалағаны үшін анықталған. Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған, қалған 23 іс Мәдениет министрлігіне жіберілген. Бірақ айыппұлдар блогерлерді тоқтатпайды, себебі заңсыз жарнамадан түскен пайда салынған айыппұлдан әлдеқайда көп.

«Бұл тек биылдың өзінде ғана тіркелген жағдайлар. Заңсыз жарнама миллиондаған табыс әкеледі, сондықтан қарапайым айыппұл оларды тоқтата алмайды», – деді Шиповских.

Ол соңғы жылдары жалған гивтар мен қаржы пирамидалары көбейгенін, олардың халыққа зиян келтіріп қана қоймай, жастар арасында құмар ойынға тәуелділікті күшейтіп отырғанын атап өтті.

Шиповскихтің ұсыныстары:

  • Казино жарнамасы мен жалған ұтыс ойындары үшін тек айыппұл емес, қылмыстық жауапкершілік енгізу.
  • Әлеуметтік желілердегі ұтыс ойындарының заңдылығын арнайы мониторинг жүйесі арқылы тексеру.
  • Блогерлердің жарнама қызметін реттеу үшін лицензиялау немесе бірыңғай реестр құру.
  • Заңсыз жарнамаға қолдау көрсететін төлем ұйымдары мен жарнама агенттіктерінің қызметін бақылауды күшейту.

Айта кетейік, соңғы 2,5 жылда Қаржылық мониторинг агенттігі 205 жасырын казиноны жапқан, 224 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Бірақ қазір негізгі қауіп шетелдік онлайн-казинолардан туындап отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!